top of page

Күздікке сүрі жыртып алынды, зауыттықтар енді пішен әзірлеуді кідіріссіз жалғастыруда

Бақтыбай АБАЙ

25 маусым, 2014

"Шанаңды жазда сайла", – демекші алдағы мал қыстату науқанына, басқа да шаруаларға дайындық шаруашылықтарда қазірден жүруде. Мұнда, әсіресе, мал азығы қорын молайтудың маңызы зор. Сол себепті де жер-жерде пішен шабу науқаны қызу шағында.

«Меркі» асыл тұқымды зауыты» АҚ-да 600 га-дан астам жоңышқа бар. Көктемнің суықтау болуына байланысты табиғи шабындықтардағы табиғи шөптің шығымы биыл көңіл толтырарлықтай емес. Сондықтан жоңышқаның әр орымын шаруақорлықпен жинап алудың мәні үлкен. 

Осында жұмысқа бес «Беларусь» тракторы тартылған. Аманжол Нұркенов басқаратын №1 бригада еңбеккерлері әрбір жұмыс күнін ұтымды пайдаланып,150 га- дан астам жоңышқа шауып, шетінен, сапасын жоғалтпай тайлау үстінде. Бұл жұмысқа бұрыннан қатысып жүрген механизаторлар Бауыржан Сабыралиев, Дәурен Досекеев – жоңышқа шабуда, Б.Акбаров (суретте), Қанат Оразбаев – тайлауда тындырымды істерімен көрінуде. 

Шаруашылықта сол сияқты алдағы күзде егілетін күздік бидайдың да қамы ерте бастан ойластырылған. Яғни, оны орналастыруға қажетті жер жыртылуда. 

Елбасы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында «...бүгінгі фермерлер тек уақытша әрі ауа райына байланысты кездейсоқ жетістіктерге малданып қалмай, өндірістің өсімі жөнінде ойлануға тиіс. Жаһандық ауыл шаруашылығы өндірісінде бәсеке өсе беретін болады. Жермен жұмыс істейтіндер, ең алдымен жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті үздіксіз арттыратындар, жұмысын әлемдік стандарттар негізінде жүргізетін болуы керек», – дегені белгілі. Акционерлік қоғам диқандары бұл көрсетулерді үнемі басшылыққа алуда. Қай дақыл болмасын алдын- ала жыртылып, мұқият өңделген жерге орналастыру жақсы дәстүрге айналған. Тұқымдары да сапалы әзірленген, өнгіштігі жоғары болып келеді. 

Күздік бидай үшін өнімділікті арттырудың, жоғары технологияның негізі – тұқымды сүрі (пар) алқапқа себу. Зауыттықтар биыл көктемнен бастап 3000 га-дай жерді күні бұрын жыртып қоюды жоспарлаған-ды. Көзделген жұмыс көлемі негізінен атқарылды деуге болады. 

Жер жыртуда қуатты техника – 3 К-700, 4 1221 Беларус тракторлары пайдаланылды. Василий Якушенко, Нұрғали Жұманов басқаратын №2 бригада механизаторлары уақытпен санаспай еңбек етіп, келесі жылғы өнім негізін қалай білді. Бейсенбай Қилыбаев, Батырбек Мүсірәлиев, Дәулет Мірәбілдаев, Бақытжан Тойшыбеков, Нұрғали Райысов сияқты білікті механизаторлардың алдағы жазғы, күзгі өзге де науқандық шаруаларға да белсене қатысатындығына сенім зор. 

Шаруашылықта жылда болып, өзіміз байқап жүргендей дала жұмыстарының басында акционерлік қоғамның вице- президенті Еркін Есенбаев өзі болып, еңбеккерлерге тиісті жағдайдың туғызылуын, соған қарай жұмыста сапа болуын қадағалап отырады. 

– Кәсіподақ ұйымымен, бас экономист, есепшілермен бірлесе жасалған еңбек шарты, нормалар механизатор – диқандарды өнімді еңбекке жұмылдыруда, – дейді Е.Есенбаев, – Осы қарқынмен алдағы егін орағы науқанына да әзірлікпен бару ниетіндеміз. 

 

Суреттерде: мал азығын дайындау, жер жырту ұштастырыла жүргізілді.

 

Please reload

bottom of page