top of page

Тамыз – шаруа айы арқаны кеңге салғанның жоғалтары көп

Бақтыбай АБАЙ

06 тамыз, 2014

Ауданда дала жұмыстары одан әрі жалғасуда. 5-тамызға дейін жиын-терінге түскен 30240 га бидай, арпаның 23690 га-дан астамы бастырып алынды. Гектар қайтарымы орта есеппен әзірге 8,1 ц-рден болып тұр.

Бірқатар еңбек ұжымдары науқанды аяқтап шыққан, олардың қатарында «Жылыбұлақ – Меркі», «Астық – Меркі» серіктестіктері бар.

«Меркі» асыл тұқымды зауыты» АҚ диқандары да егін орағын көпке ұзатпай таяу күндерде тәмамдауға барлық күш-жігерлерін жұмылдыруда.

Осы шаруашылықта және «Сыпатай батыр», «Жылыбұлақ – Меркі» серіктестіктерінде жұмыстың ырғақты жүруіне комбайндардың негізінен жаңа, жоғары өнімді екендіктері көп септігін тигізді. Егінжайға бұрынғы ескі екі комбайнмен шыққан «Аспара» өндірістік кооперативінде жағдай күрделілеу. Науқанның әлі біразға созылатын түрі бар. Қанша жамап- жасқаса да ескінің аты ескі. Техника ара-тұра істен шығып, көп әуреге түсіреді. Ми қайнатқан осындай ыстықта мұндай комбайндармен істеп жүрген механизатор-диқандарға, ілдәлделеп қызмет көрсететін мамандарға рахмет- ақ. Мұнда 625 га жаздық арпаның 350 га-сы орылған. Бидайға әлі орақ түскен жоқ. Аяғынан енді тік тұрып кетсем деп тұрған кооперативке қолдау көрсетіліп, керек болса жаңа комбайнды шаруашылықтар жәрдемін көрсетіп жатса оңды болар. Егіннің пісуі өтіп, ысырапқа ұшырамауы үшін.

Шаруа айы – тамыз өзге де ауыл шаруашылық жұмыстарын ұштастыра жүргізер кезең. Соның бірі – мал азығын дайындау. Биылғыдай ауа райында әр бау, әр түк пішен қымбат. Бұл ретте де алдыда үлкен жұмыс ауқымы тұр. Аудан бойынша көзделген 105280 тонна пішеннің әзірге 95240 тоннасы дайындалып, жоспар 90,5 пайызға орындалып тұр.

Көп жерде жоңышқа екінші ораққа келмеді, келсе де түсімі мардымсыз. Сондықтан табиғи шабындықтарда пішенді көбірек әзірлеуге баса көңіл бөлген мақұл. Мұндайда бір үлкен резерв – құмды алқаптың шөбі. Аспаралықтар Ортақұмда Қарамола учаскесінде 350 га шабындықта пішен шабуға кірісіп кетті де. Мұнда 3 трактор, 1 шөптайлағыш, бір шалғы агрегатымен жеткен С.Сырғабаев басқаратын бригада 14-15 мың түк пішен әзірлеуді межелеуде.

– Биылғы міндет – шаруашылық бойынша еңбек жылын шығынсыз қорытындылау, – дейді кооператив төрағасы Қуат Бекеев, – Сөйтіп алдағы жылдарды таза табысты көптеп алып, экономикамызды нығайтуға негіз қалау. Былтыр 15 мың түк пішен қоры қатал қыста жетпей қалды. Сондықтан пішен қорын үстіміздегі жылы 19-20 мың түкке жеткізбесек болмайды. Арпаның түсімі 6 центнерден айналып тұр. Оратын әлі бидайымыз бар. Қалайда ысырыпқа ұшыратпай бастырып, түсімді арттыра түссек деген ниеттеміз.

Шаруашылық жаңадан есеп жүргізетін білікті маман алды, өткен бір жылдың тәжірибесі, кеткен кемшілік, жеткен кейбір жетістік білген адамға үлкен сабақ. Сол себепті де кооператив тізгінді қолға алғанына көп те болмаған басшысымен әлі де болса серпіліс таныта алар деген үміттеміз.

 

Суретте: Бір шаруашылық, бір мақсат. Қауырт науқан – егін орағында жылыбұлақтықтар агроном Димаш Ақшекеев (сол жақта) пен комбайншы Серік Шораманов тіл табыса еңбек етті.

Please reload

bottom of page