
Меркілік жастар отанын қорғауға дайын
Бейбіт СЕРІКБАЙ
21 мамыр, 2014
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында жастар саясатына баса назар аударып: «Болашаққа деген сенім болмаса толыққанды мемлекет құруға болмайды. Мемлекет және халық мұны сезініп, бірлесіп жұмыс істеуге тиіс. Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады. 2050 жылға қарай біз Қазақстанның кез келген азаматы ертеңгі күнге, болашаққа өте сенімді болатындай саяси жүйе құруымыз керек» – деді. Бұл тұрғыда Республикамыз бойынша, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауындағы тапсырмаларын орындау үшін көптеген игілікті шаралар қолға алынып, өткізілуде.
Еліміздің барлық білім ордаларында мемлекеттік мекемелер, ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің ұйымдастыруымен «Жас патриот», «Жас сарбаз», «Сұңқар», «Жас инспектор», «Алау», т.б. сынды байқаулар мен спорттық жарыстардың жалауы желбіреуде.
Осындай тағылымы мен тәрбиесі зор іс-шара жуырда ауданымыздағы «Отан» қоғамдық бірлестігінің кәсіби-техникалық оқу орталығында өтті.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 69 жылдығы және Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне 22 жыл толуына арналған мектеп оқушылары арасындағы аудандық «Сапта жүріп ән айту» байқауы аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен және «Отан» қоғамдық бірлестігінің демеушілігімен жоғары деңгейде өтті. Ауданымыздағы №14, 48, 16, 44, 1 орта мектептері мен №17 орта мектеп-гимназиясынан келген оқушылардан құралған әскери жасақтар сапта тұрып ҚР Әнұранын әуелете, шырқата жанды дауыспен орындады. Байқаудың ашылу салтанатында қатысушы командаларды байқаудың әділқазылары аудандық білім бөлімінің әдіскері Алмас Исақұл, «Отан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дулат Шораев, «Меркі тынысы» газетінің тілшісі Бейбіт Құралбаевтар жарыстың ашылуымен құттықтап, жас сарбаздарға сәттілік тілеп, ізгі- тілектерін жеткізді.
Салтанатты рәсімнен кейін «Сапта жүріп ән айту» байқауы да басталып, мектеп оқушыларынан құралған әскери жасақтар сайыстардың 6 түрінен жарысқа түсті. Бірінші «Салтанатты шеру» кезеңінде барлық командалар алаңда сапта қаз-қатар тұрып, адымдап шерумен нық басып жүріп, өз өнерлерін көрсетті. Екінші кезеңде де жарысқа қатысушылар саппен жүріп саптық жаттығуларды орындады. Бұл сайыста команда өкілдері сапта тік тұру, сапта санақ жүргізу, командир пәрмені бойынша шашырып, қайта сап түзеу, оңға, солға, айнал, т.б. әскери тәсілдерді өте тартымды орындап, жарысты қызықтаған жанкүйерлерді бір тамсандырды. Ары қарай жарыс көрігін қыздырған әскери жасақтар кезек-кезек шығып сапта жүріп әскери мәтіндегі қазақша, орысша әндерді орындады.
Бұл сынақтарда сондай- ақ, жасақ командирлерінің пәрмен берулері мен баяндамалары және барлық қатысушы команда мүшелерінің киім үлгілері де бағаланды.
Сонымен 2 сағатқа жуық өткен байқаудың нәтижесінде 1-орынды №48 орта мектептің әскери жасағы ұтып алса, 2-орынға №17 мен №14 орта мектептердің оқушылары ие болды. Ал, 3-орынды №1 мен №16 орта мектептердің командалары ие болды.
Сондай-ақ, командалар әртүрлі аталымдар бойынша да марапатталды. Атап айтсақ, «Сапта жүріп ән айту» байқауында «Үздік командир» болып №14 ОМ оқушысы Үміт Сауранбаева танылса, «Саптық жаттығуларда ерекше өнер көрсеткен» аталымына №44, №48 ОМ командасы, «Салтанатты шеруде ерекше көзге түскен» аталымына №44 және №1 ОМ командалары, «Сапта жүріп ән айту» аталымына №44 пен №17 ОМ командалары ие болды. Сонымен қатар байқауда «Киім үлгісімен ерекшеленген жасақ» аталымын №16 ОМ командасы жеңіп алды.
Марапаттау рәсімінде аудандық білім бөлімінің әдіскері А.Исақұл, №30 ОМ-нің әскери жетекшісі Ж.Қадірсізовтер барлық қатысушыларды жеңістерімен құттықтап, тиісті дәрежедегі АББ-ің атынан дипломдармен марапаттап, бағалы сыйлықтар тарту етті.
Ал, аудандық «Отан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Д.Шораев оқушыларды үнемі патриоттық рухқа, Отанын, Елін сүюге және сапалы тәрбие беруге қосқан үлесі үшін орта мектептердің әскери оқытушы- ұйымдастырушылары – №17 ОМ- дан Александр Андриановты, №1 ОМ-дан Нұрлан Темірбековты, №14 ОМ-дан Серікжан Мамытовты, №16 ОМ-дан Алмас Керімбаевты, №48 ОМ-дан Айваз Джамаловтарды «Отан» қоғамдық бірлестігінің Мақтау қағазымен марапаттады. Ал, байқауда өзіндік өнерлерімен ерекшеленген және жылда аудан атынан қатысуға кезектері де жеткен №44 ОМ-нің командасы облыстық «Сапта жүріп ән айту» байқауына қатысу жолдамасына ие болды. Енді Меркінің мерейін үстем етіп, облыста да дара шығып, жеңістің биік тұғырынан көрінсін деген ниетімізді осы жас өрендерге арнап, Ақ жол тілемекпіз.


