
Оқушылар халықаралық зерттеуге қатысты
Нұрбану КАМАЛ
18 сәуір, 2014
Сейсенбі күні №21 «Победа» орта мектебінің оқушылары еліміздің білім беру жүйесін, сапасын бағамдайтын халықаралық зерттеуге қатысты. IEA – халықаралық оқушылардың білім жетістіктерін бағалау жөніндегі қауымдастық арқылы 4 жылда бір жүргізілетін TIMSS халықаралық зерттеуі – әлем елдерінде 1959 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан, мемлекеттің білім саласына халықаралық стандарттар негізінде нақты баға беретін маңызды зерттеу. Бұл зерттеуге республикамыз 2007 жылдан бері қатысып келеді.
Ағылшын тілінде математика мен жаратылыстану ғылымдары бойынша білім беру сапасын бағалау дегенді білдіретін TIMSS зерттеуіне биылғы жылы елімізде 14 облыс, соның ішінде облысымызда Мойынқұм, Қордай аудандарынан бір мектептен және Меркіден №21 «Победа» орта мектебі қатысуда. Онда негізінен 4 және 8-сынып оқушыларына математика және жаратылыстану бағытындағы пәндер бойынша мектеп бағдарламасы негізінде дайындалған сауалдар мен логикалық сұрақтардан тұратын тест кітапшалары – буклеттер беріліп, оқушының білім деңгейі жан-жақты сараланады.
Зерттеудің өткізілуіне мектеп алдын-ала дайындалған. Астана қаласында өткен 2 күндік оқыту семинарына қатысып, осы зерттеудің жүргізілу тәртібі, нұсқаулықтары мен ережелерін біліп келген мектептің үйлестірушісі, директордың ғылыми іс жөніндегі орынбасары Балжан Жандарованың ұйымдастыруымен дайындық шаралары ойдағыдай жүргізіліп, оқушылар мен ата-аналар, мұғалімдер де зерттеудің ережелерімен таныстырылған. Тест барысында балалардың психологиялық дайындығын мектеп психологы назарда ұстады. Облыстық білім басқармасының оқу әдістемелік кабинетінің бөлім меңгерушісі Шафиға Жамалбекова, әдіскерлері – Айсұлу Көшкінбаева мен Меруерт Жанысбаева, Қордай ауданындағы №1 Қонаев атындағы гимназияның математика пәнінің мұғалімі Нина Волощина, Жамбыл аудандық білім бөлімінің әдіскері Айсұлу Бейбітова және Меркі аудандық білім бөлімінің әдіскері Мадина Бексұлтановалар зерттеуге атсалысты.
Салтанатты жиында қонақтар мен мектеп директоры оқушыларға сәттілік тілеп, зерттеуге қатысушы барлық 87 оқушыға арнайы сертификаттарды табыс етті. Тест сұрақтары салынған пакеттерді оқушылардың өздері ашып, ережеге сай берілген уақыт ішінде 2 бөлімнен тұратын тест сұрақтары мен оқушының мектеп, сабақтардан үлгерімі жөніндегі жеке ойларын білу мақсатында берілген сауалнамаға да жауап берді.
«TIMSS халықаралық зерттеуінің негізгі бөлімі 2015 жылы өткізілетін болады. Біздің бүгінгі өткізіп отырғанымыз – зерттеуге қатысушы елдердің дайындығына талдау жасау мақсатында алдын-ала жүргізілетін апробациялық зерттеу. Биылғы апробациялық зерттеуге еліміз бойынша барлығы 2800-ден астам оқушы қатысуда. Біз еліміздегі мектептер мен оқушылардың тізімін зерттеуді өткізуші халықаралық қауымдастыққа жібердік. Соның ішінен қай мектеп қатысатынын олар өздері анықтады. Енді тест нәтижелері де қауымдастыққа жіберіліп, қорытындысы үстіміздегі жылдың қазан- қараша айларында келетін болады. Ал 2015 жылы өтетін негізгі бөлімге республикамыздан 10000 оқушы қатысады», – дейді еліміздің білім жүйесіндегі халықаралық зерттеулердің ұлттық үйлестірушісі – ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық білім беру статистикасы және бағалау орталығының аға сарапшысы Ирина Иманбек. Сондай-ақ, ол №21 «Победа» орта мектебінің зерттеуге дайындығына оң баға берді.
Зерттеуде 4 және 8-сыныптың пән мұғалімдеріне, ата-аналарға және мектеп әкімшілігіне де сауалнама жүргізілді. Мектеп әкімшілігі мектептің материалдық-техникалық базасы, оқытушылардың құрамы жөніндегі сауалдарға жауап берді. 4 «А» сынып оқушысы Амантай Назеркенің анасы Бұлбұл Бейсенова ата-аналарға арналған сұрақтардың көбіне отбасы жағдайы, бала тәрбиесі жөнінде болғанын айтады.
TIMSS халықаралық зерттеуі нәтижесінде алған мәліметтер еліміздің білім сапасы мен әлемдік білім беру жүйесіндегі орны жөнінде ой өрбітуге мүмкіндік береді.


