top of page

Қуатты елдің қуатты кәсіпкері атануға мүмкіндік мол

Нұрбану КАМАЛ

30 шілде, 2014

Мамыр айының басында мемлекет басшысы Н.Назарбаев үстіміздегі жылы еліміздің дүниежүзілік сауда ұйымына толық мүшелікке өтуі мүмкіндігін мәлімдеген еді. Бүкіләлемдік нарыққа бәсекеге қабілетті экономикамен және адам денсаулығына зиян келтірмейтін таза, сапалы өнімдермен шығуды мақсат еткен мемлекетімізде биылғы жылы шағын және орта бизнесті дамытуға барынша қолдау көрсетілуде. Соның бірі – «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы көрсететін тегін сервистік қолдау.

Өткен сәрсенбіде аудан әкімдігінде өткен семинар-кеңесте Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының консультант-мамандары ауданымыздағы 40-тан аса кәсіпкерге шағын және орта бизнес субъектілеріне тегін көрсетілетін 7 қызмет түрін пайдаланудың жолдарын айтты. Соның ішінде, Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасында бизнес-жоспар жасаумен айналысатын арнайы бөлім құрылғаны және онда шілденің 1-нен бастап, қарашаның 30-ы аралығында инвест-жобалар мен бизнес-жоспарлардың кәсіпкерлерге тегін жасап берілетіні тәрізді шын мәніндегі жағымды жаңалықтар аудан кәсіпкерлерінің қызығушылығын оятты. 

Семинар-кеңеске Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Кемелхан Әбілеков, аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбеков, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімдерінің басшылары, ауылдық округ әкімдері мен өзге де мекеме басшылары қатысты. Семинар-кеңесті ашқан Меркі ауданындағы кәсіпкерлер палатасының директоры Шұға Мутаева палатаның атқарған жұмыстары туралы айта келіп, сөз кезегін аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбековке берді. 

«Қазіргі таңда мемлекетіміздің негізгі бағыты – мал шаруашылығы, ет экспорттауды дамыту болып отыр. Яғни, Қазақстанда таза ет өндірілуі керек. Бұл салада бірқатар проблемалардың бар екені шындық. Осы орайда, бізге керегі – түсіністікпен, біріге жұмыс атқару. Барлық малдарды бірдейлендіру, малдардан қан алу тәрізді жұмыстарда келеңсіздіктердің болмауы тиіс. Қазіргі таңда біз осы бағытта көп жұмыстар жүргізудеміз», – деді өз сөзінде Мейірхан Азатұлы. Сондай-ақ, ол «Сыпатай батыр» серіктестігінің жаңа технологиямен жұмыс істеуінің арқасында биылғы қуаңшылыққа қарамай гектарына 30 центнерден өнім алғанын айрықша атап өтті. Ауданымыздағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтың бұл жетістікке жету сырын өзге кәсіпкерлерге түсіндіру мақсатында кездесу өткізілгенін де жеткізді. Ол жиында шаруашылық басшысы Қанат Шайхиев әріптестеріне гектарына 30 центнер өнім берген алқаптың қалай айдалғаны, тұқымның сапасы туралы, басқа тағы қандай талаптардың сақталғаны жөнінде мәлімет беріпті. Аудан әкімінің ауыл шаруашылығы саласы бойынша орынбасары Мейірхан Өмірбеков өзге шаруашылықтардың жұмысын жақсарту мақсатында осындай шаралардың алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. 

Бұдан соң сөз алған Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының 2 категориялы эксперт-маманы Берік Қазақбаев палатаның мақсаттары мен міндеттеріне тоқталып, жиынның негізгі тақырыбы болып отырған тегін сервистік қызметтің түрлерімен таныстырды.

Бұл тегін сервистік қолдауларға: бухгалтерлік және салықтық есепті жүргізуге байланысты, кедендік рәсімдер бойынша қызметтер, менеджмент жүйесі бойынша консультациялар мен толық сүйемелдеу, заң қызметтері, ақпараттық технологиялар бойынша консультациялар, мемлекеттік сатып алулар мен т.б. сатып алуларға байланысты қызмет түрлері кіреді. Бұдан соң сөз кезегін алған Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Кемелхан Әбілеков Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының білікті мамандарының қарқынды жұмыс істеп отырғанын айтып, бірнеше ұсыныстарын жеткізді. 

