
Жеміс-жидек өсіруде озық технологияның пайдасы зор
Дамира ЖАМБАЕВА
11 маусым, 2014
Жуырда ауданымызда Қазақ жеміс-жидек және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен тәжірибелік семинар өтті.
Семинарға аудандағы бау-бақша егумен айналысатын шаруа қожалықтарының өкілдері қатысып, аз шығынмен көп өнім алудың жолдарымен танысты. Семинар «Меркі тәжірибе шаруашылығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бақшасында өтті.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Зиятхан Өміралиевтің сөзінше, бүгінде облыс бойынша 250 шаруашылық жеміс-жидек өсірумен айналысып отыр. Олар 4 мың 500 гектарға бау-бақшалар мен жүзімдіктерді өсіруде. Бұған қоса бау-бақша егем деушілердің саны биылғы жылы тағы да 10-ға көбейіпті. Нәтижесінде, 100 гектарға жүзім, 200 гектарға алма бағы егіледі деп жоспарланып отыр.
«Облысымызда жеміс- жидек өсірумен айналысып жатқан шаруалардың алды озық технологияларды пайдаланып, тамшылатып суару технологияларын қолдануда. Бұл әдіс жалпы жылдан- жылға өсе беретін болады. Ауыл шаруашылығы саласындағы экономикалық жағынан тиімді дақылдардың бірі осы – жеміс-жидек пен көкөніс. Дегенмен, маусымаралық кезеңдерде өзімізді-өзіміз жеміс- жидектермен әлі де толық қамтамасыз ете алмай отырмыз. Бірақ алдағы уақытта шеттен келетін өнімдердің көлемі біртіндеп азаяды», – деді Зиятхан Смағұлұлы.
Бүгінгі семинарға ғылыми- зерттеу институтынан 6 маман келді. Олардың әрқайсысы өз бөлімі мен зерттеген саласына байланысты бүгінгі шараға жиналған қауымға ғылыми тұрғыдан кеңестер берді. Негізінен, жеміс ағаштарын қалай баптау керек, мол өнім алу үшін қандай технологияларды пайдаланған жөн, зиянкестермен қалай күресу керек? – деген сияқты сұрақтарға жауап берілді.
Институт ғалымдарының пікірінше, елімізде қазіргі қолданыста жүрген бақтарымыздың тиімділігі еуропалық бақтарға қарағанда 5 есеге төмен. Оның сапасын арттыру үшін, интенсивті бақтың ең тиімдісін пайдалану керек. Дәл осы интенсивті бақтың толық технологиясын пайдаланған жағдайда, гектарынан 60-70 тоннаға дейін өнім алуға болады екен.
Жеміс және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты «Тәлімбақ» зертханасының меңгерушісі Самат Исаев өткізген іс- шараларына байланысты: «Өз елімізді алма, жүзім жемістерімен қамтамасыз ету үшін, біз бақшаларды көбейтуіміз керек. Соны көбейту үшін, жаңадан құрылып жатқан шаруашылықтарды үйрету біздің негізгі мақсатымыз. Сондықтан, біз осылай облыстарға шығып, үйрету жұмыстарын жиі жүргізіп тұрамыз. Бұған қоса бізбен жұмыс жасаған шаруа қожалықтарда көктем мезгілінен бастап, күзгі жиынға дейін бірлесе істер атқарамыз», – деді.
Ғалымдардың алдында сөз сөйлеген аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов: «Біздің ауданда қазіргі кезде бау-бақша өсіруде алдыңғы қатарға шыққан 6 қожалық бар. Бұған қоса биылғы жылға 100 гектарға алма егуді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 60 гектары тамшылатып суару технологиясын енгізбекші. Жалпы бау- бақша егу ауқымын кеңейтіп, оның үлесін 1000 гектарға дейін жеткізсек деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, біз жеміс-жидек өсірумен айналысатын шаруа қожалықтарының өнімдерін өткізу жағын да қарастырып отырмыз. Осыған орай ауданымызда шарап зауытын іске қосу үшін қызу жұмыстар жүруде» –деді.
Семинар барысында, сонымен қатар «Меркі тәжірибе шаруашылығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі арнайы тал егудің тәртіптері көрсетіліп, зиянкестерден сақтанудың жолдары талқыланды.



