top of page

Жергілікті жемісті өндіру әлдеқайда тиімді

Нұрбану КАМАЛ

25 сәуір, 2014

Қайбір жылдары құрт түспейтін, жарқыраған Қытай алмалары дастарханымыздың төрінен орын алған еді. Қытайдан келетін жемістердің зияны, химикаттардың шамадан тыс қосылатыны туралы мамандар мен бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып, халыққа түсіндіруінің және елімізде ауыл шаруашылығы саласына көп көңіл бөлінуінің нәтижесінде болар, әйтеуір соңғы кезде «өзіміздің алма», «отандық өнім» деп әспеттеудің сәнге айналғанын байқаймыз. Бұл жағымды үрдістің қалыптасуында жеміс-жидек шаруашылығында алдыңғы қатарлардан табылатын облысымыздың бағбандарының еңбегі зор. Әсіресе, алма, алмұрт өзге де көшеттерді өсіріп, жайқалған бақтардың жыл сайын гектарлап артуына зор үлес қосатын шаруашылықтар еліміздің жеміс-жидектер импортына тәуелділігін азайтуда маңызды қызмет атқарып отыр.

Республикамызда көшет өндіретін элиталы 25 шаруашылық бар, соның бесеуі – біздің ауданда. «Меркі тәжірибе шаруашылығы» ЖШС – сонау Кеңес заманынан бері осы салада өнімді жұмыс істеп келе жатқан үлкен шаруашылық. Ол кездерде бүкіл Одаққа, Кавказ, Молдова, Украина, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан сияқты елдерге көшет таратумен әйгілі болған шаруашылық Тәуелсіздік жылдарында да жемісті жұмыс істеуде. 40 гектар көшет алқабында жыл сайын 150-180 мың көшет өсіріп, республиканың түкпір-түкпіріне, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылордаға, облысымызға таратады. Шаруашылық көшет түрлерін сұранысқа қарай өсіреді. Серіктестік басшысы Бақыт Сауранбаев: «Біз тұтынушылармен бір-екі жыл бұрын келісім-шарт жасап, олардың қалаған сорттарын өсіріп береміз. Алманың «Голден делишес», «Апорт» басқа да түрлерін өсіреміз көбіне. Сонымен қатар, өзіміздің қазақстандық селекцияның «Дукат», «Айнур», «Ренет Казахстанский» деген сорттары бар. Қазіргі таңда көпшілік фермерлер бұл сорттарды онша біле бермейді. Біз қазақстандық алма сорттарын өндіріп, насихаттауға басымдық береміз. Облыстық, республикалық семинар-кеңестерде тұтынушыларға, бағбандарға осы сорттардың тиімділігі туралы жеткізіп отырамыз», – дейді. Көшеттердің көрші елдерден де келетінін айтқан Бақыт Оспанұлы бұның бағбандар үшін де, еліміздің жеміс-жидек шаруашылығы үшін де аса тиімді еместігін алға тартады. Шынында, шеттен келетін көшеттің сапасына кепілдік жоқ, ауруға бейім келетіні де жасырын емес. «Әсіресе, шетте өсірілген көшеттердің еліміздің ауа-райына бейімделуі қиынға соғып, бірнеше айда үсіп қалатын жағдайлары көптеп кездеседі», – дейді осы салада ұзақ жылдар бойы еңбек етіп жүрген Бақыт Сауранбаев (суретте). 

Иә, бүгін біздің көшет шаруашылығына айрықша тоқталып отырғанымыздың да өз жөні бар. Ауданымызда елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету үшайлығы өтіп жатқаны белгілі. Өткен сенбі күні «Бүкілқазақстандық орман отырғызу күні» акциясы да өтті. Бір сөзбен айтқанда, ауданымызды көгеріштендіру жұмыстары қызған шақ қазір. Бұл маңызды науқанға аудан тұрғындары біркісідей атсалысуда. Алайда, көшет шаруашылығымен айналысатын серіктестік – «Меркі тәжірибе шаруашылығы» басшысының үлесі өзгелердікінен асып түсті десек артық айтқандық емес. Өйткені, акция өткен күні бүкіл ауылдық округтерге таратылған 3 мыңға жуық көшет түгелімен осы серіктестікте өсірілген. Көшет алу үшін аудандық бюджеттен 1 млн. 300 теңге қарастырылып, тендерге қойылғанда «Меркі тәжірибе шаруашылығы» өз көшеттерін жарты бағасына ұсынып, тендерді ұтып алды. Сөйтіп, басқаларға 300 теңгеден сататын көшеттерін серіктестік басшысы 175 теңгеден аудан игілігі үшін берді. Яғни, ауданымызда 1700-ге жуық қана көшет түсетін қаржыға 3000 мыңға жуық алма, алмұрт көшеттері отырғызылды.

Бірақ, ең бастысы бұл да емес. Аудан әкімдігінің тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қайрат Арғымбаев: «Бәрінен де тендерді сенімді серіктестіктің ұтып алғаны жақсы болды. «Меркі тәжірибе шаруашылығы» ертеден белгілі, осы саладағы алдыңғы қатарлы шаруашылық. Олар өсірген көшеттерге қатысты шағым болғанын өз басым естімеппін. Ал бізге керегі де дәл сондай, аурудан аман, тез көтерілетін ағаштар еді», – дейді. Ауылдық округтердің алма сорттары – «Ред делишес», «Старкримсон», «Мелба», «Бабушкино», «Эрлиблайс». Бұлар – нәрлі де, дәмді алма түрлері. Ал алмұрттың «Талгарский красавец» дейтін сорты отырғызылды. Ауылдық округтердің халық санына қарай, Меркі ауылдық округіне – 450 көшет, Ойталға – 240, Андас батыр округіне –190, Жамбыл округіне 400, Ақерменге – 180, Ақтоған ауылдық округіне – 435, Сұрат ауылдық округіне – 258 т.б. көшет берілген. Көшеттер негізінен мектеп, балабақша аумақтарына отырғызылды. 

Қазіргі таңда «Меркі тәжірибе шаруашылығында» 70 адам жұмыспен қамтылған. Жұмысшылардың ең төменгі айлық жалақылары 40 мың теңге көлемінде екен. Серіктестік басшысының айтуынша, шаруашылық мемлекеттен қажетінше қолдау көріп отыр. «Мемлекеттен субсидия бөлінбесе, қолдау көрсетілмесе, көшет шаруашылықтарының жұмысы жүрмес еді. Бұл үшін алғысымыз шексіз. Қазіргі таңда базарларымызда Қытай алмаларымен қатарласа, отандық алмалардың да жайғасып, сұранысқа ие болып жатқанын көріп қуанамыз. Бұған өзіміздің де үлес қосып жатқанымыз – біз үшін мақтаныш», – дейді ол. Бақыт Сауранбаев алдағы уақытта өсірілетін көшеттер санын 300 мыңға жеткізуді жоспарлап отырғанын да айтты.

Please reload

bottom of page