top of page

Астықты ел – тоқ, несібелі

Бақтыбай АБАЙ

25 шілде, 2014

Кірісіп іске сайма-сай…

 

Ауданда егін орағы қызу шағында. Ауа райына байланысты гектар түсімі әдеттегіден төмен болып тұрса да диқан қауымы барына шүкіршілік етіп, дән маржанын төкпей-шашпай жинап алуды мақсат тұтуда. Сөйтіп, ауданда науқанға түскен 30 мың га-дан астам бидай, арпаның 16 мың га-дайы бастырып алынды. Газетіміздің бүгінгі арнаулы беті егіншілеріміздің еңбек ұмтылысына арналады.

Егін жинау – қай шаруашылықта болмасын үлкен науқан. Оның жаздың аптап ыстығына сәйкес келетінін ескерсек, комбайншы болсын, жүргізуші болсын көп қажыр-қайрат жұмсап, тер төге еңбек етулеріне тура келеді. 

«Жылыбұлақ – Меркі» серіктестігі диқандары үшін де бұл науқан аса бір жауапты кез. Егінді ретіне қарай уақтылы бастырып алмаса шығынға жол берілуі мүмкін. Іске жылыбұлақтықтар қай жағынан болса да бәрін ескеріп, сайма-сай болып кірісті деуге болғандай. Астық тағдыры шешілетін жерлерде негізінен тәжірибелі комбайншы-механизаторлар, еңбек ардагерлері жұмыс істеуде. 

Дала еңбеккерлеріне еңбек және тұрмыстық жағдайлар тудырылған. Ыстық астары шаруашылық орталығынан жеткізіліп беріледі. Еңбек ақы төлеу тәртібіне биылғы жылдың ерекшелігі мен түсімнің әдеттегіден төмендеу екендігіне байланысты тиісті өзгерістер енгізілді. 

Жалпы биыл серіктестікте ораққа 1700 га күздік бидай, 1000 га арпа түсті. Біз мұнда болғанымызда Екпінді ауылының тау жағындағы егін бастырылып жатты. Осындағы 270 га бидайдың 56 га-сы жаңа орылып алыныпты. 

– Мұнда егін бұрын жыртылып, өңделген сүрі алқапқа себілген еді, – деді шаруашылық басшысы Аманжол Әкетаев (жоғарыдан екінші суретте), – ауа райы құрғақшылығында мұның оңды септігі тиді. Көріп тұрғандарыңыздай өзге алқаптардан мұнда шығым жоғарырақ. Гектарына 9-10 ц-рден дән жиналуда. 

…Егінжайдың апшысын қуыра тынбай жүріп келе жатқан комбайндарды өз ісінің шеберлері Сәулебек Тоқмолдаев, Шәбден Айылшиев, Серік Шорманов, Елдос Әкетаев, тағы басқалар басқарып келеді. Шеткі комбайн, міне, белгі берді. Яғни, бұл шанағы бидайға толды деген сөз. Өз кезегін күтіп тұрған жүргізуші Әлиаға Гасанов КамАЗ автокөлігін тоқтаған комбайнға қарай тездете айдай жөнелді. Осы шаруашылықта жұмыс істегеніне 44 жыл болған бұл еңбек ардагерінің ұмтылысы әріптестеріне, әсіресе, жастарға үлкен өнеге. Жүргізушілер Болысбек Алтынбаев пен Бердіқұл Мүсірепов те науқан барысында міндеттерін тыңғылықты атқаруда. 

Егін орағында – дән бастырып, қырманға тасуда, қырманда – барлығы 50 шақты адам жұмыс істеуде. Еңбекпен өсірілген өнімді уақтылы жинап алу үшін биыл сатып алынған үш жаңа «Нива» комбайны жұмысты қарқынды жүргізуге тың күш болып қосылды. 

«Еңбек етсең емерсің», – демекші егістіктегі, қырмандағы тірлік берекеге бастаумен қатар диқандардың табыс көзі де. Әдеттегі уақытта механизаторлардың алды отбасына айына 40-50 мың теңгеге дейін табыс кіргізсе, егін орағы қорытындысында 1 млн. теңгеге дейін алады. Ауа райы қытымырлау болған биылғы жылдың өзінде әр диқан еңбегі ескерілетініне, аз табыс таппайтынына сенімді. 

…Қызыл КамАЗ-ына қызыл бидайды толтыра тиеп алған Ә.Гасанов Ойталдағы орталық қырманға қарай бет алып жүріп кетті. Түс әлеті де болып қалған. Ыстық тамақ алып келген автокөліктің жүргізушісі жұмысты қыздыра түскен комбайншыларға бір қарап қойды да көлеңкеге отыра кетті. Айналымды бітірмей олар түстікке отыра қоймайды. Шілденің ыстығын елемейді-ақ, елемейді. Іске ден қойған адамның тірлігі бұл. Соған қарай биылғы орақтың несібесі аз болмаса керек…

 

Көз жетпес ол шеті мен бұл шетіне

 

Аудандағы ең ірі астықты шаруашылық «Меркі» асыл тұқымды зауыты» акционерлік қоғамында биыл 4013 га күздік бидай, 1516 га жаздық арпа өсірілді. Егін орағына 12 комбайн қатысып, жиналған астық биыл бір орталыққа – №2 бөлімшеге, Кентай ауылындағы механикаландырылған қырманға жеткізілуде. 

