top of page

Ұмтылғанның ұтары көп, кешіккен сан соғып қалатын да кез бұл

Бақтыбай АБАЙ

25 сәуір, 2014

Қазір көктемгі егіс-дала жұмыстарының нағыз қызатын кезі. Алдымен жаздық арпа мен жоңышқа себуге кіріскен аудан диқандары бірқатар шаруаның бетін қайтарып үлгерді. Сөйтіп жоңышқа артығымен, арпа да көзделген көлемде себілді деуге болады.

Науқанға жер жағдайы келе ертерек кіріскен шаруашылықтар оны уақтылы аяқтады да. Солардың бірі, егінді ең көп егетін «Меркі» асыл тұқымды зауыты» АҚ-да межеленген 1621 га жаздық арпа 20-сәуірге дейін егіп алынды. Сол сияқты биыл 258 га алқапта жаңа себілген жоңышқа да алдағы уақытта жемшөп базасын толықтыра түсуге негіз болмақ. 

Шаруашылықта арпаның 1000 га-дан астамы өткен жылдан жыртылып өңделген жерге орналастырылды. 

Егіс-дала жұмыстарында Бауыржан Сабыралиев, Рысбай Жұманов, Бақыт Аспаров сияқты механизаторлар өнімді еңбек етіп, өзге әріптестеріне үлгі бола білді. 

Уақтылы ұмтылғанның ұтары көп, ұпайы түгел демекші, зауыттықтар енді өзге шаруаларға жұмыла кірісіп отыр. 

– Диқандарымыз алдағы күзде егетін бидай үшін 4000 га сүрі (пар) жыртуға шықты, – дейді бізбен әңгімеде көктем шыққалы көбінесе егіс алқабы басында жүрген акционерлік қоғамның вице- президенті Еркін Есенбаев, – егінді осындай күні бұрын әзірленіп, өңделген жерге орналастыру бізде дәстүрге айналған. Мұның пайдасы үлкен, гектар шығымдылығы айтарлықтай арта түседі. 

Елбасы халыққа арнаған соңғы Жолдауларында жермен жұмыста жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті үздіксіз арттыруға баса көңіл бөлді. «... Егін шаруашылығында суды көп қажет ететін тиімділігі төмен дақылдар көлемін қысқарту, оларды көкөніспен, майлы және азықтық өнімдермен алмастыру жолына бет бұру керек. Агрохимикаттарды тиімді тұтынудың, қуаң жерлерде топырақты нөлдік өңдеудің заманауи технологиялары мен өзге де инновацияларды қолдануды кеңейтудің кешенді шаралары қажет», – деп көрсетті.

Бұл міндеттерді біздің аудан шаруалары да назарға алып отыр. Жуырда облыс орталығынан келген мамандардың меркіліктермен карантиндік арамшөптермен, өсімдік зиянкестерімен күрес жөнінде өткізген жиналысы да егін өсіріп, өнім аламын дегендерге ой салып, іске қозғау салары анық. 

Жоғарыда аталған Е.Есенбаевтың айтуынша, зауыттықтар егіс алқабын түгел аралап көріп, карантиндік арамшөптің бар-жоқтығын, болса қаншалықты екендігін анықтап, қажет болса жылдағыдай химикаттармен өңдеуге тапсырыс бермек.

Малазықтық, майлы дақылдар – Елбасы мен Үкімет тапсырмалары, 2020-жылға дейін ауыл шаруашылығын дамытудың бағдарламасы бойынша басымдық берілген дақылдардың бірі. Осыған орай ауданда жоңышқа алқабы 22 мың га-дан асып отырса, мақсарыны 9500, сояны 300 га-ға орналастыру көзделуде. 

Мақсарыны өсіре білсе пайдалы дақыл екендігіне Кеңес ауылдық округі диқандары айқын көз жеткізді. Осындағы Жұман Лебетов басқаратын «Кеңес» шаруа қожалығы өткен жылы осы бағалы майлы дақылды 539 га-ға егіп, орта есеппен әр га-дан 5 ц-рге жуық өнім жинады. Оны тиімді бағамен өткізіп, еңбектері ақталды. 

Шаруашылық биыл да жері қуаңдау, табиғаты ерекше «Жауғаш батыр» учаскесінде мақсарыны былтырғыдан екі еседей көбірек – 1000 га-ға өсіруді жоспарлауда. Тұқымдарын күнілгері дайындап алған кеңестіктер дақылды жер дегдіп кетпей орналастыру қамына кірісіп кетті де. 

– Алдын-ала келісім бойынша мақсары дәнін жинап алған соң өткен жылғыдай Б.Хасанбаев жетекшілік ететін май шығаратын цехқа өткіземіз. Оларға да, бізге де тиімді бағамен, – дейді Жұман аға. 

Сонымен қатар, олар 400 га-ға жаздық арпаны себуді де тәмамдап қалды. 

Ауданда өзге шаруашылықтарда да егіс жұмыстары жалғасын табуда. Үстіміздегі жыл көктемнің өз ерекшелігі болып тұрғанын да ескерген ләзім. Наурыздан күн салқындау болып, жаңбыр да жауыңқырамай жердің көгі, күздік бидай да ойдағыдай көтерілмей тұр. Мұндайда жер де тез дегдіп, құрғақсып кетуі мүмкін.

Газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде ауыл шаруашылығы дақылдарын егудің облыс, аудан үшін оңтайлы мерзімдерін көрсетіп, жарияладық. Оны да қаперде ұстаған мақұл. Бұл кесте бойынша қарқынды үдетпесе кейбір дақылдарды орналастырып үлгере алмаймыз. Мәселен, қант қызылшасын 5-сәуірден 1-мамырға дейін сеуіп біту ұсынылса, 18-сәуірге дейін бір де бір га себілген жоқ. Сол сияқты майлы дақылдарды орналастыру да кешігіңкіреуде. 

Уақтылы егіліп, бітік өніп шыққан егіннің түсімі мерзімін өткізіп алып егілгеннен әлдеқайда жоғары болатыны белгілі. Яғни жұмыс уақытын жұмысқа жұмсап, қимылдап қалар сәтте арқаны кеңге салған сан соғып қалары анық.

Please reload

bottom of page