
Еларалық кездесу: су енді қатаң келісілген мөлшерде беріледі
Бақтыбай АБАЙ
25 маусым, 2014
Аспара өзенінің суын біздің аудан мен Қырғызстанның Панфилов ауданының диқандары, жалпы тұрғындары бөлісіп пайдаланып келгені белгілі. Әр мемлекетке бұл ағын судың қанша мөлшері тиесілі екендігі бұрын да айқындалып, келісіліп келді. Дегенмен, су бөлу тетіктерінің суды дәл бөлмеу себептерінен екі жақ арасында ара-тұра өкпе де айтылып қалып жүргені рас. Міне, 23-маусымда өткен мемлекетаралық кездесуде бұл мәселе шешілді.
Атап айтқанда, Қырғызстанның осы Аспара бассейінінде орналасқан Чолок Арық ауылында Аспара өзенінде пайдаланылатын мемлекетаралық заманауи су өлшеу жүйесін іске қосу рәсімі болды.
Бұл рәсім Халықаралық даму жөніндегі АҚШ Агенттігінің (USAID) қаржылық қолдауымен Орта Азия аймақтық экологиялық орталығы (РЭЦЦА) іс жүзіне асыратын АҚШ Үкіметі Бағдарламасының бір бөлігі болып табылады.
Ресми рәсімге USAID және РЭЦЦА-ның, сондай-ақ, ортақ өзендерді бірігіп, тиімді пайдалануға мүдделі мемлекеттер өкілдері, оның ішінде біздің аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Бұтабаев бастап барған меркіліктер қатысты.
С.Бұтабаев Орталық Азиядағы USAID миссиясының директоры Джонатан Адлтон және Панфилов ауданы әкімшілігінің басшысы О.Ноғоевпен бірге лентаны қиып, мемлекетаралық су өлшеу қондырғысын іске қосу құрметіне ие болды (суретте).
Сөйтіп, кездесуде су өлшегіш жүйесі жұмысының тұсаукесері болып, приборлар мен компьютер, басқа да техникалық тетіктер көрсетілді. Баспасөз брифингі өткізілді.
Мемлекетаралық кездесуде өзге қатысушылармен қатар С.Бұтабаев сөз сөйлеп, бұл іс-шараның, суды дұрыс бөлудің маңыздылығын айтып, мүдделер ұштасқан ынтымақтастыққа сәттілік тілейтіндігін жеткізді.
Іс-шара жоғары деңгейде өтті. Енді қатаң түрде судың 62 пайызын меркіліктер, қалғанын қырғыздар пайдаланатын болды.
Мемлекетіміздің басшысы «Қазақстан – 2050» Стратегиясында суды үнемдеп пайдалануға, шетелдік озық тәжірибелерді енгізуге баса көңіл бөлді. Қырғызстандағы кездесу, оның нәтижесі бұл көрсетуді басшылыққа алудың бір дәлеліндей.



