
Мерзімінде себу – егіннің бітік шығуының басты шарты
Бақтыбай АБАЙ
09 сәуір, 2014
Ауданда көктемгі дала жұмыстары одан әрі жалғасуда. Бұған дейін жоңышқа жоспарланған көлемде толық, уақтылы сеуіп алынса, енді барлық күш-мүмкіндіктер өзге ауыл шаруашылығы дақылдарын да мерзімінде орналастыруға жұмсалуда.
Соның нәтижесінде көзделген 12500 га жаздық арпаның 10 мың га-дайы егілді. Қарқынды арттыра түсіп, бұл жұмысты таяу күндерде аяқтауға бағыт ұсталуда.
Аудандағы астықты ең үлкен шаруашылық – «Меркі» асыл тұқымды зауыты» АҚ-да биыл жаздық арпаны 1500 га-дай алқапқа себу ұйғарылған-ды. Жер ыңғайы келген алғашқы күндерден жауапты науқанға жұмыла кіріскен зауыттықтар бұл дақылды 1200 га-ға орналастырып алды. Егіс жұмыстарымен әдеттегідей Нұркен Аманжолов басқаратын №1 бригада диқандары айналысуда. 10 себу агрегаты тиімді пайдаланылып, күніне 140-150 га жерге тұқым себілуде.
Сол сияқты «Жылыбұлақ – Меркі» серіктестігі, «Аспара» өндірістік кооперативі, басқа да шаруашылықтарда дала жұмыстары өз ретімен жүріп жатыр. Ауданда биыл 9500 га мақсары, 1300 га көкөніс-бақша дақылдарын, т.б. өсіру жоспарланған-ды. Мақсары әзірге 945 га-ға, көкөніс 60 га-ға орналастырылды. Яғни, ауданда алда әлі де үлкен жұмыс ауқымы тұр.
Күн жылына келе көзделген 2800 га қант қызылшасын, 800 га дәндік жүгеріні де кезінде егіп алу маңызды міндеттердің бірі.
Жүріп жатқан және де алда тұрған көктемгі жұмыстарға ауыл шаруашылығы техникасының әзірлігі қандай деген мәселеге назар аудара кетсек, биыл аудан шаруашылықтарында соқа, тырмалар, дәнсепкіштер, сыдыражыртқыштар уақтылы әзірлікке келтірілді.
Дегенмен, жекелеген техника түрлерін науқандық жұмыстарға әзірлеп, реттеуді ширата түскен жөн. Мәселен, қолда бар шынжыр табанды тракторлардың оңдап дайындаудан өткені 86,4 пайыз-ақ. Егіс науқанында тұқым дәрілегіштер ұтымды пайдаланылып, арпаны тек дәрілеп себуді қамтамасыз ету мақұл. Дәрілегіштер де түгел жөндеуден өтті деп айта алмаймыз.
Күн таяу күндерде шұғыл жылына түседі деген болжам бар. Яғни, топырақ қабатының ылғалы қалыпты кезде дақылдарды егіп алғанның ұтары мол. Көктем тұқым себумен қатар жер жырту, өңдеу жұмыстары да ұштастырыла атқарылатын кезең. Соған қарай қазір әрбір ашық күн, жұмыс сағаты қымбат.
«Не ексең соны орасың», – демекші, гектар қайтарымы тұқымның сапасына, дақылдар өніп шыққан соң күтімдеу шараларына байланысты. Биыл ауа райы қандай болары белгісіз болып тұрғанда уақтылы суғарып, жерді тыңайтып отыру мүмкіндіктерін де қазірден қарастырған абзал.
Мемлекет басшысы «Қазақстан – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында болашақ агросекторда екенін айта келіп, жерге, басқа да ресурстарға шаруақорлықпен қарауды тапсырды. «... нарықтық жағдайда аспаннан нәпақа күтпей, тиімді еңбектену керектігін әркім-ақ түсінуі тиіс», – деді.
Бұл көрсетулер меркілік диқандардың да жауапкершілікті түсініп, көктемгі егіс науқанын ширақ өткізіп, өнім негізін қалауға ұмтылдыра түседі деген ойдамыз.


