
Шаруашылықтарды ірілендіру – ортақ игілікті тиімді пайдалану негізі
Бақтыбай АБАЙ
14 наурыз, 2014
Ел арасында «Үлкен бастықтың орынбасары болғанша кішкентай бір мекеме бастығының өзі болғаным артық» деген мағынадағы сөз тарап кеткен. Республикамыз тәуелсіздік алып, жаңа қоғамның іргетасы қалана бастаған жылдар оң-солымызды толық танып, бағамдап үлгермеген кез еді. Ірі шаруашылықтар тарап, бұл тиімді ме, тиімсіз бе, көз жеткізіп жатпай, еркіндік деген осы екен деп толып жатқан (кей ауылда әр отбасы дерлік) шаруа қожалықтарын құрдық. Көпшілігі – ұсақ болса да бір-бір басшы болып шыға келдік.
Облысымызда бүгінде 16 мыңнан астам шаруа қожалықтары тіркелсе, оның 84 пайызға жуығының, яғни 14 мыңдайының жері 100-га-ға дейін-ақ екен. Мұндай шаруашылықтардың үлесі біздің ауданда бұдан да көп – 93,2 пайыз.
Мемлекетіміздің ірге бекітіп еңсе көтеруіне қарай, шаруаны жүргізудің дүниежүзі мойындаған озық үлгілеріне, ұтымды әдістеріне назар аудардық.
Өзім басшы болсам, жиған- тергенім өз отбасыма там-тұмдап жетіп жатса – болды, дейтін таяз ойдың күні өтіп барады. Елбасы халыққа арнаған соңғы Жолдауында қазақстандықтарды бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолында жұмыла жұмыс істеуге, мемлекет мүддесін бәрінен биік қоюға шақырды.
Ауыл шаруашылығында стратегиялық зор маңызы бар қадам – кіші, орта шаруашылықтарды ірілендіру. Ұсақ, оларға жетеқабыл шаруашылықтарды жүргізу мемлекеттік тұрғыдан алғанда тиімсіз екендігімен біраз шаруалар келісе қоймаса да, бірігудің дұрыстығын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Шаруасы ақсаған майда қожалық басшысы емес, жұмыстың көзін тапқан ірі шаруашылықтың мүшесі экономикамызды өркендетуге көбірек үлес қоспақ. Ең маңыздысы – осы.
Облысымызда 2013-2020 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін шағын көлемде өндіретіндерді біріктіру жоспары жасалғаны белгілі.
Осы жоспар, оған байланысты міндеттерді, қалай жүзеге асыру көзделіп отырғандығы туралы аудандық әкімдіктің ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Болат Тәнекеймен әңгімелестік.
– Жоспар облыста, оның ішінде біздің ауданда да агроөнеркәсіп кешенін серпінді дамытуға ықпал етуге тиіс, – деді ол, – Қазіргі қалыптасқан жағдайда тарап кеткен ірі шаруашылықтардың орнында құрылған шаруашылықтардың көпшілігінің ауыл шаруашылығы техникасын, көлік құралдарын, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау үшін химикаттарды сатып алуға қаржылай мүмкіндігі жоқ.
Соның салдарынан жер, су ресурстары тиімді пайдаланылмауда. Ауыл шаруашылығы дақылдарының суландыру жүйелерінің бойында бей-берекет, шашыраңқы егілуінен, жоспарсыз суғарылуынан ағын судың жетімсіздігі туындап, егістік алқабы үлкен шығындар тартқызуда. Ауыспалы егіс талаптарын сақтамау, тыңайтқыштарды пайдаланбау жер ресурстарының тозуына әкелуде. Шаруашылықтарды ірілендіру бұл қиындықтардан шығуға жол ашпақ. Яғни, ортақ игіліктерді – жерді, суды, техниканы, қаражатты және басқа да қолда барды шаруақорлықпен, ұтымды пайдалануға негіз қалайды.
– Болат, аталмыш жоспар бойынша ірілендірудің үш нұсқасы ұсынылып отыр. Соларға тоқтала кетсең.
– Біріншісі – қайта өңдеу кәсіпорындары жанында ірілендіру.
Екіншісі ұсақ және орта ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді аумақтық орналасуы бойынша ірі агроқұрылымдар жанында топтастыру.
Үшіншісі – аумақтық орналасуы бойынша әрбір ауылдық округте бірнеше ауылдық тұтынушылар кооперативін құра отырып біріктіру.
– Шағын шаруа қожалықтары біріккен құрылымның жаңа жағдайға төселіп, дамып кетуі үшін шарттар да қарастырылған болар?
– Иә, алғашқы жылы әр ауданда бір ауылдық тұтынушылар кооперативін қажетті техникамен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлу көзделген.
Шындығында күш біріктіре жұмыс істеу бүгінгі заман талабынан туындады. Ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру мәселесіне байланысты ауданымызда түсінік жұмыстары өрістеп, барлық дерлік ауылдық округтерде жиналыстар өткізілді.
Оларға аудан әкімінің орынбасары Ж.Атабеков, аудандық әкімдіктің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Бұтабаев, ветеринария бөлімінің басшысы Ө.Алтыбаев, өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Д.Тасқараев, аудандық әкімдіктің бас мамандары Б.Тәнекей, А.Қараталов, тиісті округ әкімдері, тағы басқалар қатысып, алға қойылған міндеттердің өзектілігін сөз етті, шаруалардың ой- пікірлерін тыңдап, сауалдарына жауап берді.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығының, жалпы агроөнеркәсіп кешенінің келешегіне тоқтала келіп: «...Азық- түлікке деген қажеттілік арта береді. Бұл секторға инвестиция көбірек салынады. Сондықтан бүгінгі фермер тек уақытша әрі ауа райына байланысты кездейсоқ жетістіктерге малданып қалмай, өндірістің өсімі жөнінде ойлануға тиіс», – деп көрсеткені белгілі.
Ауа райына, кездейсоқ кедергілерге қарамай, кепілді даму жолына түсу дегеніміз, ол дүние жүзінде сыннан өткен озық технологияларды, заманауи техниканы қолдану деген сөз. Бірікпей мұндай мүмкіндікке ие бола алмаймыз. Бас-басына басшы, есепші болып, аз ғана шаруаға малданып отыратын кез емес қазір. Болашақ – майда шаруашылықтардың қосылуында. Неғұрлым ертерек біріксе, көп қиындықтар да ертерек артта қалады.


