top of page

Тестілеу қалыпты өтуі үшін тәртіп күшейтіледі

Бақтыбай АБАЙ

16 мамыр, 2014

Мектеп өміріндегі ең маңызды кезең – оқушыларды ұлттық бірыңғай тестілеуден өткізуге, міне, жарты айдай ғана уақыт қалды. Оған дайындық қазір қызу шағында. Өткен сәрсенбіде аудандық әкімдіктің үлкен залында өткен білім саласы қызметкерлерінің кеңесінде қаралған негізгі мәселелер де осы – мектеп бітірушілерді ҰБТ-ға дайындаудың жайы және ҰБТ-ны өткізу тәртіп-қағидаларын сақтау туралы болды.

Аудан әкімі Б.Көпбосынов, аудандық мәслихаттың хатшысы І.Ахметжанов, аудан әкімінің орынбасары Т.Рысқұлбеков, мектеп директорлары, ұстаздары, ата-аналар, бірқатар ұйым-мекеме, құқық қорғау органдары басшылары, өкілдері қатысқан басқосуды аудан әкімдігінің білім бөлімінің басшысы Ж.Жантелиев ашып, мектеп бітірушілерді тестілеуге дайындаудың жайы туралы хабарлама жасады. Сөзінің басында 2013 жылғы ҰБТ қорытындысына талдау жасап, төмен көрсеткіш көрсеткен мектеп басшыларына шара қолданылғанын жеткізді. 

– Атап айтқанда, – деді ол, – №14, 15, 16, 19, 20, 23, 35, 28, 30 орта мектептердің директорларына сөгіс, соңғы 2 жыл қатарынан төмен нәтиже көрсеткен №13, 8 орта мектеп директорларына қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. 

Аталған кемшіліктерді биылғы ҰБТ-да жібермеу үшін тестілеуге дайындық, білім сапасын көтеру мақсатында нақты іс- шаралар жоспары белгіленіп, жүзеге асырылуда. Мектептерде облыстық білім басқармасының жоспарына сай 1 рет, аудандық білім бөлімінің тарапынан 4 рет және тестілеу пунктінің кітапшаларымен 18-21 реттен, білім бөлімі тарапынан «Алтын белгі» және үздік аттестат үміткерлерінен сынама тесттер, пән мұғалімдері тарапынан тақырыптық тесттер алынып сараптамалық талдаулар жүргізілді. Білім сапасын көтеру бағытында атқарылған жұмыстардың арқасында қазір аудандық орташа балл 83,5 болып, білім сапасы 69,3 пайызды құрап отыр. 

Жұмахан Сихаұлы көрсеткішті көтеру мақсатында жүргізіліп жатқан басқа да шараларға, ҰБТ кезінде қазіргі заманғы бақылау, іздегіш құралдар пайдаланылып, тәртіп күшейтілетіндігіне, сол сияқты сынақты алаңсыз өткізуге мүмкіндігінше жағдай туғызылатындығына нақты тоқталды. 

Бұдан соң сөз алған аудандық білім бөлімінің әдіскері Ж.Ендібаев ҰБТ-ні өткізу қағидалары және оны сақтау жөнінде кеңінен айтып, түсінік берді. Ал, аудандық ҰБТ-ні өткізу пунктінің директоры Г.Сақыпбекова №17 ОМГ негізінде ұйымдастырылып құрылған бұл орынның тестілеуге дайындығы, жылдағыдай тест екі лекте өткізілетіндігі туралы баяндады. 

Кеңесте қысқаша сөз сөйлеген аудан әкімі Б.Көпбосынов: – Қазіргі сәт мектеп бітірушілер, ұстаздар үшін, жалпы мектеп өмірінде өте жауапты кезең. Бүгін оқу жылын қорытындылар тұстағы жағдай, ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымшылдықпен өткізуге дайындық қаралуда, – деді. Одан әрі аудан басшысы алдағы тестке дайындықпен барып, қалыпты өткізу үшін оқушылар асып-саспайтын, аса қобалжымайтындай ахуал тудыру керектігін атап айтты. Жақсы дайындалғанына, мектептерінің еш мектептен кем еместігіне, білім дұрыс бағаланатындығына сендіру игі әсерін тигізбек. 

Бақтияр Бейсембайұлы сөзін қорытындылай келе мектеп бітірушілердің сыртқа, табиғат аясына серуендеуге баруы кезінде жолда сақ болуы қажеттігін де еске салып өтті. 

– Жоғары көрсеткіштерге жетеміз, деп ойлайық. Оқушылар тестіні аудан бойынша, мектеп бойынша ойдағыдай баға алып өткізеді деп сенейік, – деп ұстаздарға, мектеп бітірушілерге, ата-аналарға табыс тіледі. 

Осыдан соң сөз алған аудандық мәслихаттың хатшысы І.Ахметжанов, аудан әкімінің орынбасары Т.Рысқұлбеков ҰБТ- ның, оны бұрын жол беріліп келген олқылықтарсыз өткізудің маңызына тоқталып, биыл мектепті тәмамдайтын жас өркенге, ұстаздарына сәттіліктер тілесті. 

Сонымен Ж.Жантелиев кеңесті қорытындылай келе хабардар еткендей, ҰБТ ауданда екі лекпен 2 және 4 – маусымда өтеді. Жылдағыдан ерекше болмақ. Дегенмен жақсы дайындалған оқушыға, ұстазға мұның тек пайдасы тиері анық.

 

Please reload

bottom of page