top of page

Қазақтың ақбас сиыры, қадір – қасиетін асыра түсті

Бақтыбай АБАЙ

23 мамыр, 2014

Өткен сәрсенбіде аудандық әкімдіктің кіші залында «Қазақтың Ақбас тұқымды сиырын жаздық жайылымда өсіруді дайындау және өсірудің технологиялық элементтері» деген тақырыпта аймақтық семинар болды. Оған аталмыш сиыр тұқымының республикалық Палатасының директоры Қ.Исабеков, менеджері Ә.Сейітмұратов, Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Б.Тасқожаев, Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан өкілдер, шаруа қожалықтары, мекеме-ұйымдар басшылары қатысты.

– Меркі жері – төрт түлік малды, оның ішінде ірі қара малын өсіруге де қолайлы мекен, қош келіпсіздер, – деп басқосуды ашқан аудан әкімі Б.Көпбосынов қонақтарды таныстырған соң алдымен Қазақтың Ақбас сиыры тұқымының республикалық Палатасының директоры Қ.Исабековке сөз берді. 

– Бүгінгі өткізіліп отырған семинар әдеттегі басқосу емес, ерекше өтіп отыр, – деді ол – Республика Үкіметі биыл 18 ақпанда қабылдаған Қаулысында асыл тұқымды мал өсіруге берілетін субсидиялардың да шарты көрсетілген. Республикалық Палатаға мүшелікке кіргендер, базалық шаруашылықтармен келісім-шарт жасасқан шаруашылықтар әжептеуір қолдау-субсидия ала алады. 

Одан әрі ол Ақбас сиырды өсірудің, көбейтіп, асылдандыру жұмыстарын жалғастырудың өзекті мәселелеріне тоқталды. Семинарға қатысушылардың сауалдарына жауап берді. 

Оның айтуынша, кеңес мемлекеті тарқар кезде 1 млн-нан астам Ақбас сиыр өсірілген екен, қазір бізде бұл малдың саны 100 мыңдай. Шаруалардың оған деген ықыласы артып, көбейіп келеді. Осы тұқымды сиырды көптеп өсіретін, селекциялық жұмыстармен мақсатты түрде айналысып, айтарлықтай нәтижеге жеткен шаруашылықтар аталған республикалық Палатаға мүшелікке өтуде. Біздің облыста оның әзірге 16 мүшесі бар. Ауданымызда алғашқылардың бірі болып өткен «Талдыбұлақ» шаруа қожалығы – іргелі шаруашылықтардың бірі. Соның нәтижесінде ол базалық шаруашылық болып отыр. 

Семинарда «Талдыбұлақ» қожалығының мүшесі М.Несіпбаев, зоотехник-селекционері Е.Шарипова шаруашылықтары, көрсеткіштері және малды күтімдеу технологиясы, жазғы жайылымда ұстауға дайындалып өткізу жөнінде қысқаша мәліметтер келтіріп, әңгімелеп берді. 

Осы күні семинарға қатысушылар «Талдыбұлақтың» Құм жайылымындағы малына барып жағдаймен, тәжірибелерімен танысты.

Please reload

bottom of page