top of page

Кәсіпкерлерге грант – үлкен қолдау

Бақтыбай АБАЙ

26 ақпан, 2014

Мемлекет басшысы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында кәсіпкерлікті одан әрі ілгері бастыруға зор маңыз берді. «… шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы», деп атап көрсетті. Алға қойылған міндеттерге орай біздің ауданымызда да нақты жұмыстар атқарылуда. Өркендеу үрдісімізде кәсіпкерліктің рөлі арта түсті. Кәсіпкерлікпен айналысатын субъектілер саны өткен жылдың өзінде арғы жылға қарағанда 1211-ге, жалпы бұл сала бойынша аудан бюджетіне түскен қаражат 277 млн. 514 мың теңгеге артты. Бұл ретте оларға мемлекеттік қолдау – гранттар берудің шарттарын түсіндірудің маңызы зор. Аудандық әкімдіктің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі басшысы міндетін атқарушы Дос Болатұлы ТАСҚАРАЕВПЕН осы тақырып төңірегінде әңгімелестік.

– Грант – кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау. Ол үш миллион теңгеге дейінгі көлемде беріле алады, – дейді ол, – Оны ісін жаңа бастаған жеке кәсіпкерлердің бірегейлігімен және жаңалығымен ерекшеленетін жаңа бизнес- идеяларды іске асыру үшін өтеусіз, қайтарымсыз негізде алуына болады. 

– Грант қаражаты қайдан, қалай бөлінеді? 

– Гранттар түріндегі қолдау шараларын қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Атап айтқанда, мемлекет бұл қаражатты өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді іріктеу бойынша нысаналы гранттар ұсынуға арналған конкурс қорытындылары бойынша жергілікті атқарушы органдар (үйлестіруші) арқылы ұсынады. Бұл ретте кәсіпкерлердің ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін ұйымдастырылып жүрген «Бизнес-кеңесші» экспресс- курстарында қысқа мерзімді оқудан өтуі конкурсқа қатысу үшін міндетті шарт болып табылады. 

Бизнес жобаны іске асыру шығыстарын ұсынылатын Грант көлемінің 20 пайызынан кем емес мөлшерде кәсіпкердің қоса қаржыландыруы да оның міндетті шарты. Ал, конкурсты өткізу үшін үйлестіруші – жергілікті атқарушы органдар гранттар беруге үміткер шағын кәсіпкерлік субъектілерінің өтінімдерін іріктеу жөнінде конкурстық комиссия құрады және оның құрамын бекітеді. Конкурстық комиссия қызметінің негізгі қағидаттары – кәсіпкерлер үшін тең жағдайлар жасау, сондай- ақ оларға қойылатын талаптардың бірдей болуы, ұсынылатын құжаттардың жан-жақты зерттелуі мен толықтығы, қабылданатын шешімдердің объективтілігі болып табылады. 

– Дос, конкурстық комиссия конкурстық өтінімдерді қараған кезде кәсіпкердің бизнес- жобасын бағалаудың қандай өлшемдері негізінде ұсынымдар береді? 

– Жобаның мынадай артықшылық жағдайы, ерекшелігі жоғары бағаланады дер едім. Олар – бизнес-идеялардың жаңалығы мен бірегейлігі, бизнес-жобалардың бәсекеге қабілеттігі, қолданысқа енгізуге әзірлігі. 

– Нақтылап айтқанда, грант қаражаты қандай мақсаттарға пайдаланылуы тиіс. 

– Тізбелеп атай кетсек, мыналарға пайдаланылуы тиіс: негізгі құралдар мен материалдарды, материалдық емес активтерді, технологияларды, франшиза құқығын сатып алуға, зерттеу жұмыстарына, жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты шығыстарға жұмсалуы керек. 

Бір ескере кетер жәйт – грант қаражатын жылжымайтын мүлікті, жер учаскесін сатып алуға және жалдау ақысы ретінде пайдалануға болмайды. 

– Енді гранттарды ұсыну тетігі туралы айта кетсең. 

– Алдымен кәсіпкер конкурстық комиссияның жұмыс органына конкурсқа қатысуға өтініш береді. Конкурстық комиссияның жұмыс органы кәсіпкерден өтінімді алғаннан кейін ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді. 

Комиссияның жұмыс органы барлық құжаттар мен ақпаратты алған сәттен бастап 10 жұмыс күні ішінде оны конкурстық комиссияның қарауына шығарады. Өткізілген конкурстың нәтижелері бойынша конкурстық комиссияның жұмыс органы 5 жұмыс күні ішінде конкурстық комиссияның хаттамасын аймақтық үйлестіру кеңесінің қарауына жібереді. 

– Грант алу үшін қандай құжаттар керек? 

– Мыналар тапсырылады: – конкурсқа қатысуға өтінім; 

– заңды тұлғаны (жеке кәсіпкерді) мемлекеттік тіркеу жөніндегі куәліктің көшірмесі; 

– салық органында есепке тұрғандығы жөніндегі куәліктің көшірмесі; 

– салықтар, түсімдер, жарналар бойынша бюджетпен есептесу жөнінде анықтама; 

– жалдаған адамдардың орташа саны жөнінде куәландырылған анықтама; 

– бизнес-жоба; 

– кәсіпкерлердің қысқа мерзімді «Бизнес-кеңесші» экспресс- курсында оқудан өткендігін растайтын құжат; 

– заңды тұлғаның Жарғысының (егер бар болса) көшірмесі; 

– қызмет түріне лицензияның көшірмесі (егер қажет болып жатса); 

– кәсіпкердің атынан өтінім беру құқығына сенімхат, сенім көрсетілген адамның төлқұжатының көшірмесі. 

Әлденеге түсінбеушілік, сұрақтар туындаған жағдайда бізге, аудандық әкімдіктің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөліміне қайырылуға болады. Кеңінен түсініктеме беріп, шарттары келсе грант алуға көмектесуге әзірміз.

Please reload

bottom of page