
Облыста – алдыңғы орында
Бақтыбай АБАЙ
31 қаңтар, 2014
Аудан әкімі Б.Көпбосынов 5-ақпаннан бастап, аудан тұрғындарымен кездесуде 2013 жылы атқарылған жұмыстар және алдағы тұрған міндеттер туралы есеп береді. Осы маңызды іс-шара алдында өткен жыл несімен есте қалды, өзге аудандармен салыстырғанда жағдайымыз қандай? Осы жөнінде тағы бір айта кетсек дейміз.
Жалпы облыс бойынша өткен жылдың қорытындысы шығарылып, оны қай аудан қандай нәтижемен аяқтағаны белгілі болды. Бұрынғы жылдары ауданымыз негізгі көрсеткіштер бойынша артта қалыңқырап келсе, 2013 жылды ауыл шаруашылығы бойынша облыста – екінші, өнеркәсіп саласы бойынша бірінші орынмен аяқтадық.
Шын мәнінде бұл салалар серпінді дамыды. 2012 жылы ауданда 5,2 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілсе, өткен жылы 13 млрд. 53,6 млн. теңгенің өнімі өндірілді. Яғни, өсім бір жылдың ішінде екі жарым еседен астам ұлғайды. Облыстың бір де – бір ауданында мұндай нәтижеге қол жеткен жоқ.
«Орталық Азия қант бірлестігі» серіктестігінің Меркі бөлімшесінің бір өзі 10 млрд-тан астам теңгенің өнімін – 95600 тонна шекер өндірді.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша ауданда жұмыстар жалғаса беретін болады. Оның ішінде биыл жалпы сомасы 3 млрд. 873 млн. теңгенің инвестициялық жобаларын жүзеге асыру көзделуде.
Ауыл шаруашылығында 2012 жылы 7,6 млрд. теңгенің, 2013 жылы 8,5 млрд. теңгенің өнімдері өндірілді. Жалпы өсім бір млрд. теңгеге жуық. Оның ішінде арғы жылмен салыстырғанда егіншілік бойынша – 700 млн. теңгенің, мал шаруашылығы бойынша 200 млн. теңгенің өнімі артығырақ өндірілді.
Жекелеген шаруашылықтар облыс бойынша жоғары жетістікке жетті. Андас батыр ауылдық округінде «Бахор» шаруа қожалығы, «Сыпатай батыр» ЖШС қант қызылшасының әр гектарынан 600-650 центнерге дейін өнім жинады.
Ауданда астықты көптеп егіп, мол түсім алуға «Меркі» асыл тұқымды зауыты» АҚ диқандары лайықты үлестерін қосуда. Аудан әкімі Б.Көпбосынов осы шаруашылықта орақ кезінде болғанда диқандар «бұл жерде гектар айналымы 10 центнерден-ақ болып тұр» деген-ді. Егінжайдың жайымен жақсы таныс аудан басшысы: – Мен де байқап тұрмын, түсім айтқандарыңыздан әлдеқайда жоғары болады, – деді. Шындығында қорытындылағанда гектар берекесі 16 центнерден айналды. Бақтияр Бейсембайұлы «арық айтып, семіз шыққан» егіншілерге де, шаруашылық көрсеткішін көтере отырып, аудандық орта көрсеткішті жақсартқан акционерлік қоғам президенті Дүйсехан Садыровқа да ризалығын білдірді.
Ауданда басымдыққа ие дақылдарды көптеп өсіруге, түсімін арттыруға, күтіп-баптауда прогрессивті тәсілдерді қолдануға бағыт ұсталуда. Мысалы, биыл «Сыпатай батыр» ЖШС-да 57 га жүгері алқабына тамшылатып суғару технологиясы енгізілмек.
Ауданда ет бағытындағы мүйізді ірі қара малын өсіруде үлкен жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет тарапынан мал шаруашылығын қолдау мақсатында 2012 жылы – 136,4 млн. теңге, ал 2013 жылы – 306,7 млн. теңге субсидия бөлінді.
«Олжа» шаруа қожалығында бір мезгілде 1500-ге дейін мүйізді ірі қара бордақыланса, алдағы уақытта оның санын 3000-ға жеткізу көзделуде.
Ауданда әлеуметтік-экономикалық өмірдің өзге де салаларының орнықты дамуы нәтижесінде бюджеттің кіріс бөлігі де тұрақты түрде өсуде. Жалпы, 2012 жылы 6 млрд.355,5 млн. теңге кіріс кірсе, 2013 жылы оның көлемі 6 млрд. 669,3 млн. теңгеге жетті.


