
Жағдай қалыпты, науқан барысы тұрақты назарда
Бақтыбай АБАЙ
04 ақпан, 2014
«Қыс қыспайды деме», деп халқымыз бекер айтпаған. Өз ретімен өтіп жатқан қыс 22- 23 қаңтарда шын мәнінде мінез танытты. Ауа райы оқыс бұзылып, ұйытқыған жел қарлы боранға ұласты. Әсіресе Құм мал жайылымындағы жағдай әжептеуір алаңдаушылық тудырды. Қардың қалыңдығы 30-40 см-ге жетіп, жол көрінбей жабылып қалды.
Осындай жағдайда аудан әкімдігі, төтенше жағдай құрылымының аудандық бөлімі бас болып жер-жерде шаруашылықтар басшылықтары, ауылдық округтер әкімдіктері малшыларды, елді- мекендерді қиындықта жалғыз қалдырмай, шұғыл шаралар қолданды. Төтенше жағдай үшін жасалған арнайы қордан жанармай бөлініп, Меркідегі әскери бөлімнің, «Жасыл Меркі», «Ерасыл-Жол құрылыс» серіктестіктерінің, ДЭУ- 35-тің техникасы жолдарды тазалап,автокөліктердің жемшөп тасуын қамтамасыз етуге жұмылдырылды. Сөйтіп Тәтті- Сарғобы автожолының маңайында малшылар қыстап жатқан негізгі бөлігі (55-шақырымына дейін), елді мекендер қар құрсауынан босатылды.
Тәтті – Сарғобы автожолынан жан-жаққа қыстау бастарына апаратын жолдарды шаруашылықтардың, шаруа қожалықтарының өздері техника шығарып, қарды сүріп, жол қатынасын ретке келтірді.
– Жалпы бұған дейін мал қыстату науқаны ойдағыдай өтіп, малдың күйі де жақсы болып келген, – деді Құм жайылымынан оралған аудандық әкімдіктің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Бұтабаев, – Тиісті шаралар ұйымдастырылған соң да жағдай үнемі назарда. Шаруашылық басшылары малшыларға дер кезінде жетіп, қажетті көмектерді көрсетуде. «Аспара» өндірістік кооперативінің малшыларында әр қыстауда жеткілікті мал азығы бар екен. «Жылыбұлақ – Меркі» серіктестігі де пішенді көптеп тасып жеткізіп, қорларын молайта түсуде.
Иә, ауа райына сенім жоқ. Жол ашылып қатынас болып тұрғанда әр малшының қыстау басында жемшөп қорын молайтып қоюдың артықтығы жоқ. Қыстың әлі бір айы бар. Қаншалықты созылары да белгісіз.
Жиекқұмнан Арғықұмға дейін бүгінде ауданымыздың 56 мыңнан астам қойы, 5 мыңнан астам мүйізді ірі қарасы, сол сияқты жылқы, түйесі қыстатылуда. «Малшының түздегісі үйдегісіне сай болсын», – дейді. Яғни тудырылған жағдай, адам факторы көп нәрсені шешеді. Әр қыстауда мал азығымен қатар оны бағып күтімдейтіндердің көңілі алаңсыз, ішіп-жем, отын-суы жеткілікті ме, осы жағын да ұмытпай, қамқорлық жасап отыратын кез бұл.
Малшыларымыз үшін алда тағы бір жауапты науқан – мал төлдету жақындап келеді. Оның нәтижелі болуы қыста қысылмай, малды қоңды алып баруға тікелей байланысты. Бұл сала ауыл шаруашылығында табыстың едәуір бөлігін береді. Оның өнімі де жоғары сұранысқа ие.
Мемлекет басшысы «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауында: «Қазақстан ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналуға тиіс» деп көрсетті. Яғни, мал басын арттыру, өнімді мол беретін, бағаланатын асыл түлікті өсіру, аман сақтап, күтімдей білу – өрелі міндеттердің бірі. Асыл тұқымды мал ретінде қайта тіркелген қой отарлары, «Сыбаға» бағдарламасымен сатып алынып, тұқымды малдарымызды көбейтеді деп көп үміт артып отырған мүйізді ірі қара малдары негізінен осы Құм аймағын қыстауда. Демек, алдағы уақытта малды шығынсыз, өз төлі есебінен өсіріп, экологиялық жағынан таза өнімдерді көптеп өндіруіміз үшін әрбір басшы, маман, малшы біріге күш жұмылдырып, қорадағы малдан бастап жалпы жағдайға дейін күнделікті назарда ұстағандары ләзім.


