
Көктемнің әр сәті қымбат
Бақтыбай АБАЙ
04 сәуір, 2014
Әр жылдың өз ерекшелігі бар. Биыл ауа райының шұғыл жылынып кетуі көктемгі егіс жұмыстарына жұмыла кірісуді міндеттеді.
Сәуірдің 3-не қарай ауданда жоспарланған 13500 га жаздық арпаның 7100 га-дайы сеуіп алынды. Жоңышқа да ерте көктемде себілетін дақыл. Биыл ауданда оны 3500 га-ға орналастыру көзделген- ді. Бұл бағалы мал азықтық дақылдың көлемін арттыра түсуге мүмкіндік береді. Ол түгел себілді.
Көктем өзге дақылдар үшін жер жыртып, ылғал жауып алатын кезең. Биылғыдай күн тез жылый түскен жағдайда жерді сапалы өңдеп, ылғал жабудың маңызы зор.
Аудан бойынша көктемгі жер жырту 12700 га көлемінде жоспарланса, бұл жұмыстың әзірге тең жартысынан астамы орындалды. Ылғал жабу, көпжылдық екпе шөптің арасын тырмалау өріс алуда. Бұл шаруалар жартылай атқарылып қалды деуге болады. Ал, 14490 га күздік бидайдың 9000 га- дан астамы тырмаланды.
Тұқым себу, жер өңдеу жұмыстарын ұйымшылдықпен бастаған шаруашылықтардың бірі – «Жылыбұлақ – Меркі» серіктестігі. Мұнда көзделген 1000 га жаздық арпаның 400 га-дан астамы егіп алынды. Жұмыс мұнда егіс бригадаларының төртеуінде де қарқын ала түсуде.
– Тұқым себуде төрт дәнсепкіш пайдаланылуда. Әсіресе, Нұрбол Көпжасаров басқаратын №3 бригада диқандарының қимыл- әрекеті өзге әріптестеріне үлгі болғандай, – дейді серіктестік директоры Аманжол Әкетаев.
№1 егіс бригадасы өткен жылғы бұл науқанда (суретте бригада жетекшісі, еңбек ардагері Мұрат Жұматаев – оң жақтан бірінші егіншілермен) топ бастаған болатын. Жауапкершілікті арттыра түсіп, биыл да намысты қолдан бермеу қамында.
Шаруашылықта арпаның жоғары өнімді «Бәйшешек» тұқымын егуде, уақтылы, сапалы тазалап алынған. Өнгіштігі жағынан 1-сұрыпты себу кондициясына жеткізілген. 1-репродукциялы. Мұндай дайындық егіншілердің зор ықылас, ниетімен ұштаса келе гектар түсімі биыл жаман болмауы керек.
Ауданда егіс алқаптарының құнарлылығын арттыру үшін биылғы жылға 1800 тонна минералды тыңайтқыштарға тапсырыстар берілген. Ал, осы көктемгі дала жұмыстарына есеп бойынша 988 тонна жанар-жағармай қажет. Оны таратушы оператор ретінде «Юг Ойл» ЖШС белгіленген. Наурыз айына 320 тонна жанар-жағармай бөлініп, шаруа қожалықтарына бөлініп берілді.
Елбасы «Қазақстан-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында «… бүгінгі фермерлер тек уақытша әрі ауа райына байланысты кездейсоқ жетістіктерге малданып қалмай, өндірістің өсімі жөнінде ойлауға тиіс. Жаһандық ауыл шаруашылығы өндірісінде бәсеке өсе беретін болады. Жермен жұмыс істейтіндер ең алдымен жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті үздіксіз арттыратындар, жұмысын әлемдік стандарттар негізінде жүргізетіндер болуы керек», – деп атап көрсетті.
Өркениетті елдерде озық әдістердің бірі ретінде дақылдарды тамшылатып суғаратыны белгілі. Бұрыннан біз айтып келе жатқандай, «Сыпатай батыр» серіктестігі диқандары бұл ретте Түркияның тәжірибесіне ынта қоюда. Бұрын келісілгендей осы көктемде түрік ағайындар аталмыш шаруашылыққа келіп кетті. Жұмыс ретін, тәжірибесін көрсетті. Сыпатайлықтар олардың үйреткенін әрі қарай нақты істе қолданса ауданның өзге диқандары да озық тәжірибені ортақ игілікке айналдырар деген сенімдеміз.
Көктемнің әр сәті қымбат. Бүгін жіберіп алған уақыттың орнын ертең толтыра алмайсың. Демек, шаруашылықтарда прогрессивті әдістерге назар аудара отырып, егіс-дала жұмыстарын уақтылы, агротехникалық қолайлы мерзімде атқаруға баса көңіл бөлген абзал.


