top of page

Жас инспекторлар жарысқа түсті

Бейбіт СЕРІКБАЙ

 25 сәуір, 2014

Өткен аптаның сенбісінде ауданымыздағы №39 орта мектеп-гимназиясында мектеп оқушыларының арасында «Жол қозғалысының жас инспекторлары» атты V аудандық слеті болып өтті. №39 орта мектеп-гимназиясында ұйымдастырылған слеттың ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалып, №39 ОМГ-ның алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі қатысушы командалардың сапқа тұрғызылғандығы туралы баяндама жасады.

Салтанатты рәсімде аудандық білім бөлімінің әдіскері Мейірлан Тілеужанов жас инспекторларға сәттілік тілеп, Елбасы Н.Ә.Назарбаев халқына арнаған Жолдауларында үнемі балалардың денсаулығы мен біліміне басты назар аударып «Балалар қоғамымыздың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі және олар құқықсыз болуға тиіс емес. Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек. Мемлекет сіздердің алдарыңыздан жаңа мүмкіндіктер ашылуы үшін барлығын жасауда. Олар – сіздердің ата-аналарыңыз тіпті ойлап та көрмеген мүмкіндіктер деген сөздерін жеткізді. Сондай- ақ, ҚР Президентінің балалар мен жасөспірімдер өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді құзырлы органдарға тапсырғандығын, соңғы кездері Республика автожолдарында жол- көлік апаттарының жиілеп, онда кәмелетке жасы толмағандардың зардап шегуі мен опат болуларының орын алуынан көптеген отбасылардың шаңырағы шайқалып жатқандығы туралы да айтып, жол қозғалысы ережелерін бұзғандарды, әсіресе, автокөлік рөліне мас күйінде отырған жүргізушілерді қатаң жазалау, тиісті шаралар қабылдау керектігі жайында тапсырма бергендігін де тілге тиек етті. Сондықтан балаларды әу бастан ата-аналары, мектеп қабырғасында мұғалімдер жолда жүру ережесін үйретіп, түсіндіріп ылғи құлақтарына құйып отыруы тиіс. Міне, бүгінгі байқауымыздың өзі осы оқушылардың жолда жүру ережесін біліп, білімдерін шыңдайтындықтарына көп үлес қосады», – деп жарыстың ашылуымен құттықтады. 

Сайысқа қатысушыларды, сондай-ақ, «Отан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дулат Шораев, №39 орта мектеп-гимназиясының директоры Күләш Сейітқұлова құттықтап, жүрекжарды лебіздерін арнады. Сонымен жарыстың жалауы желбіреп бақтарын сынау үшін №1, 5, 9, 18, 20, 21, 22, 44 орта мектептері мен №39, 17 орта мектеп-гимназияларының жас инспекторлар жасақтары тасталған жеребе бойынша кезекпен-кезек өз өнерлерін ортаға салды. 

Байқау 11 кезеңнен тұрды. Олар: саптық көрініс, жас корреспондент, эрудиттер жарысы, жас реттеуші, жас санитар, жас автомобильші, командирлер жарысы, қауіпсіз дөңгелек, үгіт-насихат бригадасы, жас насихаттаушы сайыстары. 

Бірінші кезеңдегі сайыстардың ішіндегі ең қызықты да тартымдысы саптық көрініске барлық командалар жіті дайындалыпты. Әр команда өзіндік сәнімен тігілген жас инспекторлар киімімен ортаға, мектеп алаңына нық басып шығып, сапта жүру, команда капитанының әскери пәрменін бұлжытпай орындау, қатарлап адымдап алға басып өлең айту сынды әскери әдістерді өте әдемі көрсете білді. Ал, қалған жоғарыда айтылған сегіз сайыстарды сайланған әділқазылар алқасының мүшелері аудандық білім бөлімінің әдіскері М.Тілеужанов, Меркі оқу бейімдеу орталығының автоісі бөлімінің мұғалімі Н.Биғазиев, АІІБ-нің әкімшілік полиция бөлімшесінің мемлекеттік автоинспекторы Д.Тналиев, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының психолог маманы Қ.Бектұрғанова, «Меркі тынысы» газетінің тілшісі Б.Құралбаевтар өздерінің салалары бойынша жарысқа қатысушыларды әр командадан екі қатысушыдан бөліп алып білімдері мен біліктіліктерін тексеріп, бағалады. 

Мәселен, «Отан» ҚБ- нің төрағасы Д.Шораев команда мүшелерінің жолда жүру ережесін білуінен тест қабылдаса, автоинспектор Д.Тналиев жол қозғалысын бағдаршам жоқ жерде ала таяқпен қалай реттейтінін бақылады. Әділқазылар мүшелері әр кезеңдегі сайыстарға 5 балға дейін өз бағаларын беріп, бағалау парағына жазып отырды. Соңғы өнерпаз, білгірлер сайысы «Үгіт-насихат бригадасы» сыны орта мектеп гимназияның акт залында өтті. Бұл сында мектеп оқушылары өздерінің жолда жүру ережесін қандай деңгейде білетіндіктерін көрсетіп, өз білімдерін көрініс арқылы көрермендерге насихаттады. Кейбір команда орманда тұратын аңдар кейіпкерлері болып жолда жүру ережесін насихаттаса, кейбірі әзіл-сықақ көрінісімен ерекшеленді. Командалар әр көрініс соңында флеш-моб түрінде ұйымдаса шетел билерін биледі. Қонақтар мен көрермендер жас инспекторлар өнерлерін жақсы көңілдерімен тамашалап, қошемет көрсетіп отырысты. Сонымен жарыстың нәтижесінде 3-орынды №44, №9 орта мектептерінің оқушылары бөліссе, 2-орынды №22 мен №20 орта мектептің командалары иеленді. Ал, жас инспекторлар сайысында 1-орынға №17 орта мектеп-гимназиясының командасы көтерілсе, байқаудың бас жүлдесін №39 орта мектеп-гимназиясының «Бағдаршам» жас инспекторлар жасағы жеңіп алды. 

Байқаудың бас жеңімпаздарына тиісті дәрежедегі диплом, ауыспалы кубок және принтер тарту етілді. 

Барлық жүлдегер атанған командалар да тиісті дәрежедегі дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. 

«Отан» ҚБ-нің төрағасы Д.Шораев та өз ұжымы атынан №39, 17, 5, 21 орта мектептерінің командаларын арнайы дипломмен марапаттаса, АББ-нің Құрмет грамотасымен осы байқаудың өткізілуіне қосқан елеулі үлесі үшін «Отан» ҚБ-нің төрағасы Д.Шораев, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының басшысы Қ.Әдешова, АІІБ-нің мемлекеттік автоинспекторы Д.Тналиевтер марапатталды. 

Сондай-ақ, жарыстың әр аталымдары бойынша үздік деп танылған командалар мен жеке үздік өнерімен дараланған оқушылар да арнайы дипломдармен марапатталды.

 

Please reload

bottom of page