top of page

Бардың пайдасы тиді

Бақтыбай АБАЙ

05 наурыз, 2014

Теңгенің бағамы кеміп, оған байланысты қиындықтар ә дегенде-ақ көпшіліктің көңілін алаңдатып, әр саққа жүгіртіп қойғаны белгілі. Аудан әкімі осындай сәтте өнім өндіруші кәсіпорындар мен кәсіпкерлерге өз тауарларымен тұрғындарды қолдауға шақырды.

Азық-түлік өнімдерін көптеп шығаратын олардың қатарында Меркі қант зауыты, май-ірімшік зауыты, наубайханалар, т.б. бар. «Бардың пайдасы тиеді», – демекші бұл өндіріс орындарының бағаның тым өсіп кетуі мүмкін қиын кезде жәрдемі тиіп-ақ тұр. Аудан басшысы Бақтияр Бейсембайұлымен орталық базарды аралаған күні қант зауыты Меркідегі сауда орындары үшін 60 тонна құмшекер босатқан-ды. Бұдан 1-2 күн бұрын жұртшылық оны бұрын алып жүрген базар сатушыларынан таппай, қымбатшылыққа ұрынды. Келісін 200 теңгенің төңірегінде алып. 

Халық осындайда шұғыл шара қолданған аудан әкіміне тек рахметін айтуда. Жоғарыда аталған 60 тонна шекер, май-ірімшік зауытының қымбаттатылмаған өнімдері тікелей оның ұсынысымен сауда нүктелеріне бөлінген болатын. Өткен бейсенбі күні қант зауыты тағы 50 тонна құмшекер берді. Келісін 133 теңгеден. Ол Меркіден тысқары ауылдық округтерге жөнелтілді. Мұның 5 тоннасын аудандық ардагерлер кеңесі кәриелеріне бөліп береді. Округтерде құмшекер дүкендерге тарқатылады. Мұнда бір айта кететін жәйт: ол зауыттың босатқан бағасы 133 теңгеге 7-ақ теңге қосылып тұтынушыға сатылуы керек. 

– Зауыттың халық үшін бөлген шекерін бұдан қымбатқа сатып, халықтың есебінен пайда табуға жол берілмеуі керек, – деді аудандық әкімдіктің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Мұрат Мақанов, – сондықтан сауда орындарындағы, базардағы баға қадағаланып тұрады. 

Республикамыздағы жеті қант зауытының төртеуі істен шығып, үшеуі ғана өнім өндіріп келген. Енді тағы екеуі жөнді істемей қалды. Толық қуатында тұрған біздің меркілік зауыт қана. Өз аумағында зауыты жоқтар әрине, бүгінде көп қиындықтар көруде. Қазір басқа облыстарға меркінің қанты жіберілуде. 

Зауытта болғанымызда бұған шүкіршілік еттік. Құмшекерсіз қалмайды екенбіз. Қоймасында ол 7000 тонна көлемінде сақталып тұр. Жақын арада шетелден қант құрағы келіп жетсе, өнім шығару жалғасып, қор толықтырыла түспек. 

Шекерді халық игілігі үшін бөліп тұруға кәсіпорынның мүмкіндігі бар. 

– Бұл үшін ұжымымыз бір адамдай жұмыла жұмыс істеп, өнімімізді тұтынушыларға өз мерзімінде жөнелтудеміз, – дейді қойма меңгерушісі Талғат Қырғызбаев. 

Сұрастыра білгеніміз: Меркі қант зауытынан сыртқа күніне 6-8 вагон қант жіберіледі екен. 

Зауыттан арзан бағамен қант алған Андас батыр ауылындағы дүкен иесі Жұман Әлиева: 

– Қантымыз таусылғалы біраз болып еді. Көпшілік қуанып қалатын болды, – дейді. Тек Жұманның ғана емес көптеген тұтынушылардың, сатушылардың ризалығына бөленген зауыт басшылығы, ұжымы бұған лайықты да. 

Мемлекет басшысы биылғы халыққа Жолдауында: «Экономикамызда шағын және орта бизнестің үлесі артқан сайын Қазақстанның дамуы да орнықты бола түседі», – деп көрсеткен-ді. Айтса айтқандай біздің ауданымызда да бизнестің, кәсіпкерліктің өркендеуі экономикада ілгерілеуімізге жағдай туғыза түсуде. Сонымен қатар, жоғарыда айтқандай халықтың да азық-түлікпен қамтамасыз етіліп, қиындық көрмеуіне өзіндік игі ықпалын тигізуде. Базарларда, дүкендерде бұрынғы бағамен сатылып жатқан нан да солардың – «Каримов және К» сияқты серіктестіктердің, жеке кәсіпкерлердің наны. 

Уақытша кездескен қиындықтар Мәңгілік ел боламыз деген сенімімізге ешқандай кірбің түсіре алмайды. Ынтымақ, бірлігіміз, өндіріс орындарының, кәсіпкерліктің дамуы бұдан былай да алға жылжуымызға негіз бола бермек. 

 

Зауыт жұмысшылары қойма меңгерушісі Т.Қырғызбаевтың (сол жақтан үшінші) басшылығымен қантты тұтынушыларға тездеп, уақтылы жөнелтуді қамтамасыз етуде.

Жүк конвейермен автокөлікке тиелуде.

Please reload

bottom of page