
Салық – халықтың ортақ қазынасы, әлеуметтік-экономикалық жағдайды нығайту негізі
Бақтыбай АБАЙ
18 шілде, 2014
Биылғы жылы салық жүйесі 23 жылдығын атап өтуде. 1991 жылы 9 шілдеде Қазақ КСР Президентінің Жарлығымен Мемлекеттік салық қызметінің органдары құрылған болатын. Сол жылы салық бөлімдері негізінде Меркі ауданы бойынша салық қызметі жасақталды.
Ауданымыздың салық жинаушылары үшін биылғы жылдың бірінші жартысының қорытындысы жаман болған жоқ. Салық түсімінің 30 пайызын беріп отырған ірі «КСС» компаниясының ауданымыздағы жұмысының аяқталуына байланысты тоқтауына, салықтық тексерулердің уақытша тоқтатылуына қарамастан, барлық деңгейдегі бюджеттің кірісі бойынша ауданымыздың салықшылары бекітілген жоспарды толығымен орындады. (Кеңірек газетіміздің келесі санында).
Салық жинау – аса маңызды мемлекеттік қызметтің бірі. Өйткені, мемлекеттің тіршілік тынысы, әрекеті, алдағы жоспары, көздеген мақсатына қол жеткізу, бәрі-бәрі қазына қаражатына байланысты. Салық қызметінің негізгі міндеті - заңды және жеке тұлғалардан түскен салық есебінен халықтың қазынасын еселеу. Қазір салық жүйесінде кездесіп келген бірқатар қиындықтар еңсерілді. Алғашқы кездерде салықтан бас тарту, салықтың қалтаға түсірер аз ғана салмағын ауырсыну орын алған болатын. Бұның бәрі халықпен тығыз жұмыстың арқасында дұрыс жолға қойылды. Ел экономикасының жағдайы жақсарған сайын салық мөлшері төмендейді. Бұл – нарықтық экономиканың негізгі заңдылығы.
Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығының болжамдық сомасы ненің есебінен орындалып отыр? Бұған, ең алдымен, ауданның нақты салық салу базасын қалыптастыру, мемлекеттік және атқарушы органдармен бірлесіп, қосымша кіріс көздерін табу нәтижесінде қол жеткізілді. Осындай ішкі резервті іске қосу негізінде бірқатар кіріс көздері жаңадан анықталып, мемлекеттік бюджетке қосымша 48,9 млн. теңге құйылған. Оның 25,4 млн. теңгесі республикалық бюджетке, 23,5 млн теңгесі жергілікті бюджетке бағытталған. Ұйымшыл ұжым енді бүкіл еңбек жылын нәтижелі қорытындылауға жұмылып отыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында тағы да шағын және орта бизнестің дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасау қажеттігін жүктеді. Бүгінде ауданымызда 4976 жеке кәсіпкер, 389 заңды тұлға тіркеуден өтіп, жұмыс жасайды. Дегенмен, мемлекеттік салық саясатының оларға жасалып отырған жеңілдіктеріне қарамай, уақытша тексеру тоқтатылғандығын пайдаланып, салық төлеуден жалтарушылық кездесіп қалады. Кез келген өркениетті елде салық төлеу азаматтық іс, міндетті парыз болып табылады.
Аудандық салық басқармасы сонымен бірінші жартыжылдықтың жоспарын артығымен орындап шықты. Яғни, салық және басқа да төлемдерден бюджетке түсетін қаржы болжамы сомасы артығымен орындалды. Сонымен қоса, ортақ қазынадан жергілікті бюджетке түскен қаржының көлемі де айтарлықтай. 2014 жылдың бірінші жарты жылының қорытындысы бойынша Меркі ауданы бойынша салық басқармасының болжам сомасы 1373,4 млн.теңгені құрап, мемлекет қазынасына нақты 1461,5 млн. теңге түсті, немесе жоспардан тыс 88,1 млн. теңге салық өндіріліп, жоспар артығымен 106,4 пайызға орындалды. Атап айтқанда, республикалық бюджет жоспары 455,4 млн. теңгені құраса, нақты түсім 462,8 млн. теңгені құрап, болжам сома 101,6 пайызға орындалды.
