top of page

Барлығы бала үшін...

Дамира ЖАМБАЕВА

04 маусым, 2014

Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы оқу-әдістемелік кабинетінің жылдық жоспарына сәйкес, қайырымдылық акциясы өтті. Елбасының ұсынысымен 2006 жылдан бері жылына екі рет жүргізіліп келе жатқан жоба, «Сәбилерге туған ел шуағы», «Біз мектепке барамыз» тақырыбымен «Балдәурен» балабақшасында ұйымдастырылды.

Қайырымдылық акциясы барысында балабақша тәрбиешілері мен тәрбиеленушілері өз өнерлерін көрсетіп, балалардың жан-жақты білім мен тәрбие алып жатқандығын дәлелдеп берді. 

Акцияға облысымыздың 11 ауданынан балабақша жетекшілері мен әдіскерлері шақырылған. Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің бөлім жетекшісі Сәуле Жаманқұлованың айтуынша бұл облыстық акцияның мақсаты – балабақшалардың материалдық-техникалық базасын нығайту. Балаларды рухани адамгершілікке тәрбиелеу және жан-жақты дамыту. «Дәл бұл балабақшаны таңдаған себебіміз – «Балдәурен» балабақшасының ұжымы республика көлемінде өткен іс-шаралардан бірнеше рет жоғары орындар иеленіп, облысымыздың абыройын асқақтатқан болатын» - дейді Сәуле Жаманқұлова. Бүгінде 280 баланы мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етіп отырған балабақшада, 91 адам жұмыспен қамтылған. Бүлдіршіндер үшін ұйымдастырылған облыстық іс-шара республикалық акцияға үйлесті. Өйткені, іс-шара барысында республикалық «Нұр болашақ» мектепке дейінгі ұйымдар одағы, заңды тұлғалар бірлестігінің президенті келіп, өз қайырымдылығын көрсетті. Аталмыш бірлестіктің президенті Гүлжан Мақсұтова: «Егер болашағымыз жарқын болсын десек, бар мейірімімізді балаларға құюымыз керек. Ештеңеден, ешқашан қысым көрмей өскен баланың болашаққа деген сенімі мол болады. Сондықтан, біз Елбасы айтқандай, балаларымызды білімді, білікті қылып өсіруіміз керек. Біз өз тарапымыздан да республиканың әр түкпірінде осындай акциялардың өтуіне мұрындық болып келеміз және балалар үшін жасалатын акцияларымызды тоқтатпаймыз», – деп, мектепке аяқ басқан бүлдіршіндерге Астанадан алып келген мектепке қажетті құрал-жабдықтары мен сөмкелерін табыс етті. Сондай-ақ, балабақшаға қайырымдылық көмек ретінде түрлі-түсті принтер берді. Аудандық білім бөлімі басшысының атынан сөйлеген Гүлнар Қойшыманқызы балабақша ұжымына шығармашылық табыс тілеп, қайырымдылық көмек ретінде аталмыш бөлімнің атынан компьютер берді. 

Акцияға облысымыздың әр ауданынан келген балабақша жетекшілері мен тәрбиешілері, өз қайырымдылықтарын көрсетумен қатар, республикалық деңгейде жоғары көрсеткіштерге лайық болып жүрген «Балдәурен» балабақшасының тәрбиешілерімен, тәжірибе алмасу мүмкіндіктеріне ие болды. Акция соңында «Балдәурен» балабақшасының жетекшісі Гүлжан Байұзақова бізге берген сұхбатында, былай деді: «Бізде балаларды жан-жақты дамыту, бәсекеге қабілетті етіп дайындау үшін қосымша үйірмелер бар. Оның ішінде экология, он саусақ, қазақ елінің салт-дәстүрін таныту бойынша арнайы бөлмелерді де ашып отырмыз. Біздің мақсатымыз – сол бөлмелерді өз деңгейіне сәйкес жабдықтау, балалар қандай бөлмеде отырғандығын сезінуіне мүмкіндік туғызу. Сондықтан, қайырымдылық акциясынан түскен қаржыны сол үйірме бөлмелерін түрлендіруге арнаймыз деп жоспарлап отырмыз». 

"Балдәурен" балабақшасының әдіскері Зәуре Қартайғанованың айтуынша балалардың заманауи талапқа сай және жан-жақты білімді болып өсуі үшін, тәрбиешілер бойларындағы бар қуаты мен мейірімін аямай балабақшаның дамуына салып отыр. Нәтижесінде, аталмыш балабақшаның әдіскерлері облыстық байқаулардан үнемі жүлделі орындарды иеленуде. 

Шара соңында балабақша жетекшісі мен қызметкерлері облыстың білім басқармасының арнайы алғыс хаттарымен марапатталды.

Please reload

bottom of page