«Кәсіпкерлікті қолдаудың ең оңтайлы механизмі – инвестициялық субсидиялау. Осы орайда, кәсіпкердің алдында тұрған бірінші міндет, мемлекеттік жеңілдетілген қаржыға қол жеткізу. Ал бұл үшін алдымен бизнес-жоспар керек екені баршамызға мәлім. Өкінішке орай, қазіргі таңда кәсіпкерлеріміздің өз беттерінше бизнес-жоспар жасауы үшін компьютерлік техникасы мен білімдері жетпей жатады. Ал банктердің аталмыш құжаттарға қояр талабы өте жоғары. Осы мәселеде біз кәсіпкерлер палатасынан үлкен сеніммен қолдау күтеміз. Тағы бір мәселе, банктердің бизнес-жоспарға деген талаптары сан түрлі. Бүгінде қанша банк болса, бизнес-жоспарға деген талап та сонша көп. Сондықтан, бизнес-жоспарды бірдейлендіретін механизм керек. Әрине, бір кәсіпкердің бизнес-жоспары екіншісімен сәйкес келмейді, өйткені, әркім әр бағытта, әртүрлі деңгейде жұмыс жасайды. Десе де, бизнес-жоспарға қойылатын негізгі талаптарды жүйеленіп, белгілі бір «сұлбасы» жасалса бұл – кәсіпкерлерге жасалған үлкен қамқорлық болар еді», – деді Кемелхан Смағұлұлы. Осы орайда, сөз алған сервистік қызмет көрсетудің маркетинг саласы бойынша консультанты Жаңабек Сыдыманов, жоғарыда аталғандай, бизнес-жоспардың тегін жасалатыны туралы мәліметті жеткізді. Бұл үшін Үкімет тарапынан 75 млн. теңге қаржы бөлініпті. Алайда, аталмыш жеңілдік – уақытша, шілде-қараша айларында ғана жалғасады. Сондықтан, көкейлеріндегі бизнес идеяларын жүзеге асыруға жүрексініп жүрген жандар асығуы керек. Мемлекеттік жеңілдетілген несиелерді алу, бизнесті дұрыс ұйымдастыру сияқты мәселелер бойынша көптеген ақыл-кеңестер айтқан Жаңабек Сыдыманов ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге несиені екінші деңгейлі банктерден алмауға кеңес берді. Өйткені, банктер кәсіпкерге қаржыны қайтару уақытында демалыс бермейді. Оның орнына «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Агротехникалық корпорация» сияқты мемлекеттік қаржы институттарынан несие алған әлдеқайда тиімді. Мемлекеттік жеңілдетілген несиелерге ие болудың барлық жолдарын қарапайым тілмен, жете түсіндірген консультант мемлекеттің қолдауына ие болғысы келген әрбір кәсіпкердің қандай идеяны жүзеге асырғысы келсе де, істі алдымен ауданымыздағы кәсіпкерлер палатасының филиалынына қайырылудан бастауы қажеттігін жеткізді. 

Бұдан соң, облыстық кәсіпкерлер палатасының консультанттары – «Халық» банкінің өкілі Нұрлан Сапарбаев, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының өкілі Жасұлан Есжановтар сөз алып, несие беру, субсидиялаудың жөн-жобасын тарқата айтып берді. Сондай-ақ жиында кәсіпкерлер сауалдармен қайырылды. Жаңатоған ауыл дық округінен келген кәсіпкер Қайнаркүл Татықұлова заң, құқық мәселелері бойынша қайырылса, «Маймақ» шаруа қожалығының басшысы Жұман Әлдекенов банктерге мүлікті кепілге қою мәселесі бойынша сауал тастады. Ал, облыстық мәслихаттың депутаты Совет Қалмамбетов «Құдық қазу үшін мемлекеттік қаржы институттарынан жеңілдетілген несиеге қол жеткізудің жолы қайсы?» деген сауалмен қайырылды. Сауалдардың кейбіріне сол мезетте жауап берілді. 

Мемлекеттік мекеме өкілдері мен кәсіпкерлердің мүддесін қорғаушы ұйым өкілдері және ауданымыздың белді кәсіпкерлері жиналған алқалы басқосуда ауданымыздың кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салаларын дамыту және кәсібін өрге домалатқысы келген кәсіпкердің алдында тұрған кедергілерді жою мәселелері кең түрде талқыланды. Меркі ауданын суландыру мәселесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтқан аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбеков биылғы жыл бақша өнімдерінің бағасы арзандамай тұрғанын, сондықтан келесі жылы ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлердің қауын-қарбыз, қызанақ-қияр, т.б. бау-бақша өнімдерін егуге басымдық беруі қажеттігін айтты. Бұл кәсіпкерлерге су мәселесінде болсын, басқа да жан-жақты қолдаулар көрсетілетін болады. Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбар Иманалиев сөз алып, жиынға қатысушыларды айтылған сөзді аяқсыз қалдырмауға, әрдайым бірлесе іс жасауға шақырды. 

Семинар-кеңес аяқталған соң кәсіпкерлер палатасының жоғарыда аталған қызмет түрлері бойынша консультант мамандары секцияларға бөлініп, кәсіпкерлерді түрлі мәселелері бойынша қабылдады.

Please reload

bottom of page