
Тұрақты даму бағдарламасы – жұмыс істеймін дегенге үлкен қолдау
Бақтыбай АБАЙ
11 маусым, 2014
Мемлекет басшысы «Қазақстан – 2050» Стратегиясында «Болашақ агросекторда, әсіресе, шағын және орта бизнес түріндегі жаңа өңдеу кәсіпорындары желісін құруда. Бұл тұста біз бизнесті несие арқылы қолдауға тиіспіз.
...Шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс», – деп көрсеткені белгілі. Бұл саланы дамытуға байланысты Елбасының, Үкіметтің тапсырмалары ауданымызда басшылыққа алынуда.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы туралы газетімізде бұған дейін де айтылып, оның мән-маңызы, іске асырылу тетіктеріне қатысты кеңірек түсініктемелер беріліп келді. Кәсіпкерлікпен, бизнеспен жаңадан айналысқысы келгендер жылдан- жылға көбейе түсті. Осыған орай мемлекеттік бағдарламаға тағы да тоқталып, ол қалай жүзеге асырылатындығын түсіндіре кеткенді жөн көрдік.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын және Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын іске асыру үшін әзірленген. Бағдарлама Қазақстан Республикасының 2010–2014 жылдарға арналған Мемлекеттік үдемелі индустриалды-инновациялық дамыту бағдарламасын іске асыру механизмдерінің бірі болып табылады. Бағдарламаның мақсаты – экономиканың шикізаттық емес секторларындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сонымен қатар бар жұмыс орындарын сақтау және тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын құру.
Бағдарлама екі кезеңмен жүзеге асырылатын болады:
– 1-ші кезең – 2010 - 2014 жылдар аралығында. Яғни, 2010 жыл бағдарлама міндеттемелерінің шешілуі: жаңа бизнес – бастамаларды қолдау, кәсіпкерлік секторды сауықтыру, шетелге тауар шығарушыларды қолдау сияқты үш бағыт бойынша іске асырылатын пилотты жыл болды. 2011–2014 жылдар аралығында міндеттемелердің шешілуі жаңа бағдарламаларды қолдау, шетелге тауар шығарушыларды қолдау сияқты екі бағыт бойынша іске асырылуда.
– 2-ші кезең – 2015 - 2020 жылдар аралығында жаңа бағдарламаларды қолдау, шетелге тауар шығарушыларды қолдау сияқты екі бағыт бойынша жүзеге аспақ.
Заман талабына сай ұмтылыс жасап, қалаған кәсібін, жұмысын одан әрі дамытуды көздеген оқырмандарымыздың, халыққа қызмет көрсетуде, өндіріс, шаруа басында жүргендердің көкейіндегі сауалдармен аудандық әкімдіктің өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Д.Б.Тасқараевқа қайырылдық.
– Жобаларды іріктеу кезінде қандай саладағы кәсіпорын қызметіне басымдық беріледі?
– «Бизнес жол картасы – 2020» бағдарламасына әлеуетті қатысушылар үшін экономиканың басым секторлары:
Агроөнеркәсіп кешені;
жеңіл өнеркәсіп және жиһаз шығару;
құрылыс материалдары мен металл емес өзге минералды өнімдер өндіру;
өзге өнеркәсіп секторлары (оның ішінде өзге дайын өнімдер шығару; электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа сорғызу; су жинау, өңдеу және тарату; канализация жүйесі; қалдықтарды жинау, өңдеу және тазарту, қалдықтарды іске жарату; қалдықтарды жою саласында қайта культивациялау)
көлік және қойма қызметі;
туризм;
ақпарат және байланыс;
кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет;
білім;
денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер;
өнер, көңіл көтеру және демалыс;
қызметтің өзге түрлерін (компьютерлерді, жеке пайдалану заттары мен тұрмыстық тауарларды жөндеу жұмысын) ұсыну.
– Кәсіпкерлерді бағдарлама бойынша қолдау қандай бағыттар бойынша жүзеге асырылады?
– Бағдарламаның іске асырылуы:
жаңа бизнес- бастамаларын қолдау;
кәсіпкерлік секторды сауықтыру;
өнімді шетке шығаруға бағдарланған өндірістерді қолдау сияқты үш бағыт бойынша жүзеге асырылады.
Бағдарламаның іске асырылуының бірінші бағыты аясындағы мемлекеттік қолдау мынадай әрекеттерден:
жобаларды іске асыру үшін банк несиелері бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау;
жобаларды іске асыруға бағытталған банк несиелері бойынша ішінара кепілдік беру;
өндірістік (индустриалдық) инфрақұрылымды дамыту;
бизнесті жүргізуде сервистік қолдау көрсету сияқты қызметтен тұрады.
– Дос Болатұлы, осы ретте біздің ауданда нақты атқарылған жұмыстарға тоқтала кетсең?
– «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша соңғы үш жылда құны 580,0 млн. теңгені құрайтын 13 жоба іске асырылды, олар – өндірістік инфрақұрылымдарды дамыту бағыты бойынша:
2011 жылы (3 жоба):
«Талдыбұлақ» ШҚ-ға су жүйесін тарту. Жоба құны 30 млн.600 мың теңге;
«Жылыбұлақ» ЖШС-нің қой қырқын алаңына электр сымын тарту. Жоба құны 33 млн. теңге;
«Ар-Ас» ШҚ-ға баратын көлік жолы. Жоба құны 95 млн. 700 мың теңге.
