
Ұштастыра жүргізген шаруаның берекесі бар
Бақтыбай АБАЙ
16 сәуір, 2014
«Аспара» өндірістік кооперативінің мал фермаларында да қой төлдету белортадан ауды. Әр отарда әзірге 350-400-ден астам төл қабылданып қалды.
Биылғы мал қыстату науқаны, туытқа дайындық жылдағыдан ерекше болды. Бар күш-жігерлерін қолда бар малды аман сақтап қалуға жұмылдырған аспаралықтар еңбегі нәтижесіз емес. Қатаң қыстан қойды сақтай білген олар екінші бір маңызды науқан төл алуға бірқатар әзірліктермен келді деуге болады. Мал шаруашылық орталығы маңына уақтылы көшіріліп алынып, қора- жайлар жөнделіп, жылыланып, шопандарға тиісті жағдайлар тудыруға күш салынды. Әр шопан сақпаншылармен, шам, қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіліп, науқан барысы күнделікті назарда ұсталып отыр. Әр көктеу басына әр қойға есептегенде 300 грамнан жем жеткізіліп берілген. Қораға төсеніш үшін құрғақ сабан да жеткілікті.
– Сақпаншылар қажетті азық-түлікпен қамсыздандырылған, – дейді кооператив төрағасы Қуат Бекеев – зоотехник-мал дәрігері күнделікті ферма басында.
Биыл шаруашылықта туытқа бес отар қой түсіп отыр. Шынын айту керек, қыста қалыптасқан жағдайға орай өзге шаруашылықтардағыдай аспаралықтардың да малы күйлі шықты дей алмаймыз. Қалың қар, суық ауа райы әсерін тигізбей қоймады. Көктемде өріс отын ұтымды пайдалану арқасында қой қоңы көтеріліп, жағдай біраз түзелді. Дегенмен қыс қыспағының әсері қабылданар төлдің жағдайына ықпал етпей қоймасы анық. Сондықтан шопандар оны аман сақтауға, енелерін қосымша азықтандыруға көңіл бөлуде. Жауапты науқанда Бектас Сайлауов, Мадияр Ниязбеков сияқты малшылардың еңбегі елеулі. Отарларын жан-жақты күтімге алып, төлді, жүнді молырақ алуға негіз қалауда. Малды өз төлі есебінен өсіріп, аман сақтай білудің бір негізі – жеткілікті жемшөп қорын жасау. Өткен қыста алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың өзі жемшөбі жетіспей, оны қосымша сырттан жеткізуге мәжбүр болды. Аспаралықтар да көп болмаса да осындай көмекті пайдаланды.
Бұл жағдайды шаруашылықта биыл ескеріп отыр. Өткен жылы мұнда 15 мың түк пішен әзірленсе, биыл 20 мың түкті меже тұтуда. Сол сияқты жем қорын да артығымен жасап алуға мүмкіндік бар. Бұрын жаздық арпа 500-540 га көлемінде егіліп келсе, осы науқан барысында оның аумағын кем дегенде 600 га-ға жеткізу көзделуде. Үш дәнсепкішпен жұмыс істеген диқандар бұл шаруаны аяқтап та қалды.
Уақтылы, ұштастырыла атқарған шаруаның несібесі мол. Көктемгі кезең кооперативте осылай қым-қуыт тірлікпен, өз ретімен өтуде. Мемлекет басшысы «Қазақстан – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында елімізде агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру маңызды, азық-түлікке қажеттілік арта беретіндігіне тоқтала келіп, ауыл еңбеккерлеріне қатысты олар «... кездейсоқ жетістіктерге малданып қалмай, өндірістің өсімі жөнінде ойлануға тиіс» дегені белгілі.
Аспаралықтар да бұл міндеттерді үнемі назарда ұстап отыр. Кезінде 10 мың га-дан аса егістік жері бар, ірі шаруашылық болған кооператив қайта өркендеп, өндірісті ұлғайтып, тұрақты даму жолына түседі деген үміт үлкен. Бұл негізсіз де емес. Қой шаруашылығы асыл тұқымды фермаға топтастырылған. Кезінде Австралиядан асыл тұқымды қошқарлар әкелініп, жүріп жатқан селекциялық асылдандыру жұмыстары одан әрі жалғасын табуы керек. Малшы-диқан, механизатор кадрлар да негізінен бұрыннан істеп келе жатқан кадрлар. Тәжірибе, ауызбірліктері бар. Соған қарай қой қоздату, көктемгі егіс-дала жұмыстарын ұйымшылдықпен өткізуге мүмкіндік жеткілікті.
Қ.Бекеевтің шаруашылыққа күрделі кезеңде келіп, оны басқара бастағанына бір жылдай ғана болды. Дегенмен, бұл уақыт жағдаймен толық танысып, ұжымына сіңісіп, қалайда ілгерілей түсудің бағыт- бағдарын айқындауға жеткілікті. Яғни, ол игі өзгерістерге ұйытқы болып, биылғы жыл бетбұрыс жылы ретінде есте қалады деп сенелік.

Қора жылы, қозы аман