Жергілікті бюджетке бекітілген болжам сомасы 918,1 млн. теңгені құрап, бюджетке нақты 998,7 млн. теңге түсім түсіп, жоспар 108,8 пайызға орындалды. Оның ішінде:
Облыстық бюджетке бекітілген 254,4 млн. теңге жоспар соманың орнына 270,0 млн. теңге түсім түсіп, жоспар 15,6 млн теңгеге артық орындалды немесе 106,2 пайызға орындалды.
Аудандық бюджетке бекітілген болжам 663,6 млн. теңге болса, нақты бюджетке 728,6 млн. теңге түсім түсіп, жоспар 109,8 пайызға артығымен орындалып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жергілікті бюджет түсімі 113,6 млн. теңгеге, ал аудандық бюджет 133,1 млн. теңгеге артық орындалды.
Әрине, көрсеткіштердің жылдан жылға өсуі алдымен салық төлеушілердің салық мәдениетін түсінуі және салық органы қызметкерлерінің тынымсыз жұмыстарының нәтижесі.
Ұжымның ұйымшылдығының арқасында қазіргі таңда салық басқармасында салық қызметін уақтылы әрі сапалы жүргізу көрсеткіштерін жоғарылату, салық төлеушілердің сенімділігін арттыру мақсатындағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Ақпаратты қабылдау, өңдеу, тіркеу орталығы салық төлеушіге аптаның барлық жұмыс күндері, ережеге сәйкес, үзіліссіз қызмет көрсетеді. Ақпараттық технологиялардың дамуы, интернет мүмкіндіктерін пайдаланудың кеңеюі ұсынылатын электронды қызметтердің, соның ішінде салық саласындағы қызметтердің де арнасын үнемі кеңейтіп отыруға ықпал жасауда. Яғни, мекемеде электронды қызмет түрі де жақсы жолға қойылған.
Құрылғанына биыл 23 жыл толған аудандық салық комитетін бірінші басқарғандар Нұрмерген Баубеков пен Бижамал Молдашева болды, одан кейініректе Болат Батырбеков, Азамат Қасабеков, Шолпанбек Бегасылов сынды білгір мамандар басшылық жасады. Бүгінгі күнде салық басқармасын Мұратбек Мырзауытбекұлы Сырлыбаев басқаруда. Басқармада 19 адам қызмет атқарады. Олардың ішінде Қазақстан Республикасының Қаржы минстрлігінің салық комитетінің алғыс хатымен, облыс әкімінің алғыс хатымен, аудан әкімінің мақтау қағазымен, қаржы министрлігінің мақтау грамотасымен, төс белгілерімен марапатталған қызметкерлер бар.
Салық басқармасында әртүрлі бағытта жұмыс атқаратын бөлімдер бар. Олар – Ақпаратты қабылдау, өңдеу, тіркеу бөлімі, есеп бөлімі, салық төлеушілермен жұмыс істеу, өндіріп алу бөлімі және әкімшіліктендіру бөлімдері. Бұл бөлімдерде мол тәжірибелері бар мамандар жұмыс істейді. Әрбір бөлімді Алейникова Елена Алексеевна, Үркіншиева Роза Меркімбекқызы, Әлменова Сымбат Жаңбырбайқызы, Байтік Бақыт сияқты білгір де білікті мамандар басқарады. Әріптестерімен қоян-қолтық жемісті жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі мамандар да баршылық. Атап өтер болсақ, олар Д.Расулова, А.Байжанова, Б.Рамаданова, М.Сағымбекова, т.б.
Салық қызметінің 23 жылдық кәсіби мерекесі қарсаңында өзінің бойындағы жақсы қасиеттерін әріптестеріне үйретуден жалықпайтын, қарамағындағыларға жоғары талап қоя білетін білгір мамандардың еңбегі ерекше бағаланып, аудан әкімінің мақтау қағазымен А.Байжанова, аудандық маслихат грамотасымен Б.Байтік, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамоталарымен Е.А.Алейникова және Р.М.Үркіншиева марапатталды. Ауданымызда шағын және орта бизнес нысандары күн санап дамып келеді. Олардан түскен салық – халықтың ортақ қазынасы. Осыны терең түсінген салық қызметкерлерін айтулы мерекелерімен құттықтаймыз. Ортақ мүддеге жұмылған ой-армандарыңыз орындалып, еңбектеріңіз жемісті бола берсін.


