top of page

Мақсат – кәсіпкерлікті дамыту

Нұрбану ҚАМАЛ

04 ақпан, 2014

Өткен аптада аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов ауданымыздағы кәсіпкерлермен кездесіп, алдағы уақытта жүзеге асыруға болатын жаңа жобалар туралы ой бөлісті.

Аудан әкімдігінде өткен кездесуге барлығы 50 кәсіпкер қатысты. Оның ішінде бірнеше жылдардан бері қызмет көрсету, тағы басқа салаларда нәтижелі жұмыс істеп келе жатқан серіктестік басшылары, сондай-ақ, бизнес әлеміне енді ғана қадам басқан жас кәсіпкерлер де болды. Жиналысты Бақтияр Бейсембайұлы ашып берді. 

«Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында кәсіпкерлікті дамыту, ел экономикасын жақсарту міндетін қойып отыр. Осы міндетті орындау, ауданымыздың экономикалық ахуалын жақсарту мақсатында аудандағы ірі шаруашылық, серіктестік басшыларымен бірлесіп, бірқатар жобаларды қолға алғанымызды білесіздер. Бүгінгі кездесудегі мақсат та – осы. Сіздермен бірлесе қандай шаруаларды атқарсақ болады? Осыған орай ұсыныс-пікірлеріңіз, өтініш- тілектеріңіз болса, айтыңыздар», – деген аудан әкімі алдымен ауданымыздың ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік салаларының жалпы жағдайына тоқталып, өз ұсыныстарын да айтты. 

Меркі ауданы – ауыл шаруашылығы үшін де, кәсіпкерліктің өзге түрлері үшін де қолайлы мекен. Қазіргі таңда кәсіпкерлерге көп көмегін тигізіп отырған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысып, жаңа кәсіп ашуға немесе осы бағдарламаның инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша кәсіпкерлердің өз кәсібін кеңейтулеріне мүмкіндік мол. Осы орайда, аудан әкімі: «Бізде еш тартынбай бастауға, қолға алуға болатын кәсіп көп. Нарық та, сұраныс та – дайын. Өндірсе, дайындаса, сұранысқа қиындықсыз ие болатын өнімнің бірі – бау-бақша өнімдері. Өткен жылы «Алкотамақөнеркәсіп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жалпы жобалық құны 300 млн.теңгеге жаңа жобаны қолға алды. Қазіргі таңда сол зауытта неше түрлі табиғи сусындар – қызанақ, құлпынай т.б. шырындар, тосаптар дайындалуда. Осыған орай бау-бақша өнімдеріне сұраныс та артты. Егер жылыжай салып, осы істі қолға алсақ, зауыт басшылары шикізатты өзімізден алатын болады», – деді. 

Иә, бұл ойды жүзеге асыруға ауданымыздың табиғаты да оңтайлы жағдай тудыра алады. Таудың етегінде орналасқан ауданымыз жылыжай шаруашылығы үшін таптырмас жер. Ақарал ауылында тоқтап тұрған шарап зауыты іске қосылса, жүзімге деген сұраныстың да артатыны белгілі. Сонымен қатар, «Интенсивті бақ» технологиясын ауданның ауыл шаруашылығына енгізсек, ішкі нарықтағы қажеттілікті өтеумен бірге, жемістерді экспортқа шығаруға да болады. Осы мәселелер төңірегінде ой қозғаған Бақтияр Бейсембайұлы «Интенсивті бақта» алма өсірудің бірқатар қыр-сырлары туралы да айтып, аталмыш әдісті меңгеру үшін Түркияға барам деген кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сонымен қатар, аудан әкімі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің ауданымыздың кәсіпкерлік саласы үшін жаңа мүмкіндік екенін айтып, ауданда қолға алуға болатын бизнес түрлері қатарында – жеңіл өнеркәсіптің түрлері – тігін цехын ашу, қағаз өнімдерін өндіру, қызмет көрсету саласы бойынша – химиялық тазалау, техникалық жөндеу, қонақ үй, шағын кинотеатр т.б. атап өтті. 

Ал, туризм саласы – болашағы кемел бизнес. Жалпы, Меркі ауданын туристік мекенге айналдыру – көптен бері қозғалып келе жатқан тақырып. Осы туризм саласына қарай бейімделу, қонақ үй салу, туристік фирмалар ашудың жолдары мен туристерді ауданымызға тарту, тарихи орындарымызды насихаттау сияқты мәселелер төңірегінде аудан әкімі мен кәсіпкерлер ұзақ пікір алмасты. 

Аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов осындай ой-пікірлерін айтқан соң, кәсіпкерлер – Зекен Мырзабаев, Жолдасбек Ордабаев т.б. бұл мәселелерге қатысты ұсыныстарын айтып, ауыл шаруашылығы саласында мамандардың жетіспеушілігі, инфрақұрылымдағы аздаған өзгерістер үшін талап етілетін құжаттардың көптігі сияқты проблемалар туралы да айтты. Ал, жеке кәсіпкер Абдурахман Қурбанахунов туризмді дамыту бойынша айтылған ұсыныс-пікірлердің орынды екенін айтып, қызығушылық танытты.

Please reload

bottom of page