2012 жылы (1 жоба):
«Нарт» ШҚ-ға электр сымын тарту. Жоба құны 33 млн. 600 мың теңге.
2013 жылы (2 жоба), атап айтқанда:
«Жайлау» ШҚ-ға электр сымын тарту. Жоба құны 19 млн. 700 мың теңге;
«Аружан» ШҚ-ға электр сымын тарту. Жоба құны 7 млн. теңге.
Банк несиелерінің пайыздық мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау бойынша:
2011 жылы (1 жоба):
«Меркі жолаушы» ЖШС-і. «БТА» банк АҚ-дан 25 млн. 500 мың теңге несие алып, кәсіпорынға қосымша 5 ПАЗ автобусын алды.
2012 жылы (2 жоба):
«Меркі ірімшік зауыты» ЖШС-і. «БанкЦентрКредит» АҚ- дан 35 млн. теңге несие алып, кәсіпорынға қондырғылар алды;
Жеке кәсіпкер «Қыстауов» қонақ үй құрылысына «АТФ Банк» АҚ- дан 15 млн. теңге несие алды;
2013 жылы (4 жоба), атап айтқанда:
«Алкотамақөнеркәсіп» ЖШС-де ашылған консерві зауытына «Альянс банк» АҚ-дан 260 млн. теңге несие алып, кәсіпорынға қондырғылар алды;
Жеке кәсіпкер «Әлімбекова» наубайханаға трансформатор алуға «АТФ Банк» АҚ- дан 2 млн. теңге несие алды;
«Зико және Компания» ТС-гі ТЖО-ға құрал жабдықтар алу бойынша «АТФ Банк» АҚ-дан 8 млн. теңге несие алды;
Жеке кәсіпкер «Қалысбаев» қонақ үй құрылысына «АТФ Банк» АҚ- дан 15 млн. теңге несие алды.
2014 жылы:
«Самат және К» ЖШС тіс жөндеу орталығына құрал-жабдықтар алуға «АТФ Банк» АҚ-дан 4 млн. 500 мың теңге несие алды.
– Жаңа бизнес- бастамаларды қолдау дегеніміз нені білдіреді және де жаңа жобаларды іске асырушы кәсіпкерлер қандай қолдауға иек артады?
– Жаңа бизнес- бастамаларды қолдау дегеніміз жаңа жобаларды іске асырушы немесе жаңа жобаларды іске асыруды, сонымен қатар экономиканың басым секторларындағы өндірістерді жаңартуға және ұлғайтуға бағытталған жобаларды жоспарлап жүрген кәсіпкерлерге жеңілдік көмек көрсетілуін қарастыратын шаралар кешені. Егер кәсіпкер осы анықтамаларға сай келетін болса, онда ол мынадай:
несие бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау;
несие бойынша ішінара кепілдік беру;
өндірістік (индустриалдық) инфрақұрылымды дамыту;
бизнес жүргізуге сервистік қолдау көрсетілу;
– Жаңа жобалар бойынша субсидия алу шарттары қандай?
– «Жол картасы» аясындағы субсидия дегеніміз – бұл бюджеттен өтеусіз негізде берілетін несие бойынша сыйақының бөлігі. Субсидиялау Банктердің жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру үшін берілген жаңа несиелері бойынша, сонымен қатар экономиканың басым секторларындағы өндірістерді жаңартуға және ұлғайтуға бағытталған қолданыстағы жобалар бойынша жүзеге асырылатын болады.
Жаңа несиелерге Банктерден жаңа инвестициялық жобаларды, сонымен қатар экономиканың басым секторларындағы өндірістерді жаңартуға және ұлғайтуға бағытталған жобаларды іске асыру үшін 2010 жылғы 1-қаңтардан бастап берілген кредиттер де жатады.
– Жаңа жобалар бойынша субсидия қанша уақытқа беріледі?
– Жаңа жобалар бойынша субсидиялау мерзімі 1 жылдан 3 жылға дейін, кейіннен 10 жылға дейін ұзартылуы мүмкін.
– Жаңа жобаларға субсидия берілген жағдайда, несиенің көп сомасы қанша?
– Бір Кәсіпкер үшін субсидияланатын несие сомасы бір жоба шеңберінде 3 млрд теңгеден аспауы тиіс. Бұл жерде несиенің сомасы, Кәсіпкермен үлестес тұлғалар/ компаниялардың несие бойынша берешегі есепке алынбай есептеледі. Егер несиенің/ Кәсіпкердің жеке жобасына берілген негізгі қарыз бойынша берешегінің жалпы сомасы 3 млрд. теңгеден асып кетсе, Кәсіпкер субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдауды 3 млрд. теңгелік бір жобасына ғана алуға құқылы.
– Пайыздар төлемі бойынша шығыстардың қандай бөлігі мемлекет тарапынан өтеледі?
– Жылдық номиналды ставкасы 14%-дан аспайтын несиелерге субсидия бөлінеді, оның 7%-дан аспайтындай мөлшерін Кәсіпкер төлейді, ал 7%-ын мемлекет өтейді.

"Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы несиесімен қонақ үй салып жатқан Е.Қалысбаев прораб Қ.Гулялиевпен құрылыс басында

Бағдарламаның шапағаты тиген кәсіпкерлердің бірі – "Зико және компания" серіктестігінің басшысы З.Мырзабаев.


