
Көктем де келіп жетті, егіс-дала жұмыстарына дайындық қалай?
Бақтыбай АБАЙ
12 наурыз, 2014
Үстіміздегі жылдың өнімі үшін осы көктемде ауданда 13500 га жаздық арпа, 1000 га дәндік жүгері, 9500 га мақсары, 2800 га қант қызылшасын, 1300 га көкөніс-бақша дақылдарын, тағы басқаларды егу жоспарланды.
Егістен мол өнім алу үшін ерте бастан әзірленгеннің пайдасы үлкен. Бұл үшін шаруа алдымен жердің әзірлігіне, оған тұқымның сайлығына баса ден қояды. Тұқымдардың қажетті мөлшерде қолда бары: жаздық арпанікі – 2160 тонна, мақсарынікі – 285 тонна, жоңышқанікі – 53 тонна. Әзірге арпаның тұқымының 460 тоннасы лабораториялық сараптамадан өтіп, өңгіштігі бойынша 1-сыныпты деп бағаланды. Сараптау жұмыстары жалғасуда.
Жалпы аудан бойынша егу үшін 30 тонна – дәндік жүгері, 4200 себу бірлігі көлемінде қант қызылшасы, 1440 тонна картоп тұқымдарын, 6,5 тонна көкөніс, бақша тұқымын сатып алу керек.
Бұдан былай күн тез жылынып, егіс жұмыстары ерте басталып кетуі де мүмкін. Сондықтан тұқымдарды әзірлеуді тездете түскен мақұл. Әсіресе, ерте себілетін арпа мен жоңышқа тұқымын, тездетіп толық тазалап, себу кондициясына жеткізіп алу – кезек күттірмес міндеттердің бірі. Жоғарыда көрсетілгендей, тек арпа тұқымының ғана, онда да төрттен біріндейі ғана тексеруден өткен. Егіске сақадай сай болып отыратын кезде бұл сын көтермес жағдай.
Дала жұмыстарына ауыл шаруашылығы техникасы мен тіркемелі құрал- жабдықтарды күнілгері қамдап қоюдың маңызы зор. Бұл жер жағдайы келісімен егіс жұмыстарына жұмыла кірісіп, ұйымшылдықпен атқаруға негіз болмақ. Науқанға дайындық жөнінде аудандық әкімдіктің ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандарының мәліметтерін тыңдасақ, Жандарбек Қоқымбаев:
– Ауданда бар соқалар мен дәнсепкіштер, тырмалар мен сыдыра жыртқыштар түгел жөнделіп қойылған. Дөңгелекті тракторларды қалпына келтіріп сапқа қою аяқталып келеді. Ал, шынжыр табанды тракторларды, трактор тіркемелерін жөндеуді тездете түскен абзал. Наурыз айының басына қарай ауданда бар 96 шынжыртабанды трактордың 83-і, 350 тіркеменің 308-і жұмысқа жарамды жағдайға келтірілген, - дейді.
Достай Сәрсенбиев те мемлекет тарапынан биыл да үлкен қолдаулар бар екенін айтып, жауапты кезде диқандардың қам-қарекетін ширата түсуді жөн деп отыр:
– Үстіміздегі жылы субсидияланатын минералдық тыңайтқыш көлемі – барлығы 1800 тонна, оның ішінде 1200 тоннасы амиак селитрасы, 480 тоннасы аммофос, 120 тоннасы карбамид. Диқандар бұларға тапсырыс беріп, алып алуды ерте бастан қарастырса тіпті де дұрыс болмақ. Есеп бойынша көктемгі дала жұмыстарына 988 тонна жанар-жағармай керек болса, көктемгі үш айға бөлгенде оның мөлшері: наурызға – 400 тонна, сәуірге – 350 тонна, мамыр айына 238 тоннадан келеді.
Елбасы «Қазақстан жолы – 2050:Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында «Жермен жұмыс істейтіндер, ең алдымен жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті үздіксіз арттыратындар, жұмысын әлемдік стандарттар негізінде жүргізетіндер болуы керек», - деп айтты. Ал, өнімділікті көтеру үшін озық технологиялармен қатар ауыл шаруашылығы дақылдарын сапалы өңделген жерге ол ылғалын жоғалтпай уақтылы сеуіп алған жөн. Яғни, уақыт күтпейді. Барлық мүмкіндіктерді шаруақорлықпен қарастырып, іске кірісер кез келіп қалды.


