
Дақылдар егіп алынды десек те басты көрсеткіш – түпкі нәтиже
Бақтыбай АБАЙ
04 маусым, 2014
Көктемгі егіс-дала жұмыстары аяқталды. Ауыл шаруашылығы дақылдары толық егіп алынды. Оның ішінде ауданда негізгі дақылдар – жаздық арпа 15750 га-ға, майлы дақылдар 10006 га-ға, қант қызылшасы 606 га-ға, бірінші жылғы жоңышқа 4500 га-ға орналастырылды.
Басым бағыттағы дақылдарды өсіруге баса көңіл бөлінді. Соның нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда жаздық арпа – 26, дәндік жүгері – 43, майлы дақыл – 2, қант қызылшасы – 1 пайызға көбірек егілді. Халық көкөніс-бақша дақылдары мен ақтүйнекті көп пайдаланады. Бірақ бұлардың егіс көлемі бұрынғы деңгейде қалып отыр. Көктемгі дала жұмыстарына биыл 988 тонна жанар-жағармай қажет деп есептелген-ді. Бұрын шаруаларымыз бұларды Шудан тасып, біраз шығындар болатын. Енді таратушы оператор ретінде «Юг Ойл» ЖШС белгіленіп, өзіміздің ауданда жұмыс істеуде. Әйтсе де бөлінген жанар-жағармайдың бөлінген көлемі толық алынбауда. Айта кетсек, наурыз айына ол 320 тонна мөлшерінде шаруа қожалықтарына бөлінсе, алынғаны – 144 тонна, сәуір айында осылай бөлінген 300 тоннаның алынғаны 98 тонна ғана.
Дақылдарды егіп алу аз. Жаздай талапқа сай күтімдеп, жиын-терінде жоғары өнімге қол жеткізсең ғана еңбегің түпкілікті жанбақ. Ал, өнімділікті арттырудың жолы көп. Соның бірі – жерді тоздырмай, құнарлылығын арттырып отыру. Бұл ретте де аудан диқандары үшін атқарар міндет үлкен. Тыңайтқыштар өндіретін зауыттарға аудан қажеті үшін 1800 тонна минералды тыңайтқыштарға тапсырыс берілген болатын. Ал, шаруашылықтардан оны 567 тонна көлемінде алуға өтініш түскен. Іс жүзінде әкеп алынғаны әзірге 99 тонна, яғни 17,4 пайызды құрайды.
Өткен жылдардың тәжірибесі де тыңайтылған алқаптарда гектар берекесі арта түсетіндігін дәлелдеп отыр. Осыған орай «Сыпатай батыр» ЖШС 150 тонна аммиак тыңайтқышын, 50 тонна амофос, «Жылы бұлақ – Меркі» ЖШС 50 тонна аммиак тыңайтқышын сатып алуға өтініш берді. Құнының 50 пайызы субсидияланады. Дақылдарды күтімдеу шаралары қыза түсер кез де келіп жетті. Тыңайтқыштарды уақтылы алып, орнымен пайдаланған ұтады. Алдағы өнім үшін жердің құнарлылығын арттыра түсуді кейінге қалдырмай, іске кіріскен мақұл. Жауын-шашын аз болып, егіс алқаптары құрғақсып барады. Ертеңін ойлаған шаруа суғару жұмыстарын ерте бастап, одан әрі жалғастыруда. Әлі ерте, жауын-шашын болар деп арқаны кеңге салған көп нәрсені жоғалтып алатын кез де осы. Яғни суғаруды еш кешіктіруге болмайды.
Елбасы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында «... Жаһандық ауыл шаруашылығы өндірісінде бәсеке өсе беретін болады. Жермен жұмыс істейтіндер, ең алдымен жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті үздіксіз арттыратындар, жұмысын әлемдік стандарттар негізінде жүргізетіндер болуы керек», деп айтып, нақты бағыт берді. Шындығында озық шетелдер ауыл шаруашылығын жүргізуде көп алға кетті. Суды үнемдеп пайдалану бойынша біздің олардан үйренеріміз жеткілікті. Екінші жағынан мұндай қадамға бармасқа тағы болмайды. Судың жетіспеуі жылдан-жылға айқынырақ сезілуде. Құрғақшылық зардабын екі жылдың бірінде көре бастадық. Көктемнің өзінде ылғалдың аз түсуі әдетке айналып бара жатқандай. Ауа райының суықтау болып, жаңбырдың жаумауы көктемнің ортасынан-ақ шаруаларды алаңдатып отыр. Озық технологияға ден қойып, бар судың өзін тиімді пайдаланбаса әжептеуір қиындықта қаларымыз ақиқат.
Сыпатайлықтар түрік ағайындардың көрсетіп, тәжірибелерін ортаға салуымен биыл қант қызылшасы мен жүгеріні тамшылатып суғаруды көздеген болатын. Қажеттілер алынып, бұл шаруа жолға қойылу үстінде. Бұл озық технология қанша жылдан бері айтылып келгенімен, көптеп пайдаланылмай келгендіктен барлық диқандар сыпатайлықтардың тәжірибесінен нәтиже шығып, бүкіл ауданымызда тамшылатып суғаруға айтарлықтай серпін береді деп күтуде.


