
Университет ұстаздарымен кездесті
Бейбіт СЕРІКБАЙ
11 сәуір, 2014
Осы аптаның сәрсенбісі күні аудандық мәдениет үйінде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттерімен кездесу кеші ұйымдастырылды.
Кездесуге ауданымыздағы орта мектептер мен орта мектеп-гимназиясының оқушылары, кәсіптік білім беретін лицей, колледж студенттері және ұстаздар қатысты.
Кештің жүргізушілері бірінші сөз кезегін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің проректоры Абдуалы Асқарға ұсынды. «Құрметті жастар, биылғы оқу жылы да аяқталуға жақын қалды. Осы ретте барлықтарыңа алған білімдеріңді дәлелдеп ҰБТ-дан жоғары балл жинап, қалаған мамандықтарың бойынша жоғары оқу орнына түсіп студент атануларыңа тілектеспін. Әрине, оқу ордасын таңдауда ата-аналарыңмен, ұстаздарыңмен ақылдасатындарыңа шүбә жоқ.
Дегенмен біз сол мамандық пен жоғары оқу орнын таңдауға өз үлесімізді қосып, облысымыздың іргелі жоғары оқу орны М.Х.Дулати атындағы университет туралы да ақпарат беріп, айтулы білім ордасынан дәріс алуға шақыруға келдік», – деді. Сондай-ақ, университеттің басты имидждік жобасы – жоғары оқу орнын инновациялық типтегі университетке айналдыра отырып, әлем деңгейіндегі бәсекеге қабілетті кәсіби мамандар дайындау екен. Білім ордасының дамыған инфрақұрылымы – заманауи оқу кешендері, 2 студенттер үйі, 15 оқу залдары, тамақтандыру комбинаттары, жабдықталған спорт алаңдары мен сауықтыру лагері – оқу-тәрбие үрдісін қазіргі заманғы отандық және халықаралық өлшемге сай ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Ғылыми-педагогикалық деңгейі жоғары профессорлық –оқытушылар құрамы студенттің таңдаған саласы бойынша сапалы білім алып, болашаққа нық сеніммен қарауына жол ашады. Сондай-ақ, шет елдердің танымал жоғары оқу орындарымен орнатылған қарым-қатынас аясында студенттердің қос диплом алу мүмкіндігі бар.
Бұған қоса М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде бүгінгі таңда 610 штаттық профессор-оқытушылар құрамы, олардың ішінде 40 ғылым докторлары, 257 ғылым кандидаттары, 19 PhD докторлары, 294 магистрлер дәріс беруде. Студенттер бұл білім ошағында 60 бакалавриат мамандығы, 39 магистратура мамандығы, 3 ғылыми бағыттағы PhD докторантура және 5 әскери мамандық бойынша оқып, диплом алып шығады. Айтулы Республикамыз бойынша ең ірі білім ордасында академиялық ұтқырлық орталығы, халықаралық бағдарламалар бойынша шетелде сынақ мерзімін өту мүмкіндігі де қарастырылыпты. Университетте 1400000 дана қоры бар ғылыми кітапхана, заманауи материалдық-техникалық база, жабдықталған компьютерлік сыныптар ашылған және электрондық білім беру, интерактивті әдістер де қолданылуда.
Жастар білім ордасында шығармашылық, қоғамдық жұмыстармен айналысып әртүрлі өнер, спорт үйірмелерінде де бос уақыттарында демалып, шынығуға барлық жағдайлар жасалыпты. Осы университеттің түлектерінің ішінде бүгінде белгілі әнші Досымжан Таңатаров, бокстан Олимпиада чемпиондары Ермахан Ибраимов, Бақтияр Артаев, «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев және т.б. әлемге, Республикаға танымал азаматтар бар екен.
Ауданымыздың жастарымен өткен кездесу кезінде сондай-ақ, Ақпараттық технологиялар, автоматика және телекоммуникация факультетінің деканы Мұрат Сауранбаев, әскери кафедраның майоры Мақсат Сапарбаевтар да өздері дәріс беретін факультеттерде білім алудың басымдықтары мен тиімділігі туралы айтып, түсіндіріп берді. Кеште М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті жанынан құрылған «Арай» би тобы, «Милат» дуэті, облыстық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Асқар Ақтөре және білім ордасының басқа да студенттері өз өнерлерін меркілік жастарға ұсынды.


