
Ақ жол, жас түлектер!
Нәзира ЖОЛДАСБАЕВА
28 мамыр, 2014
Соңғы қоңырау мерекесі №1 орта мектепте де жоғары деңгейде өтті. Мерекеге орай мектеп ауласына «Елбасы Жолдауы – жастарға берген қолдауы», «Қош бол, алтын ұя мектебім!» атты көрмелер қойылып, әртүрлі шарлармен, гүлдермен өте әдемі етіп безендіріліпті.
«Сыңғырла соңғы қоңырау» атты мерекелік кешті жүргізушілер 9 «а» сынып оқушылары Б.Қарақойшы мен М.Әбдіғұл әдемі өлең жолдарымен өрнектей ашып, мектеп бітіруші жас түлектерді қошаметпен ортаға шақырды. Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалып, салтанатты жиын басталып, ұлттық киімді жарастыра киген биші қыздар мың бұрала қазақ биін биледі.
Салтанатты жиынның алғашқы сөз кезегі мектеп директоры Күлайым Сүлейманқұловаға берілді. Өз сөзінде Күлайым Көшербайқызы салтанатты жиынға жиылғандарды мерекелерімен құттықтап, мектептің жетістіктеріне тоқталып, республикалық олимпиадаларда, әртүрлі байқауларда жүлделі орындарды иеленіп білімнің биік шыңынан көрініп жүрген үздік оқушыларды ерекше атап өтті. Мектеп бітіруші түлектерге алдағы үлкен сын – ҰБТ-дан сүрінбей өтіп, жоғары балл алуларына тілектестік білдіріп, ақ жол тіледі. Биыл мектепті 53 түлек бітіргелі отырғандығын, оның 37-сы ҰБТ, ал 16-сы емтихан тапсыратындығын айтып өтті. Сондай- ақ, алтын белгіге үздік оқушы 11 «в» сынып оқушысы Б.Серікова ұсынылып отырғандығын жеткізді.
Келесі сөз кезегі осы жиынға шақырылып отырған қонақтарға беріліп, көп жыл білім беру саласында қызмет еткен ардагер ұстаздар Бақыт Төлетбек, Нағима Мұсаханова, аудандық білім бөлімінің әдіскері Мағрипа Қасымовалар да ақ тілектерін жеткізіп, жас түлектерге сәт-сапар, сәттіліктер тіледі. Ақ тілек, жақсы лебіздерден соң директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Ж.Нұрланқұлова 2013-2014 оқу жылы аяқталуына байланысты бұйрықпен таныстырды. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары білікті маман Б.Ахметханова да жиылғандарды мерекелерімен құттықтап, жас түлектерге ҰБТ-дан сүрінбей өтіп, үлкен оқу орнына түсулеріне тілектестік білдірді.
Ақ тілек енді ұстаздарға келіп жетіп жас түлектердің алғашқы ұстаздары Г.Бөрібаева, А.Ноғайбекова, Ә.Исақұлова, Н.Чугуева, 11-сыныптағы ұстаздары М.Бекжанова, Р.Цхай, Ж.Саховалар және ата-аналар шәкірттеріне, балаларына арнап ізгі лебіздерін жеткізді. Жас түлектер «Киелі Меркім», «Мектебім» сынды әндерді қосыла шырқады.
Әсем әннен соң ортаға 30 жыл, 20 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер шақырылды. Осы мектепте білім алып, түлеп ұшқан түлектер мерекелі күні алтын ұя мектептеріне келіп аяулы ұстаздарымен қауышып, жас түлектерге де үлкен жетістіктер тілеп, мектептік өмірлерінен қызықты әңгіме өрбітіп, мектепке, ұстаздарына естелік сыйлықтарын табыс етті.
Мерекелі күні білімімен, біліктілігімен танылып жүрген бір топ ұстаздар, облыстық жарыстарда жеңіске жеткен оқушылар арнайы құрмет грамоталарымен марапатталды.
Салтанатты жиында өнерлі, талантты оқушылардың орындаған әсем әндері мен осы мектептегі би үйірмесіне қатысатын бишілердің мың бұралған билері көпшілік көңілінен шықты.
Мерекелік жиында жас бүлдіршіндер де түлектерге деген тілектерін өлең жолдарымен жеткізді. Түлектер жас бүлдіршіндерге естелік сыйлықтар табыс етті.
Келесі кезекте түлектер өз өнерлерін ортаға салып дөңгелене мектеп вальсін билеп, қосыла ән шырқап, мектеп өмірінен, ҰБТ тапсыру сәтінен қызықты көрініс қойды. Арман-тілектері жазылған шарларды көк аспанға ұшырды. Талапты жас Аққу Мүслім мектеппен қоштасуға арналған өлең жолдарын оқып, балалықтың бал қызығын өткізген алтын ұя мектептеріне, аяулы ұстаздарына деген түлектердің қимастық сезімдері босаған көңілдерінен, көздеріне үйірілген жастан байқалып тұрды.
Қызықты өткен мерекелі кештің соңғы қоңырауын 11-сынып оқушылары Қанатбай Нұрзат пен Дастан Шатайбаев және 1-сынып оқушысы Дария Бексұлтан соқты.
Ендеше, біздің де жас түлектерге тілеріміз сәт-сапар, ақ жол!