Шаруашылық басшысының міндетін атқарушы Әділ Саудабаевпен шаруашылыққа келгенімізде орақ осы бөлімшеге жақын маңдағы егінжайда қызу жүруде екен. «Наз» сұрыпты күздік бидай құрғақшылық қысып, бойлап өсе алмай қалса да арамшөптен таза. 

– Қазірге 1300 га-дан астам егін жиналды. Күніне орта есеппен 150-160 га алқаптың дәні бастырылуда, – деді Ә.Саудабев. 

Науқан барысында комбайншылар Шыңғыс Нұрланов, Бейсенбай Қилыбаев, Саламат Тайлақбаев, Дәулет Мірәбілдаев, Нұрлан Шалғынбаев, жүргізушілер Әкімжан Байдәулетов, Асқат Берсүгіров, Әділхан Аманжолов, тағы басқалар тыңғылықты жұмыс істеуде. Сол сияқты техниканың тұрып қалмауын қамтамасыз етуде, өрттің алдын алуда механик Алтынбек Қарабаев пен механизатор Нұрғали Райысовтың да еңбегі елеулі. 

Үстіміздегі жылдың ерекшелігіне, түсімнің жоғары еместігіне орай еңбек ақы төлеуде өзгерістер бар. Мәселен, комбайншыларға ақы орған егін көлеміне қарай, яғни, әр гектарға 500 теңгеден төленеді.

Диқандардың алаңсыз еңбектенуі үшін басқа да шарттар қарастырылған. Оның ішінде егіс басында ішкен ыстық ас құнының 50 пайызын ғана төлейді. 

Жеке ұмтылыстарына қарай науқанға қатысушыларды оның қорытындысында көтермелеп, құрмет көрсету мұнда дәстүрге айналған. Өткен жылы, айта кетсек, ең алдыңғы қатарда көрінген комбайншыларға – 25-35 мың теңгеден, жүргізушілерге 5-10 мың теңгеден ақшалай сый берілді. 

Өткен сәрсенбіге қарай қырманға барлығы 1260 тонна дән түскен. Оны сақтап, тазалау өз ретімен жүруде. 

Акционерлік қоғам еңбек жылдарын дәйім таза табыспен қорытындылап келеді. Шаруашылық үлкен болған соң, оның есеп-қисабы да созылыңқырап кетеді ме, өткен жылдың толық қорытындысын ала алмадық. Алдындағы жылдардың нәтижесіне жүгінуге тура келеді. Егіннің шығымы біршама қалыпты болды деген. 2011 жылды акционерлік қоғам 17 млн. теңге табыспен қорытындылапты. Мұның 8 млн-нан астамы егін шаруашылығынан түскен. 

Осыған қарай бидай мен арпаның шығымды болуы экономикалық көрсеткіштерге айтарлықтай әсер ететіндігін байқаймыз. Биылғы түсімге қарап жағдай өте күрделі демеске ләж жоқ. Тұқымы сапалы, күні бұрын айдалып, өңделген жерге егілген «Наз» сұрыпты бидайдың өзі гектарына 5-6 центнердің төңірегінде түсім беруде. 

Тауға жақын жерлерде биыл көктемнің соңына қарай әлденеше рет жаңбыр жауып өтсе, бұл маңда тіпті тамбай-ақ қойды. Егілген күздік бидай көктеп шығатын өткен күзде ауа райының құрғақшылық болып кеткені де диқандарымызды алаң көңіл қылып қойғаны және белгілі. Айта берсе себеп көп. Бір анығы, ендігі қолдан келетіні ораққа іліккен егіннің өзін толық уақтылы жинап алу. Жерде өскен жерде қалмауы керек. Зауыттықтардың сабанды да жинап, түптеп, келесі жылдың өнімі үшін жер жыртуды жалғастыруын биылғы болмаса да алдағы уақыттағы мол түсім, ел несібесі үшін күрес жалғаса беретіндігінің айғағындай. 

Ұлы дала төсіндегі еңбек дүбіріне бөленген ұшы қиырына көз жетпес егінжай артта қалып барады. Шілденің ұзақ күнінде түс әлде қашан ауып кетсе де қапырық басылмаған. Ал, диқандарда тыным жоқ. Адал еңбек, маңдай термен қамбаға түскені – ортақ игілік деп әр центнер, әр келі дән үшін барын салуда. Тоқшылық, ас атасы –нан оңайлықпен келмейді, қадірін білейік. 

 

Суреттерде: «Меркі» асыл тұқымды зауыты» АҚ озат комбайншылары Ш.Нұрланов, механик А.Қарабаев, Б.Қилыбаев, С.Тайлақбаев; 

осы шаруашылықта үздік атанған жүргізуші А.Берсүгіров дән тиеп алуда;

 

Please reload

bottom of page