top of page

Су… су керек, диқандардың қазіргі басты проблемасы туралы

Бақтыбай АБАЙ

23 шілде, 2014

Соңғы жылдардағы күрделі ауа райы, құрғақшылық ылғалдың жетімсіз болуына біз әрқашан дайын болып, дақылдарды мұның бәрін ескере отырып егуіміз керек екендігін көрсетуде.

Меркі, Аспара өзендеріндегі судың көлемі өткен жылғыдан екі есеге жуық кеми түсуі, аптап ыстықта еңбекпен өсірілген егіс алқаптарының сусап тұруы үлкен алаңдаушылық тудыруда. Көкөніс, бақша, қант қызылшасы мен жүгері, т.б. дақылдар су болса ғана өнім бермек. Ал, су проблемасы күннен-күнге, жылдан-жылға созылып түпкілікті шешімін таппай келеді. 

Сөзіміз дәлелді болуы үшін айта кетудің артықтығы жоқ, «Красный Восток» шаруа қожалығы (Сарымолдаев ауылдық округі) аудандағы іргелі ірі қожалықтардың бірі. Біраз техникасы бар, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруде тәжірибесі де жеткілікті, бірқатар ұсақ қожалықтар оған қосылып, шаруаны бірге жүргізуді де ойластырып отыр. Бірақ осылай өзгелер үміт артқан «Красный Востоктың» да тұйыққа тірелгендей хал кешіп отыруы өкінішті. Мұнда биыл 65 га-ға қант қызылшасы егілген-ді. Жап-жақсы өніп шыққан дақыл одан әрі өсіп-жетілуі тежеліп, кісі аяғандай жағдайда, су тапшылығын көруде. Үлкен Шу каналы арқылы су алатын шаруа қожалығының төрағасы Зиядин Шерадзе: 

– 65 га қызылшаның 10 га-сын ғана бірінші судан шығарып үлгердім, – дейді бізбен әңгімесінде, – Қырғыз Республикасы Үлкен Шу каналы арқылы суды мүлдем бермей қойды. Аспара өзенінен келетін суды пайдаланғысы келетіндер тұрғындарды қоса есептегенде 400-ден асып жығылады. Кезексіз, ұрлап пайдаланатындар қаншама. Биыл жағдай дұрысталатын шығар деп қызылшаны тәп-тәуір өнім беріп жүрген жоңышқалығымды жыртып, орнына ектім ғой. Енді жоңышқа да жоқ, тәтті түбірді де өсіре алмасам не болғаны? 

Аудандық әкімдікте З.Шерадзені жолықтырғанымда да ол жағдай жақсармағанын ренжи айтты: 

– Су әлі келмей жатыр, бір қайыр болар деп аудан әкімінің орынбасары М.Өмірбековке кірейін деп тұрмын. 

Қазір жаз ортасы. Дақыл екінші, тіпті үшінші рет суғарылатын кезде З.Шерадзенің бірінші суды аяқтамақ тұрмақ егістігінің 10-ақ га-сын судан шығарғаны тәтті түбір барынша салмақ қосатын қанша уақыттың зая кеткені емей не? 

Үлкен шаруашылық – «Жылыбұлақ – Меркі» серіктестігі үстіміздегі жылы 200 га қант қызылшасын сепкен-ді. Ауа райына, ең бастысы Үлкен Шу каналында судың болмай қалуынан мұндағы диқандар көп қиыншылық көріп отыр. Тәтті түбір жөнді шықпаған, бір де бір рет суғарып үлгермеген 100 га-дан астам алқаптың өнім бермейтіні қазірден-ақ белгілі болып қалды. 

Судың жетіспеушілігі өзге де шаруашылықтарда, басқа да дақылдар бойынша айқын сезілуде. Қырғыз ағайындардың өзара келісімді бұза беруі әдетке айналды. Бұл мәселені жоғары деңгейде түпкілікті шешу қажеттілігі өзінен-өзі түсінікті. Ал, ауданымыз көлемінде жергілікті су көздерінен алатын суды тиімді пайдалану өзімізге байланысты. 

Су проблемасын еңсеру біздің ауданда ғана емес мемлекет көлемінде өткір қойылып отыр. Оны шешудің сенімді бір жолы – жаңа технологияларды енгізіп, шаруаны ғылыми негізде жүргізу. Мемлекет басшысы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында «…2030 жылға қарай егіс алқаптарының 15 пайызы суды үнемдеу технологияларына көшірілетін болады» – деп нақты көрсетті. 

«Сыпатай батыр» серіктестігінің тамшылатып суғару тәжірибесін өзінде ендіріп, өзге шаруашылықтарға көрсетіп таратуға ұйытқы болуына мүмкіндік бар. Бұл жөнінде айтылғанына да біраз болды. Серіктестік Түркиядағы әріптестерімен келісімге келіп, істе биыл айтарлықтай қозғау болды. Түрік мамандары келіп те кеткен. Бізге жеткен мәліметтер бойынша тамшылатып суғаруға қажетті қондырғы тетіктерімен Түркиядан алып келінді. Сыпатайлықтар енді жүгері, қызылшаны суды үнемдейтін тамшылатып суғару технологиясымен күтімге алса сең қозғалып, игі нәтижесін берер. Бұған да шүкір дейік. 

Жаңбырлатқыш қондырғысын пайдалану да егісті біртегіс суғарып, суды үнемдеудің бір жолы. Сыпатайлықтар мұндай техниканың бірнешеуімен жұмыс істеуде. 

Арық атыздарды күні бұрын тазалап, әзірлеп қойған жерде де су шығыны аз болады. Жекелеген шаруашылықтар бұл талап үдесінен көріне алмай отырғандығы да шындық. 

Суды ұрлап жөнсіз, заңсыз пайдалану да оның жетпеуіне апарады. Суғару маусымына қамсыз бармауды күні бұрын ойластырған шаруашылықтар, тұрғындар су шаруашылығы мекемелерімен уақтылы келісімге тұрады. Су әрине кезек бойынша алдымен соларға беріледі. 

Қазір су барынша көп пайдаланылатын кезең. Ендеше, су шаруашылығы мекемелері мамандары, ауылдық округтер әкімдіктері суды дұрыс бөлу мәселесін назардан шығармай, күнделікті бақылауда ұстаса – тәртіп те сақталады, қиындықтар да ойласа шешіледі.

Please reload

bottom of page