top of page

Дала жұмыстары: әр күн нәтижесімен қымбат

Бақтыбай АБАЙ

02 тамыз, 2014

Биылғы жылдың қуаңшылығы, қолайсыз ауа райы диқандарға шын мәнінде үлкен ауыртпашылық салды. Ең басты байлығымыз – астықтың түсіміне айтарлықтай әсер етті. Дегенмен, алдымызда тұрған басты міндет – ораққа іліккен өнімді ысырапқа ұшыратпай, уақтылы жинап алуға барлық мүмкіндік, резервтерді жұмылдыру.

31-шілдеге қарай аудандық әкімдіктің ауылшаруашылығы бөлімінің бізге берген мәліметі бойынша, ауданда ораққа түскен 30240 га егіннің 21720 га-сы орып алынды. Гектар түсімі орта есеппен 7,2 ц-рден айналып отыр. Оның ішінде шаруа қожалықтары бойынша орташа түсім бидайдікі – 8,1 ц-рден айналуда. 

Ауданның негізгі астықты шаруашылығы – «Меркі асыл тұқымды зауыты» АҚ-да егін орағы қызу қарқынмен жалғасуда. Мұнда науқанға түскен 4013 га бидайдың 3120 га-сы, 1621 га арпаның 910 га- сы жинап алынды. Гектар қайтарымы әзірге тиісінше 5,8-5,9 центнерден айналып тұр. 

«Жылыбұлақ – Меркі» серіктестігінде түсім бұдан төмендеу. «Аспара» өндірістік кооперативінде арпаның түсімі бидайдан жоғарылау – 7,2 ц-рден. 

«Сыпатай батыр» серіктестігінде, «Ақарал» өндірістік кооперативінде биыл көрсеткіш өзге шаруашылықтармен салыстырғанда едәуір жоғары екендігін айта кеткен жөн. Сыпатайлықтар 600 га жаздық арпасын түгел жинап алды. Көрсеткіш аудандық орта көрсеткіштен екі еседен астам жоғары – гектарына 15 ц-рден өнім жиналды. Ақаралдықтар да гектар түсімін өзге шаруашылықтардан жоғары – 10 ц-рден айналдырды. 

Көпшілік серіктестіктерде, бірқатар шаруа қожалықтарында көрсеткіш аудандық ортақ көрсеткіштен көп төмен. 

Қазір ауданда күніне 800- 900 га егін бастырылуда. Науқанға 157 комбайн қатысуда. Егіннің биыл пәстеу өскенін, қалың еместігін ескерсек, жұмыс қарқынын кемітпей, қайта өнімділікті арттыра түсуге мүмкіндік бар. Яғни, қай шаруашылықта болмасын толық пісіп үлгерген бидай, арпаны уақтылы жинап алғанға барлық күш жұмылдырылғаны мақұл. 

Ауа райы алдағы жылдарда қолайлы болып кетеді деп ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан, егіншілікті ғылыми негізде жүргізіп, климатқа тәуелді болуды азайта түсу міндет. Осы ретте Елбасының «Қазақстан – 2050 Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяи бағыты» атты Жолдауында ауыл шаруашылығын, әсіресе, ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ауқымды жаңғыртып, егістік түсімін, ең алдымен жаңа технологиялар енгізу есебінен көтеру қажет деп көрсетуі әрбір басшы, маман, диқаншының есінде тұруы керек.

Егін орумен қатар келесі жылдың өніміне негіз қалау қоса жүргізілетін қазіргі қауырт шақта бұл міндеттің өзектілігі тіпті де арта түседі. 

Ауданда мал азығын дайындау да күрделі жағдайда жүріп жатыр. Әзірге биылға жоспарланған 105280 тонна пішеннің 84050 тоннасы әзірленді. Яғни, меже 79,8 пайызға орындалып отыр. Қазір жоңышқалықтың екінші орымы орылуда. Табиғи шабындықтың бір-ақ рет орылғанын ескерсек, жоңышқаны сапалы етіп, әр орымын уақтылы жинап алудың маңызы зор. 

 

Суретте: диқанның қызыл қырманы. Ойтал ауылындағы механикаландырылған қырманда.

Please reload

bottom of page