
Тамшылатып суғару игілікке жарай бастады
Бақтыбай АБАЙ
20 тамыз, 2014
Егіс алқаптары үшін ағынсудың жетіспеушілігі жылдан-жылға өткір проблемаға айналып келеді. Диқан-бағбандар биылғыдай құрғақшылық жағдайда мұның қиыншылығын көп көруде.
Бұдан шығар жол қайсы? Елімізде, ауданда қандай шаралар қарастырылуда? Қалыптасқан жағдайды еңсерудің негізгі, бірегей амалы – ылғалсақтағыш технологияларды пайдалану, суды барынша шаруақорлықпен жұмсауға қол жеткізу. Мемлекет басшысы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында: «Жасыл экономикаға көшу жөніндегі қабылданған тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылға қарай егіс алқаптарының 15 пайызы суды үнемдеу технологияларына көшірілетін болады», – деп көрсеткені белгілі. Біздің ауданда да бұл бағытта жақсы бастама, нақты істер бар.
Өткен аптада «Сыпатай батыр» серіктестігінде тек бір шаруашылықтағы ғана емес, бүкіл аудан өміріндегі атап айтарлықтай үлкен оқиға – жүгері алқабы тамшылатып суғарыла бастады.
Бұл күнді асыға күткеніміз рас. Серіктестік басшысы, облыстық мәслихат депутаты Қанат Шайхиев (жоғарғы суретте) прогрессивті технологияны енгізуді көздеп, аудан әкімінің қолдауымен бұл игі іспен соңғы 1-2 жыл көлемінде барынша ықылас қоя айналысты. Тәжірибелерімен танысу үшін Түркияға да барып қайтты. Міне, сіңірген еңбектің, ұмтыла білудің нәтижесі – осы елдің әлем мойындаған тиімділігі зор тамшылатып суғару қондырғысы игілікке жарап отыр.
Бұл әдістің тиімділігі сонда – су қолмен суғарылғаннан гөрі төрт есе аз жұмсалады екен. Жұмысын екі-ақ адам жүргізіп, қадағалайды.
Қазір сөйтіп тамшылатып суғару технологиясымен шаруашылықтың 55 гектар дәндік жүгері егістігі суғарылуда (суретте).
Әрине, шетелдік қондырғыны алып, іске қосу оңай емес. Құны 16 млн. 385 мың теңге тұрады. Алып келген соң құруының өзіне 2 айдай уақыт кетті. Шымкенттегі «Жеміс LТД» қазақ-түрік фирмасының мамандары қондырғыны құрастырып, алқап басына қоюға көмектесіп, сыпатайлықтарды үйретті де.
Қанат Шайхиевтің айтуынша, өркениетті елдер қатарына қосылған Түркияда егісті, бау-бақшаны суғаруда қолсушы жоқ, тамшылатып суғару, жаңбырлатқыш агрегаттар жаппай пайдаланылады. Соның арқасында мұнда гектар түсімі біздегіден гөрі көп жоғары. Сөйтіп азық-түлік молшылығы жасалған. Біздегі 45-50 теңге тұратын нан, теңгеге шаққанда 16 теңгеден сатылады. Яғни, Түркияда егіншіліктің мәдениеті жоғары. Ал, біз меркіліктер құрғақшылық болды, су аз деп өткен жылғыдан екі еседей аз дән жинаудамыз. Суды үнемдеу технологиясын қолдансақ, қолайсыз ауа райында да суғармалы алқаптан әлдеқайда мол өнім жинар едік.
Сыпатайлықтардың ырысына қарай басшы болып жүрген Қ.Шайхиев, оның шаруашылығы тек жерлестерінің ғана емес бүкіл ауданымыздың беделін көтеріп жүргені ақиқат.
– Шіркін, енді электр желісін алысырақтағы егістік басына тартқызып алсам, қант қызылшасын, басқа да дақылдарды неге тамшылатып суғармасқа, – дейді Қанат бізбен әңгімесінде.
Осы орайда айта кетудің реті келіп тұр. Түркияда қант қызылшасының әр гектарынан әр отбасы 1 млн. теңгедей табыс алады екен. Ал, біздің меркіліктер бүкіл шаруашылық («Сыпатай батырдан» басқасы) болып мұндай көрсеткішке жетіп жүр ме? Әрине, жоқ. Шығынға баттық деп қызылшаны зордың-зорымен егіп жүргені қаншама?
Осыған қарап «Бәрекелді, Қанат, еңбегің жансын. Енді өзіңдей басшы өзге шаруашылықтардан да табылып, Меркінің бұрынғы даңқын жаңғыртуға іс жүзінде үлес қосып жатқай», – дейміз.



