
Өңдеуші өнеркәсіп әлеуеті агрокешеннің даму деңгейін көрсетеді
Бақтыбай АБАЙ
29 қаңтар, 2014
Елбасының биылғы халыққа Жолдауы қай жұмыс орнында, қай салада болмасын іске соны серпін бере түсті. Оның ішінде ауыл шаруашылығы еңбеккерлері де өткен жылды қорытындылай отырып, жаңа 2014 жылдың табысты болуына күш-жігерлерін жұмылдыруда.
Ауыл шаруашылығын одан әрі өркендетуге Жолдауда зор маңыз берілген. Онда «Болашақ – аграрлық секторда, әсіресе, шағын және орта бизнес түріндегі жаңа өңдеу кәсіпорындары желісін құруда», – деп түйінделуі бүгінгі өскелең уақыт талабынан туындағанын әрқайсымыз сезінеміз де.
Өңделіп, дайын өнім ретінде тұтынушыларға ұсынуға болатын шикізат ауданда аз емес. Мәселен, ет, сүт, ауыл шаруашылығы дақылдары. Жылдан- жылға олардың көлемін арттыру бағыты ұсталуда. Бұл ұмтылыс нәтижесіз емес. Мәселен, ауданда өткен жылы 25691,8 тонна сүт, 5760,9 тонна ет өндірілді. Яғни, арғы жылмен салыстырғанда бұл өнімдер тиісінше 422,1, 107,6 тонна артық. Егіннің, көкөніс, бақша, жеміс- жидектің де түсімі жақсы болды.
Пайдалана білсе бұлар өңдеуші өнеркәсіп үшін үлкен резерв, бағалы шикізат.
Аудандағы іргелі кәсіпорын – Меркі ет комбинаты осы биылдан бастап толығырақ жұмыс істей бастайды деп бұрын айтып келгенбіз. Бұған ұжым қазір әзірлікті тиянақтай түсті. Жақын арада өтетін тендерге қатыспақ. Оны ұтып алған жағдайда комбинат келісім-шартқа отырып, бұқтырылған ет (тушенка), басқа да өнімдерін тұтынушыға көптеп өткеретін болады. Яғни, етті Алматыға шығармай, кәсіпорын өзінде өңдеп, түсер табыс молаймақ. Комбинаттың жұмысы қалыпты, тоқтаусыз жүруі оның сойыс малымен қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты. Бұл ретте «Олжа» шаруа қожалығымен, басқа да әріптес ұжымдармен бір- бірін қолдап, ынтымақтаса еңбек ету игі нәтижесін беруде. Комбинат толық жүріп, малды көптеп союға мүмкіндік бар. «Олжа» қожалығының іргелес орналасқан бордақылау алаңында бүгінде 1300 мүйізді ірі күтімделуде. Жақсы салмақ қосуы үшін жемшөп базасы мықты. Өткен жылдан 100 мың түк пішен дайындалып сақталып қойылды. Құнарлы азық та жеткілікті. Тараздан мақсары сығындысы (жмых), аудан шаруашылықтарынан қажетінше арпа, жүгері жеткізіліп алынды. Оларды тартып, жармалап беретін агрегат бар.
Ет комбинатын толық жүргізуге әзірлік барысында өзіміз онда барып, куә болғандай кезінде Германиядан әкеліп орнатылған, заманауи талаптарға сай бұқтырылған ет, басқа да үлкен сұранысқа ие өнімдер шығарылатын желілер, мұздатқыш камералары, басқа да жабдықтар, электр желілері толық жұмысқа жарамды.
Өткен күзге қарай аудан әкімі Б.Көпбосынов, аудандық әкімдіктің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Бұтабаев комбинатта болғанда (суретте) ұжымның іс- әрекет, ұмтылысына оң бағасын беріп, кәсіпорынды неғұрлым тездетіп толық іске қосуды тапсырған болатын.
Ұжым басшысы Б.Егембердиев уәде еткендей, биыл тиісті жан-жақты дайындықтардан соң комбинат жұмысын барынша қайта жандандырып, жоғары сапалы ет өнімдерін өндіріп, аудан экономикасын өркендетуге сүбелі үлесін қосайын деп отыр.
Аудан өмірінде екінші бір өңдеуші өндіріс орны – май- ірімшік зауытының да орны ерекше. Қоғам жаңарған өтпелі кезеңнің қиын жылдарында да ол жұмысын тоқтатқан жоқ. Жаңа жағдайға бейімделіп, өнімдерін үздіксіз шығарып келеді. Ұжым сан жағына ғана емес, сапаға да баса көңіл бөліп, облыс, республика деңгейінде үлкен марапаттауларға ие болғаны газетімізде жазылып та жүр.
Зауыт өткен жылы барлығы 5320 тонна сүт қабылдап, өнімнің 40 шақты түрін шығарды.
– Қазір қыстың өзінде күніне 7-8 тонна сүт өткізіледі, – дейді кәсіпорын басшысы Д.Айтүленов, – Өнімнің 40 пайыздайын ауданымыздан сырт жерден қабылдаймыз.
Көріп отырғанымыздай зауытты өзімізде өндірілген сүтпен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Яғни, бұл жағдай ауданымыздағы сүт бағытындағы мал шаруашылығының әлеуетін, қаншалықты дамығанын айғақтап тұр. Демек, агроқұрылымдарда, жеке секторда етті малмен қатар, сүтті мол беретін ірі қараны да жеткілікті өсіруге көңіл бөлген мақұл.
Өңдеуші кәсіпорындардың ішінде бюджет қаражатын толықтыруға ең көп үлес қосқан ұжым – «Алкотамақөнеркәсіп» серіктестігі. 2013 жылы оның бір өзі 346 млн. 835 мың 644 теңге салық төледі. Оның құрамындағы консерві зауыты өткен жылы жүріп, қалыптасу кезеңін өткерді десек, биыл жұмысты өрістете түсуі керек. Ол өткен жылғыдай өз ауданымыздың көкөніс – бақша өнімдерімен, жеміс-жидекпен қамтамасыз етілмесе, өндіріс пен шикізат өндірушілерлдің арасындағы іскерлі байланыстың жеткіліксіздігін көрсетеді. Консерві зауытының экологиялық жағынан таза, табиғи өнімдермен толық істеу мүмкіндіктері, өнім өткізушілермен күні бұрын келісім- шарт жасау жан-жақты қарастырылса бұл екі жаққа да, ауданға да тиімді болар еді.
Қант қызылшасы... Ауданда әзірге бағы жанбай тұрған дақылдың шекері тәтті болғанымен сабағы ащы болып келеді. Зауыт диқандарға өкпелі – тәтті түбірді аз өсіреді деп, ал диқандардың «өнімімізді төмен бағамен қабылдайды» деген ренішінің де жөні бар. Қант қызылшасын өсіргенге ғана емес, қабылдайтын зауытқа да субсидия төленсе деген де пікірлер айтылуда. Ал, әзірге кезінде осы дақылмен даңқы шыққан Меркіде қызылша шаруашылығы өнігіп кете алмай тұр. Көппен бірге Үкімет, Ауыл шаруашылығы министрлігі, зауыт тиімді шешімін табар деген үміттеміз.


