
Биыл жаңа балабақша пайдалануға беріледі
Бейбіт СЕРІКБАЙ
24 қаңтар, 2014
Өткен аптаның дүйсенбісінде басталған ауыл әкімдерінің есебі Андас батыр ауылында жалғасып, Бейбіт Тәнекеев округ тұрғындары алдында есебін берді.
Андас батыр ауылындағы №21 ОМ-де ауыл тұрғындарымен өткен кездесуге «Нұр Отан» партиясының Меркі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Марат Қасым қатысып отырды.
Ауыл әкімінің сөзінше, 2013 жылы округте бірнеше ауқымды жұмыстар атқарылып, игі істер бастау алған. «Андас батыр ауылындағы ұзындығы 1,04 шақырым 30 лет Победы және 1,5 шақырымды құрайтын Советская көшелерін «АйяСервис» ЖШС бөлінген 36 млн. 711 мың теңгеге толық асфальттаған. Қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигонның ЖСҚ-сы жасалуда. Андас батыр, Аралқыстақ, Қызылқыстақ, Гранитогор елді мекендерінің бас жоспары істелуде. Сонымен қатар әлеуметтік сала бойынша бүгінгі таңда бөлінген 287 млн. теңге қаржыға «Талас Құрылыс» ЖШС осы ауылда 140 орындық балабақша құрылысын бастап жұмыстары жүргізілуде» – деп ауыл әкімі ауылдықтарды бір қуантып тастады. Бұл округте сондай-ақ, мектеп ағымды жөндеуден өткен және алда да атқаратын жұмыстардың барлығы айтылды. Ауыл болғаннан кейін әлбетте түйіні шешілмеген мәселелер болады.
Жарыссөзде ауыл тұрғыны Қ.Алиев ең өзекті мәселе ауызсу екендігін және дәрігер маманның керектігін айтты. Оралман, бүгінде ҚР азаматтығын алған А.Шалғынбаева: «3 жылдан бері Новая көшесінде үй соғып сонда тұрамын, дегенмен әлі электр желісі, газ тартылмаған, көше жолы нашар, қашан инфрақұрылымы жөнге келеді» – деген сауалын қойды. Сондай-ақ, ауыл еңбеккерлері осы округте конкурсқа қойылған суармалы, жайылым жерлердің басым көпшілігін сырт жақтан келген адамдар ұтып алғандығына да наразылықтарын білдірді. Мазарға да жер керектігі сөз болды. Бұл сауалдарға жауап берген ауыл әкімі Б.Тәнекеев: «Ауызсу мұнарасының құбырын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 7 млн. теңге бөлініп, «Сәулет және жобалау бас кәсіпорны» ЖШС көшелердің су құбырларын тарту үшін топографиялық жұмыстарын жүргізді. Жер асты суы қорының мөлшері анықталса бұл жұмыс та алдағы уақытта жүзеге асады. Ал ауруханаға жас дәрігер мамандарды шақырып жатырмыз, оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар көп, сондықтан өздеріңіздің туыс, таныс медик мамандарыңыз болса шақырыңыздар, бұл мәселені аудандық аурухананың бас дәрігері де біледі» – деп жауап қатты.
Конкурсқа қойылып берілген жерлерді аудан әкімдігінде құрылған арнайы комиссия тәжірибесі мен мүмкіншігі мол, жермен айналысатын шаруа адамдарға бергендігі де түсіндірілді.
Округ әкімінің есебі осы күні Қызылқыстақ, Гранитогор ауылдарында өтіп бұл жақта да біршама мәселелердің төбесі ашылды. Ауыл тұрғыны Б.Садықов Аралқыстақ ауылындағы мектеп апатты жағдайда, медициналық тірек жоқ, газ, көшелерді жарықтандыру мәселелерін көтерсе, азаматша О.Сирьянова ауылға қатынайтын автобус жоқтығын, оқушылар №21 ОМ-ге таксимен азанда 70 теңге, кешке 100 теңге төлеп барып келетіндігін тілге тиек етті. Андас батыр ауылдық округінің әкімі Б.Тәнекеев көтерілген мәселелердің барлығы бір күнде шешіле салмайтындығын айтып:
«Бұл ауылда да былтырғы жылы атқарылған игі істер баршылық. №3 орта мектебіне ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, есік терезелері ауыстырылды. Аралқыстақ ауылындағы бастауыш мектеп күрделі жөндеуден өтеді және биыл газ құбыры тартылады. Оған 22 млн. теңге қарастырылған. Сондай-ақ, Қызылқыстақтағы мектептен осы клубқа дейін ауызсу құбырын тартуды қолға аламыз. Автобус жайын аудандағы тиісті мекемелермен ақылдасып бұл мәселені де шешуге тырысамыз» – деді.
Гранитогор ауылындағы №8 ОМ-де өткен ауыл әкімінің есебінде қордаланып қалған проблемаларды ауыл тұрғындары көңілсіз күйде жеткізді. Ауыл тұрғыны С.Локтевтің айтуынша, электр жарығы тұрақты берілмейді, үнемі аракідік сөніп, қайта жанып мезі етеді. Ауылда электрик жоқ, РЭС-ке хабарласса келмейді. Бұл ауылда сондай-ақ жайылым тапшылығы, ауызсу, газ, жол мәселелері сөз болды. Округ басшысы бұл сұрақтарға да жауап қатып газ құбырын тарту үшін ЖСҚ-сын жасау үшін 27 млн. теңге бөлінді. Бұл жұмыс аяқталғаннан кейін арман болған көгілдір газ да кіргізіледі. Андас батыр округінде өткен ауыл әкімінің есебінде «Нұр Отан» партиясының Меркі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Марат Қасым шығып сөйлеп, былтырғы жылы ауыл әкімдерінің сайлауы өтіп аудандық мәслихат депутаттары сайлағандығын, ал депутаттарды аудан халқы сайлады, сондықтан әкімдерді халық өзі таңдап алды десе де болады, қай ауылдың тұрғындары болсын әкіммен біріге, келісе жұмыс жасаса деген ниетін айтып: «Аудан бюджетінен әр ауылдық округтің әкіміне ауылдың мәселелерін шешу үшін қомақты қаржы бөлінді, соны сіздер – ауыл ақсақалдары ақылдаса қандай маңызды жұмысқа жұмсауға болады, кімге көмек керек, осының бәрін өздеріңіз шешіп, игілі іске бөлуге болады» – деп «Нұр Отан» партиясы жағынан айтылған мәселелерді шешуге атсалысатынын жеткізді. Андас батыр ауылдық окрругіндегі 3 ауылда өткен кездесулерде ауыл әкімін тыңдаған ауыл халқы есебіне қанағаттанарлық деген баға беріп: «Өзің осы ауылда туып өскен азаматсың. Осы жерде еңбек жолын бастадың. Былтыр ғана ауыл әкімі болып келдің. Жарты жылда айтарлықтай тірлік бітіру мүмкін емес. Сондықтан біліктілігің мен іскерлігіңе, халық үшін қызмет ететініңе сенеміз», – деп ізгі тілектерін арнады.


