top of page

Мемлекеттік қолдау неге ол уақтылы жетпейді?

Бақтыбай АБАЙ

22 тамыз, 2014

Бұрнағы күні облыс әкімінің орынбасары Х.Әбдірайымов бастаған мемлекеттік қолдау шараларын тұрғындарға түсіндіру жөніндегі жұмыс тобы ауданымызда болып, аудандық әкімдіктің үлкен залында кәсіпкерлермен кездесу өткізді.

Оны аудан әкімі Б.Көпбосынов ашып, қонақтармен таныстырып, Меркі ауданында да кәсіпкерлікті, агробизнесті дамытуға үлкен мүмкіндіктер бар екендігі, жалпы қазіргі жағдай, алдағы бағыт-бағдар туралы қысқаша айтып өтіп, Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Д.Рымтаевқа сөз берді.

Ол өз сөзінде жұмыс тобымен аудандарды аралап жүргендегі мақсаттары, Меркі ауданында кәсіпкерлік өнігу үстінде болғанымен, әлі көп жұмыстар атқару керектігін, жүзеге асырылған ірі жобалар аздау екендігін жеткізді.

– «Даму» қорының, Ұлттық палатаның облысымызда филиалдары бар. Банктер қызмет көрсетуге мүдделі. Аудандардағы жағдайды білем. Кезінде өзім де әкім болып істеп, әр кәсіпкерді досым деп сезініп, жақын байланыста болғанмын. Аудан шеше алмаған мәселе болса маған келіңіздер, – деп түйіндеді.

Бұдан соң «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ-ның Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Р.Жайшаев, «Нұрбанк» АҚ-ның облыстық филиалы директорының орынбасары Н.Нұрлыбаева, «БанкЦентрКредит» АҚ-ның облыстық филиалы директоры Қ.Аралбекова, облыстық әкімдіктің ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары М.Бүркітбаев сөз алып бүгінгі талаптар бойынша кәсіпкерлерге, агробизнес өкілдеріне қалай қызмет көрсетілетіндігін, жеңілдіктер, кепілдік қоюдың жай-жапсары, тиісті банкінің қояр мөлшерлемесі, несиені қайтару тәртібі, «Агробизнес – 2020» бағдарламасының ауылдықтар үшін тиімді жақтары туралы түсініктеме берді.

Басқосуға қатысып сөйлеген кәсіпкерлер, шаруашылықтар жетекшілерінің сөзі мемлекеттік қолдау жақсы-ақ, Елбасы да барынша жағдай жасаңдар деп отыр, неге сол қолдау уақтылы жетпейді, әуре-сарсаңы көп дегенге сайды. Нақты келтіре кетсек, меркілік, облыстық мәслихаттың депутаты С.Қалманбетов:

– Банкирлер бізден несие алды, дұрыс болып кетті, деп айта алмайды, – деді, – Қанша рет осылай облыстан келгендермен жиын өткізіп отырмыз. Нәтиже күткендегідей емес. 20 га жер алып, жол, электр қуатын жүргізейін деп құжаттың бәрін дайындадым. 8 ай болды, несие ала алмадым. Іс әрі жылжымай қойды. 19 млн. теңгелік жол жобасын жасаттым. «Даму» бағдарламасы бойынша аласыз деген. Облысқа барсам, «Агробизнес – 2020» бойынша енді берілмейді, – дейді.

Бәрінен де енді бізге лизингті ашып берсеңіздер.

Қостоғаннан шаруа қожалығының жетекшісі Қ.Татығұлова да көп адамның ойында жүрген мәселелерді ашып айтты.

– Жақсы-ақ түсіндіресіздер, ал іс жүзінде облыстан айтарлықтай көмек болмай тұр ғой. Мини ферма ашамыз дедік. Тиісті құжаттардың бәрін жинастырдық. Бірақ сол ферма әлі күнге ашылмай тұр. Елбасы айтқандай қамқорлық жасалмай отыр.

Кездесуде Кеңес ауылдық округінен шаруа қожалығының жетекшісі Ж.Лебетов, Меркі ауылдық округінен шаруа қожалығының мүшесі Қ.Иманалиев, Жаңатоған ауылдық округінен қожалық жетекшісі С.Ешетов, Сарымолдаев ауылдық округінен қожалық жетекшісі Т.Срайылов, тағы басқалар өз ой-пікір, ұсыныстарын білдірді. Оның ішінде биылғы субсидияны төлеу тым кешігіп бара жатыр, сол қаражат алынса күздік егуге дайындалып, жер жыртуға көмек болар еді, – деді.

Білімді, білікті, депутат деген Совет Қалманбетовтың өзі дайын жоба, құжатымен несиесін ала алмағанына жылға жуықтап қалса, қатардағы шаруа, кәсіпкердің жағдай- мүмкіндігі белгілі болып тұрғандай. Түсінік жұмыстарын жүргізуге келген жұмыс тобының мүшелері несие алу тетіктері жетілдіріліп, ахуал бірте-бірте түзеледі деген жауаптарын алдыға тартты. Ал, «Меркі» асыл тұқымды зауыты» АҚ-дан Д.Садыровтың тереңнен су шығаруға ұңғыма қазуға байланысты жер мәселесіне орай орман қорындағы жерлерін шаруашылықтарға қайтаруды сұраған хат республикалық орындарға жіберілді деп жауап берді.

Кездесудің соңында кәсіпкерлер, шаруашылық жетекшілері облыс орталығынан келген банкирлермен, басқа да қызмет көрсететін орындар өкілдерімен жүзбе-жүз кездесіп, сауалдарын қойып, шешілмеген мәселелерді бірге ойласып, жолға қою жағын қарастыруға мүмкіндік алды.

 

Мәжіліс залында

Please reload

bottom of page