
Гектар түсімі артсын десек...
Бақтыбай АБАЙ
19 наурыз, 2014
Үмітке толы жылқы жылының наурыз айы да өтіп барады. Қардың биыл мол жаууын диқандар жақсылыққа жорып, көктемгі егіс-дала жұмыстарына әзірлікті тиянақтай түсуде. Еккен дақылдың өнімділігі көп жайларға байланысты. Солардың бастыларының бірі – жер құнарлы болып, сапалы тұқымды уақтылы егіп алу. Бұл ретте алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Олай дейтініміз, жаздық арпа мен жоңышқаның тұқымдарын тазалап, тексертіп алу соңғы кезге дейін кешігіңкіреп келді.
Нақтылай айта кетсек, 14-наурызға дейін ауданда себуге қажетті 2160 тонна арпа тұқымының 604 тоннасы ғана, 53 тонна жоңышқа тұқымының 2-ақ тоннасы зертханалық тексеруден өткізіліп, өнгіштігі бойынша 1-2 сыныпты себу кондициясына жататындығы анықталды.
«Меркі асыл тұқымды зауыты» акционерлік қоғамы, «Жылыбұлақ – Меркі», «Сыпатай батыр» серіктестіктері сияқты ірі шаруашылықтар тұқымдарын жылда уақтылы тазалап, лабораторияда өнгіштігін, басқа да қасиеттерін күні бұрын анықтап алады. Биыл да жауапкершілік танытып, егін себуге жұмыла кірісуге әзір.
Себу кондициясына жеткізіліп алынған жоңышқа тұқымы «Ринат» шаруа қожалығы (Жаңатоған ауылдық округі) мен «Мыхан-Орда» серіктестігінікі.
– Өзге көпшілік шаруа қожалықтары аталған дақылдар тұқымдарын егіске әзірлеуде арқаны кеңге салып келеді, – деді бізбен әңгімеде аудандық тұқымдарды сараптаудан өткізу жөніндегі зертхананың меңгерушісі Манат Молдақұлов, – науқан жаппай басталып кетер кез де, міне, келіп қалды. Неге асықпайтындықтарын түсінбеймін.
Зертхана күніге шаруалар тұқымдарын тексеруге алып келіп қалар деп күтуде. Ал, сол шаруа-диқандар нені күтуде? Қымбат уақыттың өтіп кетуін бе?
Шаруашылықтардан әкелінген тұқым лезде тексерілмейді. Барлық сараптамадан өту үшін бір аптадай керек. Күн тез жылынып кетіп, егіске шығар кез келсе, қиындықтар туғалы тұр. Соңғы күндері ғана әкелінген оларды зертхана тездеп сараптамадан өткізіп үлгере алмайды.
Осындайда диқандарымызды қолына іліккен, тексерілмеген, дәрілеп те үлгермеген тұқымды себе салудан сақтасын дейік.
Иә, гектар қайтарымы мол болсын десек, сапалы тұқымның сонымен қатар құнарлы, жақсы өңделген жерде өнуі шарт. Биыл субсидияланатын тыңайтқыштардың көлемі, түр-түрі туралы аудандық газеттің мұның алдындағы сандарында жаздық та. Тек оны қай алқаптағы топырақ қайсысын қажетсініп тұрғанын ескеріп, болса картограмаға қарай пайдаланған жөн.
Мемлекет басшысы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында, ауыл шаруашылығын одан әрі дамытуға қатысты тапсырмаларында жер өңдеу мәдениетін өзгерту, озық технологияларды енгізу қажеттігін айта келіп, 2050 жылға қарай ел ішкі жалпы өніміндегі ауыл шаруашылығы өнімінің үлесі бес есе артуы керек, – деп көрсетті.
Мұндай межеге әрине, жерге, оған қандай тұқым себетініңе, табыстың басқа да алғы шарттарына көп көңіл бөліп, жоғары жауапкершілікпен қарағанда ғана қол жетпек.


