
Бар мүмкіндік – өнімді сақтап қалуға
Бақтыбай АБАЙ
15 тамыз, 2014
Үстіміздегі жылды диқандарымыз өнім негізін ерте бастан қалап, келешекке деген үлкен үміт, зор сеніммен бастаған-ды. Өткен жылмен салыстырғанда көкөніс-бақша дақылдары, ақтүйнек (картоп), дәндік жүгері, майлы дақылдар, қант қызылшасы көбірек көлемде егілді. Оның ішінде бақша дақылдары – 50 пайызға, көкөніс – 25 пайызға артты. Сөйтіп басымдыққа ие дақылдарды мүмкіндігінше көптеп өсіруге ден қойылған.
Әйтсе де, биылғы климат ерекшелігі, құрғақшылық, негізгі су көздеріндегі судың көлемінің бұрын болып көрмеген дәрежеде азаюы диқандарымызға үлкен қиындық әкелді. Меркі, Аспара өзендерінде екеуінікін қосқанда 5 текшеметрдей (секундына) ғана су бар. Кезінде мұндай су Меркі өзенінің өзінде ағып жататын. Аспараның 1 текшеметрін қырғызстандықтар алатынын, осы көрші ел Үлкен Шу арнасына (каналына) тіпті су жібермей қойғанын ескерсек, жағдайды жай қиын деу аз – өте күрделі.
«Жылыбұлақ – Меркі» серіктестігі ауданның басым бағыттағы дақылдарды көптеп өсіруіне үлес қоса отырып, 200 гектардай тәтті түбір еккен-ді. Өкінішке қарай 135 гектары құрғақшылықтың зардабынан, судың жетпей, одан әрі өсіру мүмкін болмауынан есептен шығарылды. Тұқым себіліп, арық жүргізіліп, күтімдеуге байланысты қаншама шығын жұмсалған қызылша алқабын диқандар тастап кетуге мәжбүр болды.
– Жағдай мұндай бола берсе, енді бұл дақылды екпейміз, – дейді серіктестік директоры Аманжол Әкетаев ренішпен.
Жылыбұлақтықтар тәтті түбірді зорға дегенде 2-рет суғаруды аяқтап келе жатса, осы Сарымолдаев ауылдық округінен Зиядин Шерадзе жетекшілік ететін шаруа қожалығы 65 гектар қызылшасының 15 гектарын ғана 1-судан шығарған.
– Не істерімді білмеймін. Қызылша күйіп барады, – деді ол бізбен сөйлесіп, – жағдайды айтуға, міне, тағы су шаруашылығына кетіп барамын.
Бұдан біраз бұрын Зекең аудандық әкімдікке дейін барып, су ала бастаған. 5 гектардай алқабын суғарған соң, қайта су берілмей қалды. Айтуынша, өзінен жоғарырақ орналасқан шаруашылықтың жері жаңбырлатқышпен де, қол сушымен де суғарылып, жағдайлары қалыпты.
Андас батыр ауылдық округінің Қызылқыстақ ауылынан қожалық иесі Боранбай Тіленбаев жылда қызанақ (помидор) егіп, оны сатып, өзіне, отбасына жетерлік пайдасын түсіріп отырған. Судың жетіспеуінен маманданып қалған дақыл түрін қойып, енді 8 гектарға дәндік жүгері өсіріп отыр.
– Бір рет амалдап суғарып алдым, әйтеуір сота байлады, шығынымды қайтарып алатын шығармын, – деп үміттенуде.
Айта берсек барлық жерде судың тапшылығы айқын сезіліп тұр. Меркіні қақ жарып өтетін Меркі өзенінің аудан орталығына жеткен арнасы қаңсып жатқанына да, міне, айлап уақыт өтіп барады.
