
Кепілді жемшөп қоры – мал шаруашылығын дамыту негізі
Бақтыбай АБАЙ
27 тамыз, 2014
Ауданда егін орағы науқаны аяқталып келеді. Ауыл шаруашылығы дақылдарын күтімдеу жұмыстары одан әрі жалғасуда. Басты назардағы шаруалардың бірі – малға азықты жеткілікті әзірлеп алу болатын. Бұл ретте де біраз нақты істер атқарылуда деуге болады. Аудан бойынша 113 мың тонна пішен дайындалып, жоспар 107 пайызға орындалып отыр. Шабындықтардағы жұмыс одан әрі жалғасуда.
Мемлекет басшысы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы халыққа Жолдауында: «Қазақстан ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналуға тиіс», деп алдымызға үлкен міндеттер қойғаны белгілі. Өнім молшылығын жасау үшін саланың тиісті өндірістік-техникалық базасы, басқа да алғышарттары болуы міндет. Мал басын аман сақтап, өсіру, қоңды етіп бағу сонда ғана мүмкін болмақ. Бұл үшін, әрине, шұрайлы жайылым, жұғымды мал азығы молынан керек екендігі айтпаса да түсінікті. «Қазақстан – 2050» Стратегиясында «Біз әлемдік деңгейдегі мал шаруашылығы жемшөп базасын құру үшін үлкен әлеуетке иеміз» деп көрсетілгені және белгілі.
Мұндай перспектива біздің аудан жағдайында да жоқ емес, бар. Бұған биыл негізгі жемшөптік дақыл – жоңышқа егістігі арта түскені дәлел бола алады. Бірқатар шаруашылықтар қосымша резерв ретінде Құм жайылымында пішен шабуды жалғастыруда.
–Шаруашылық орталығында 1000 тоннадан астам пішен маяланып қойылды, – дейді «Меркі» асыл тұқымды зауыты» АҚ басшысының міндетін атқарып келген Әділ Саудабаев, – Жұмыс одан әрі жалғасын табуда. Жылдағыдай Ортақұмдағы «Қарашолақ» учаскесінде де науқан жүріп жатыр. Мұнда әзірге 400 тоннаға жуық пішен тайланды.
Мал азығын қамдап қоюға «Аспара» өндірістік кооперативінің еңбеккерлері де жұмыла кіріскен болатын. Соның нәтижесінде 5,5 мың түк пішен маяланып қойылды. Ортақұмға арнайы бригада жасақталып, жіберілді. Құрамында 13 адам, 3 тракторы бар. Сөйтіп осында 4000 түк пішен әзірленіп, маялар қатар түзей бастады.
– Мүмкіндік болса шаруашылықта 20 мың түкке дейін маялап, қысқа қамданып барсақ дейміз, – деді бізбен хабарласқан кооператив төрағасы Қуат Бекеев.
Үстіміздегі жылдың қуаңшылығы мал азығын дайындауда да көп қиындық келтіруде. Даладағы табиғи шөп тым ерте қурап кетті. Тәлімі жерде өсірілетіндіктен көп шаруашылықтарда жоңышқа бір-ақ орымға ілікті. Ендігі міндет бар шөп, жоңышқаның өзін шашау шығармай, сапалы етіп жинап алу.
Өткен мал қыстату науқанында дайындаған пішен жетпей, мал жүдеп, шығынға да жол берілді.
Міне, жаз айлары да өтіп, күз де жетті. Одан әрі қыс та жақын. Ол қандай болады, қаншалықты созылмақ? Ешкім дәлдеп айта алмайды. Бір-ақ белгілі нәрсе, ақиқат: жан-жақты қамданған ғана сыр бермей, қысты ойдағыдай өткізбек.
Олай болса мал азығын толықтыра түсуге әлі де мүмкіндік барда науқанды ұйымшылдықпен, әрбір жұмыс сағатын ұтымды пайдалана өткізген мақұл. Мұндайда егін орағы барысында жиналған сабан да, өзен-жылға бойындағы шалғыға ілігер шөп те пайдалана білсе әжетке жарамақ.


