top of page

Өнімді мол алудың жолы көрсетілді

Дамира ЖАМБАЕВА

02 тамыз, 2014

Биылғы жыл ауылшаруашылығы үшін қиынға түсіп отыр. Дегенмен, су тапшылығына қарамастан ауданымызда гектарынан 30 центнерден арпа алып отырған шаруашылық бар. Ол - «Сыпатай батыр» серіктестігі. Аталмыш ұжымның мол өнім алудағы тәжірибесін насихаттау мақсатында, аудан әкімшілігі арнайы семинар-практикум өткізді. Семинар «Сыпатай батыр» ЖШС- ның алқабында өтті.

«Сыпатай батыр» серіктестігі ұжымы биылғы табиғаттың қуаңшылығына қарамастан жекелеген учаскелерінде арпаны гектарына 30 центнерден, бидайды гектарына 20 центнерден алып отыр. Сондықтан, болашақта халықтың «тасаттық берумен» шектелмей және өнімнің түсімін бір табиғатқа артып қоймай, іске көшу керектігін көрсету мақсатында ұйымдастырылған жиынға ауданда егін шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер және ауылдық округтер әкімдері қатысты. Алғаш болып сөз алған «Сыпатай батыр» ЖШС-ның басшысы Қанат Шайхиев өз тәжірибесімен былай деп бөлісті: «Егер де мына сіздер көріп тұрған жерге ескі тәсіл бойынша жерді айдап, оған егінді еге салатын болсам, мен де гектарына 5-6 центнерден алар едім. Ал біздің серіктестік осы жерге құны 31 теңге тұратын селитраны гектарына 200 кг-нан беру арқылы, өнімді екі тонна артық алып отыр. Яғни, селитраға шығарған ақшаңызды науқан кезінде 10-15 есеге дейін артығымен шығарып аласыз». Сондай-ақ, Қазақ егін шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен тікелей байланыс жасап, тұқымын үш жыл сайын ауыстырып отыратын «Сыпатай батыр» серіктестігінің басшысы өсімдікке фосфор, калий және азотты міндетті түрде беру керек екендігін айтты. 

Тәжірибелік семинарға келген кәсіпкерлер арпа алқабына еніп, ғалымдардың тұжырымдамасы негізінде егілген дәнді қолдарына алып көрді. «Советхан» шаруа қожалығының басшысы Қарабай Жексенбек семинарға байланысты өз ойын былай жеткізді: «Біздің кейбір алқаптарымыз гектарына 9,25- тен, кейбір алқаптарымыз 5,6-дан арпа берді. Қ.Шайхиевтің алқабын көріп отырмыз. Ол кісі бізге мол өнім алудың жолын іспен дәлелдеп отыр. Сондықтан, келесі жылы міндетті түрде жеріме тыңайтқыштар себемін. Оның үстіне бағасы да қымбат емес екен. Осындай жиын өткізіп, бізге қажетті тәжірибелерімен бөлісуге мүмкіндік берген әкімшілікке және өз тәжірибесімен бөліскен Қанат Шайхиевке ризашылығымды білдіремін. Жалпы, бізге осындай тәжірибелік семинарлар керек-ақ». 

Аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов: «Агротехникалық тәсілдердің барлығын жүйелі түрде пайдаланып, мол өнім алып отырған шаруа қожалықтарының тәжірибесін басқа кәсіпкерлерге көрсетуді және соны насихаттауды бір жүйеге қоятын боламыз. Алдағы уақытта алмадан мол өнім алған бағбандардың жұмысын көрсетуді жоспарлап отырмыз», – деді. 

Семинар барысында жиналғандар су мәселесін де көтерді. Аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Азатұлы болашақта бұл мәселені шешудің де жолдарын қарастыратындықтарын жеткізді.

Please reload

bottom of page