
Шілде – жұмыс қауырт шақ егін орағы
Бақтыбай АБАЙ
16 шілде, 2014
Жаздың ең ыстық айы – ауыл шаруашылығы жұмыстарының да ең бір қызған шағы. Шаруашылықтарда егін орағы, пішен дайындау, дақылдарды күтімдеу одан әрі жалғасуда.
15-шілдеге қарай ауданда 30240 га егіннің 4065 га-сы жинап алынды. Гектар түсімі әзірге орта есеппен 6,5 центнерден айналып отыр. Жалпы бұл науқанда барлығы 141 комбайн пайдаланылуда. Күніне орта есеппен 1000-1100 га егін бастырылуда.
Биылғы қолайсыз ауа райы салдарынан түсім төмендеу болып тұр. Дегенмен, жер өңдеп, дайындағанда ылғал сақтау технологиясына, ауыспалы егіс танаптарын пайдалануға ден қойған шаруашылықтарда көрсеткіш жоғарырақ. Айталық, «Сыпатай батыр» серіктестігінде арпаның гектар қайтарымы 9 центнерден айналуда. «Меркі асыл тұқымды зауыты» акционерлік қоғамы диқандарының да нәтижені жақсарта түсуге мүмкіндіктері бар. Мұнда биыл 4013 га күздік бидай, 1621 га жаздық арпа ораққа түсті. 181 га орып алынған бидайдың орташа түсімі 7 центнерден айналды.
«Жылыбұлақ – Меркі» серіктесті, «Аспара» өндірістік кооперативі мен көпшілік шаруа қожалықтарында түсім төмендеу.
Комбайндар негізгі алқаптарды енді-енді бастыра бастайды. Яғни көрсеткіш көтеріле түседі деп үміт артайық.
Елбасы биылғы Жолдауында ауа райы қандай болса да өндірістің өсімін ойластыруды тапсырды. Яғни ішкі резервтерді жете пайдаланған жөн.
Жаз – малдың қысқы жемшөбін молынан дайындайтын да кез. Шығым жақсы болса бұған мүмкіндік те жеткілікті. Ауданда орылатын 34 мың гектарға жуық жоңышқа, 4856 гектар табиғи шабындық бар.
Өкінішке қарай біраз жерде шабындық шөбі нашар шығып, ерте қурап кетуіне байланысты бар үміт – жоңышқаны ысырапқа ұшыратпай уақтылы жинап алуда.
Аудандық әкімдіктің ауыл шаруашылығы бөлімінің бізге берген мәліметі бойынша биылға жопарланған 105280 тонна пішеннің әзірге 68220 тоннасы дайындалған. Бұл жоспардың 64,7 пайызы.
Ауданда бар 34 мың гектардай жоңышқаның 21 мың гектары ғана бірінші орымға ілікті. Екінші орымға түскені 1740 га ғана. Яғни биылғы межеге қол жеткізу үшін шабуға болатын жердің бәрін шауып, көп жұмыс істемесе болмайды. Пішен жеткіліксіз болса қыс мал шығынына ұшыратып, үлкен әбігерге салатынын өткен мал қыстату науқаны қатаң еске салғанын ұмытпаған лазым.
Жиналғанның бәрі пішен емес. Ыстық ауа райында жоңышқа, шөпті қуратпай, сапасын жоғалтпай маялағанға баса көңіл бөлетін кез де бұл.
Суретте: "Сыпатай батыр" серіктестігіндегі дала жұмыстарынан көрініс.