Елбасы «Қазақстан – 2050» Стратегиясында Мәңгілік ел болу жолындағы асқаралы міндеттерге, оның ішінде еліміздің су ресурстарына қатысты жаңа саясат тұжырымдау қажеттігіне тоқтала келе: «Бізде елеулі қоры бар жерасты суларын өндіру мен үнемді пайдаланудың ең озат технологияларын енгізу қажет. Агроөнеркәсіп секторында ылғал үнемдеу технологиясына кешенді түрде ауысуға тиіспіз», – деді.
Бұл көрсетулер бәріміздің көңілімізден шығады. Тіпті, бөтен емес. Ауданымызды Е.Сауранбаев басқарған 80-жылдары Үлкен Шу арнасының төменгі жағынан да, жоғарғы жағынан да ұңғымалар салынып, жерасты суы әжептеуір игілікке жаратылғаны, соның есебінен қант қызылшасы егістігінің көлемі арттырылғаны белгілі. Экономикамыз, жағдайымыз келсе осындай терең ұңғымалардан су тартып пайдалансақ шығынды еселеп ақтары ақиқат. Аспара шатқалында салынатын су тоғаны іске қосылғанша қосымша су көздерін іздестірмесе болмайды.
Ал, әзірге судың жетіспеушілігінен қай дақыл түрі болмасын шығымы жылдағыдан төмен. Ендігі міндет қолда бар мүмкіндіктердің өзін тиімді пайдаланып, осы бар өнімнің өзін сақтап қалу. Ол үшін тәртіп керек. Өзара мәмілеге келіп, суды кезекпен алып, әділдікпен, шаруақорлықпен пайдалана білсек, әлі біраз алқаптың дақылдарын одан әрі өсіріп, түсімін көтере аламыз. Бұл үшін су шаруашылығы мекемелері суды бөлуге бақылау, қадағалауды күшейтіп, кезектен тыс ұрлап пайдалануға, бір шаруашылыққа артық, біреуіне кем бөлінуіне жол бермегендері лазым.
Біз өзіміз де жағдайдың күнделікті қалыптасуымен уақтылы хабардар болып отырсақ дейміз. Осы ниетте «Аспара» коммуналдық кәсіпорнының басшысы Айдын Сансызбаевпен судың басына барып, қалай бөлініп жатқанымен таныспақ болдық. Айдын, түсінгеніне рахмет, жол-жөнекей жұмысымызға соқты да. Бірақ автокөлігі бұзылып, оны жөндетеміз деп Меркіде екі сағаттай жүріп қалдық. Ақыры судың басына сол күні бірге бара алмадық. Айдынның ұялы телефонында тыным жоқ. Байқап тұрмын сөйлескісі келгендердің көбі су сұрағандар, дұрыс бөлуді өтінгендер. Меркі өзені – Меркіге, біз судың басына жете алмай қалған кез-ай деймін іштей. Аудандық әкімдікте сол кезде жеке көлігімен жүрген А.Сансызбаевтың жұмысына көмек көрсетіп, техника бөлу сөз болғаны есімде. Біз мінген «Нива» автокөлігі – сол берілген мәшине еді. Әрине, қамқорлыққа рахмет. Бірақ, жолда қалдыратыны емес, Айдындай ары-бері көп жүретін, өнім тағдыры шешіліп жатқан маңызды жұмыстағы адамға жібі түзулеу көлік бөлінсе тіпті де дұрыс болар еді.
Ертесі су бөлінетін жерлерді аралауға қайта шығып, мың рет естігеннен гөрі бір рет көзбен көрсем деген оймен, Айдынды жолай соға кетерсің деп сұрадым. Түс әлеті болып қалды, әлі жоқ. Өзі де, хабары да. «Нивасы» тағы бұзылып қалды ма, білмеймін...
Жарайды, судың басына жөні келген тағы бір күні барармын. Әңгіме – суда. Жауапты кезде уақытты құр жібермей, бар судың өзін келісе отырып пайдаланып, мүмкіндіктерді өнімді сақтап қалуға жұмылдыра білейік, диқан қауым, іс басында жүрген жауапты басшы-мамандар.
Суретте: Аспара өзені. Сусап тұрған егіс алқаптарына суы жетер ме екен...


