top of page

«Алтын белгі» иегерлерін марапаттады

Нұрбану КАМАЛ

20 маусым, 2014

Биылғы жылы ұлттық бірыңғай тестілеуде «Алтын белгіге» үміткер 38 оқушының 12-сі өз білімдерін дәлелдеді. Төртеуі – №39 орта мектеп – гимназиясының, бесеуі – №17 орта мектеп – гимназиясының, үшеуі – №5 орта мектептің түлектері. Осы аптаның сәрсенбісінде аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов ұстаздары мен ата-аналарының үмітін ақтап, мектеп мақтанышына айналған түлектерге «Алтын белгі» белгісін салтанатты түрде табыстап, ақ жол тіледі.

Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залына жиналған түлектер мен ата- аналардың, мектеп директорларының жүздерінде – күлкі, көңілдерінде – қуаныш. Шындығында, ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары көрсеткішке ие болу – мектеп ұжымының нәтижелі еңбегінің көрінісі. Ал, «Алтын белгі» иегері атану тек тынымсыз еңбектеніп, үздіксіз ізденіп, терең білім алған оқушының ғана қолынан келетіні белгілі. Сондай- ақ, «Алтын белгі» жас түлекке үлкен жауапкершілік жүктейді. Аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов пен аудандық мәслихаттың хатшысы Ілияс Ахметжанов «Алтын белгі» иегерлерін марапаттау рәсімінде түлектерге алдағы уақытта үздік студент атанып, білікті маман болатындарына сенім білдірді. 

«Құрметті оқушылар! Ертеңнен бастап, сіздер үлкен өмірге қадам басасыздар. Алдағы уақытта осы мектеп қабырғасында алған білімдеріңді пайдаларыңа жаратып, тек қана биіктерден көрінетіндеріңе сенім білдіремін. Қазіргі таңда әрбір мекемеге білікті маман өте қажет. Жоғары оқу орындарында да осы мектеп қабырғасындағыдай жақсы оқып, таңдаған мамандықтарыңның қыр-сырын терең меңгерсеңдер, елімізге қажетті білікті маман болатындарыңа шүбә жоқ. Сондықтан да, алға тек қана үлкен мақсаттар қойып, сол мақсат жолында тынбай іздене, еңбектене беріңдер! Әрдайым жұлдыздарың жарқырай берсін! Осындай білімді шәкірттер тәрбиелеген мектеп директорлары мен ұстаздарға алғыс білдіремін», – деді Бақтияр Бейсембайұлы. Аудандық мәслихат хатшысы Ілияс Ахметжанов жас өрендерге Абайдың «Өзіңе сен өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап» деген даналық сөзін басшылыққа алып еңбек етуді, ел-жұртқа адал қызмет етер атпал азамат болуды тапсырды. 

Кеуделеріне «Алтын белгілерін» тағып, ұстаздарымен, аудан басшыларымен естелік суретке түскен түлектердің көбі – болашақ заңгер, қаржыгерлер екен. Арасында болашақ журналистер де бар. Өз кезегінде біз де жас түлектеріміз қай салада, қай қалада еңбек етсе де отаншылдық пен ұлтжандылықты жанына серік еткен үлкен азаматтар болсын, дейміз. 

Please reload

bottom of page