
Сауын фермалары жол бойында оны ұйымдастырудың пайдасы үлкен
Бақтыбай АБАЙ
02 сәуір, 2014
Біздің еліміз арқылы өтетін Батыс Еуропа – Батыс Қытай магистральдік көлік дәлізі аяқталып келеді. Сөйтіп Жаңа Жібек жолы жаңғыртылу үстінде. Бұл жол толық бітіп, оның бойындағы инфрақұрылымдар, түрлі қызмет көрсету орындары іске қосылғанда кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығы өндірісін, жалпы экономикамызды дамытуға серпін бере түспек.
2020 жылға қарай Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдау екі есе ұлғаюы тиіс бірқатар ірі жалпыұлттық инфрақұрылымдық жобалар іске асуда. Ал, 2050 жылға қарай бұл цифр он есе ұлғаяды деп күтілуде. Яғни, аталмыш жол бойында біздің өніміміз бен қызметтерімізге сұраныс көп болады.
Мемлекет басшысы «Қазақстан – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуға зор маңыз берді. Келешек аграрлық секторда, еліміз ет, сүт өндіру, өткеру бойынша өңірде ірі мемлекетке айналуға тиіс екендігін айта келіп, жаңа өңдеу кәсіпорындарын құру, кәсіпкерлікті өркендету бұл іске тың серпін беретіндігін көрсетті. «Жаһандық рейтингке сәйкес, Қазақстан бизнесті жүргізуге ең қолайлы елдер тобына кіреді және біз бұл үрдісті өрістете түсуге тиіспіз», деді.
Шындығында ауыл шаруашылығын, кәсіпкерлікті одан әрі өрге бастырып, ауылдықтардың тұрмысын түзей түсуге кең мүмкіндіктер ашылуда. Соның бірі – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистральді жолы бойында сауын фермалары жұмысын жолға қою жобасы. Ол Елбасы, Үкімет тапсырмаларына сәйкес «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге аспақ. Бұл бағытта біздің ауданда да іс- шаралар белгіленіп, алғашқы қадамдар жасалуда. Жуырда, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары К.Әблеков, «Қазагроқаржы» құрылымының облыстық филиалының менеджер мамандары ауданымызда болып, аудандық әкімдікте шаруа қожалықтары, шаруашылықтар басшыларымен, кәсіпкерлермен, ауылдық округтер әкімдерімен, мамандармен кездесу өткізді. Сауын фермаларын ұйымдастыруға, мал сатып алып, материалдық базасын құруға, қаржы көзіне қатысты кеңінен түсінік берді. Кездесуге қатысушылар түрлі сауалдарына жауап алды.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойында сүт өндірісін жолға қою бұған дейін жасалған «2020 жылға дейін сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамытудың шеберлік- жоспарын» іске асыруға да орайлас келіп отыр.
Ауданда аталмыш халықаралық үлкен жол бойында сауын фермасын құрып, жұмысын жүргізуге жиырмадан астам шаруа қожалықтары, кәсіпкерлер ниет етуде. Олардың қайсысының болмасын бел байлаған ісін жұмыла бастап кетуге мүмкіндіктері бар. Мәселен, солардың бірі – «Тілеміс батыр» ЖШС-де бұрынғы тауарлы сүт фермасының 4 мал қорасы, 1 су ұңғымасы, 4 тұрғын үйі, 40 бас мүйізді ірі қара бар. Б.Жексенбиев басқаратын бұл ұжым 100 бас малға арналған сүт фермасын құруды ұйғарып отыр.
Әрине бұл серіктестікке, ферма ұйымдастыруды қолға алғысы келген өзге шаруашылықтарға да мүйізді ірі қара, техника сатып алуға, ескіріп, тозған ғимараттарды жөндеуге, жоқ болса салуға көп қаражат керек.
Бұл ретте мемлекеттің қолдауы бар. Шаруалардың өздері де мүмкіндіктерін барынша жұмылдыруға тура келеді. Осы жерде ауыл шаруашылығын негізгі қаржыландырушы «Қазагрофинанстың» бірге жұмыс істеу шарттарын да келтіре кетейін. Инвестициялық жобалар бойынша барлық бағыттарда оның белгілеген пайыздық мөлшерлемесі (процентная ставка) жылына 6 пайыз.
Тауарлы сүт фермалары үшін құрылыс-монтаж жұмыстарын заемға (несиеге) жүргізіп, құрал-жабдықтарды, мүйізді ірі қараны лизингке алуға болады. Заем мен лизингке беру мерзімі – 12 жылға дейін. Жеңілдікті кезең – 2 жылға дейін.
Заемшының өзі жобаның жалпы сомасының кем дегенде 15 пайызын өзі қаржыландырады. Сауын фермасын ұйымдастырып, жұмыс істеуге тілек білдірушілердің құжаттары дайындалып, облыс орталығына жіберіледі. Лайықты деп табылғандары іске кірісетін кез де алыс емес. Бұл жоба жолда қатынаушыларға ғана емес, аудан экономикасын ілгерілетуге де қызмет ететін болады.


