top of page

Қандай мамандыққа деген сұраныс жоғары?

Дамира ЖАМБАЕВА

11 шілде, 2014

«Бізге қандай маман керек?» «Болашақта қандай мамандыққа деген сұраныс жоғары болады?» Бұл осы уақытқа дейін мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басқан жастар үшін қашанда өзекті болып келген мәселе. Ал, Қазақстан экономикасының қарқынды дамып келе жатқандығын ескерсек, еліміздің қоғамдық саяси өміріндегі өзгерістер мен ықпалдастық аясындағы үдерістер мамандығы бар адамдардың өздеріне қай салаға көбірек бейімделсек деген сауалды көлденең тартатыны рас.

Жалпы, қазіргі кезде мамандықты таңдаудың жолы жеңіл. Өйткені, интернетке кіріп, «қандай мамандыққа деген сұранысы жоғары» деп жазып қалсаңыз, барлығы көз алдыңызға әп-сәтте тізіліп шыға келеді. Тіпті, әлемдік деңгейдегі сұранысты анықтауға да жол бар. Меркі ауданында жастарға орта білім берумен айналысатын Асанбай Асқаров атындағы экономика және құрылыс колледжінің директоры Шұға Мұтаеваның пікірінше, балалардың бейімділігін есепке ала отырып, жастарды мамандыққа баулу бастауыш сыныптардан басталғаны жөн. Тікелей жастармен жұмыс жасайтын Шұға Мұтайқызы «Жастарға мамандықты насихаттау жұмысы өте төмен, тіпті жүргізілмейді деуге болады. Өйткені, 9-11 сынып оқушыларымен сөйлессең, олардың барлығы түгелімен институттарға барып түскілері келеді және олардан «кім боласың?» – деп сұрасаң, «юрист боламын, прокурор боламын, мұғалім боламын» деп жауап береді», – дейді. 

Осы сөзді негізге ала отырып біз 9 және 11 сынып оқушылары арасында арнайы сауалнама жүргізген болатынбыз. Оған Меркі ауданы бойынша 8 мектептен 613 оқушы қатысып, тиісті сауалдарға жауап берді. Жүргізілген сауалнаманың нәтижесінде 613 оқушының 440-ы мамандықтарын таңдап қойғандықтарын білдірсе, 134 ойланып жүргендігін, ал 39-ы мамандық таңдамағандықтарын жеткізген. Сауалнамаға қатысқан оқушылардың 159-ы бүгінгі күнге ең қажетті мамандық технолог десе, 116-сы заңгер, 85-і дәрігер, 84-і экономист, 20-сы мұғалім мамандығы деп көрсеткен. Жалпы, оқушылардың ойынша бүгінде 32 мамандыққа деген сұраныс жоғары екен. «Болашақта кім болғың келеді?» – деген сұраққа 89 оқушы дәрігер, 59 заңгер, 48 экономист, 31 мұғалім болуды қалайтындықтарын көрсеткен. Жалпы 53 мамандық таңдалған. Ал, 22 оқушы әлі кім болатындықтарын білмейді екен. 

Бұған қоса, біз алысқа бармай-ақ өз ауданымызда дипломы бар, бірақ жұмыссыз жүрген азаматтардың дені қандай мамандар екенін білу мақсатында, арнайы аудандық жұмыспен қамту орталығына да барған едік. Бір қызығы жұмыссыз жүргендер мен оқушылардың басым бөлігі таңдаған мамандық бір боп шықты. Меркі ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Бақытжан Иманбетов бізге берген сұхбатында: «Бізге жұмысқа кіруге тіркелетіндердің басым бөлігі жоғары оқу орындарын бітіргендер. Олар негізінен экономисттер мен қаржыгерлер және құқықтанушылар. Бүгінде жастар практикасы бойынша, 58 адамды жұмысқа орналастырдық. Осы 58 маманның ішінде 15-і қаржыгер, 6-уы экономист, 11-і құқықтанушылар. Техникалық мамандықтарды бітіріп жұмыссыз жүргендер біздің ауданда жоқ», – деді. 

Енді мынаны қараңыз?! Егер де біз жүргізген сауалнамамызды сараптасақ, ауданымызда дипломы бар, бірақ жұмыссыздардың санын көбейтетін мамандардың үлес салмағы тағы да артпақшы. Өйткені, респонденттердің ішінде техникалық, инженерлік мамандықтарды таңдағандар саусақпен санарлық қана. Сондай-ақ, Бақытжан Иманбетовтың: «2013-2014 жылдар аралығында көп мекемелерден түсетін сұраныстар, негізінен машинист-механизаторларға, ветеринар мамандықтарына болып отыр. Осы сұранысты қанағаттандыру үшін, біз былтырғы жылы 10 маман дайындадық. Оның бесеуі механик болса, бесеуі ветеринар маманы болды. Биылғы жылға да 10 ветеринарға өтініш түскен болатын, соның бесеуі қайта даярлау бойынша, сәуір айының бірінен бастап оқып жатыр. Олар үш айын оқып келгеннен кейін жұмысқа орналасады. Содан кейін биылғы жылы электр монтерларына деген сұраныс жоғары болып тұр. Сол сұраныс бойынша биыл 25 адамды Жамбылдағы колледждерге оқуға жіберіп отырмыз. Екі айдан кейін олар да оқуларын бітіріп келіп, жұмысқа кіріседі», – деді. 

Жалпы бүгінде құрылыстың қарқынды жүріп жатқан кезі. Ал, кәсіпкерлер сол құрылысты жүргізетін білікті мамандар жоқ екендігін айтуда. Яғни, біздің ауданда техникалық білімі бар мамандарға деген сұраныс өте жоғары болып тұр. Сөзіміз дәлелді болуы үшін біз «Айя Сервис» ЖШС- нің техникалық директоры Совет Қалманбетовпен де сұхбаттасқан едік. С.Қалманбетов өз сөзінде: «Бізге ең керекті мамандық, ол – механизаторлар. Бірінші кезекте бульдозерші мен эксковаторшылар және грейдершілер мамандары. Қазір осы мамандарды кәсіптік техникалық училищелермен келісім шартқа отыру арқылы оқытып алып жатырмыз. Бірақ, сол мамандарды дайындау үшін, кәсіптік техникалық училищелердің техникалық базалары жетіспей отыр. Яғни, онда толыққанды маман дайындалып шығады деп айту қиын. Әсіресе, грейдерші мамандығы, ауыр техника мамандарын дайындау ерекше тапшы болып тұр. Сондай- ақ, асфальт шығаратын зауыттың операторларын дайындау керек. Бұл тек біздің «Айя сервистің» басындағы мәселе емес, барлық құрылысқа қатысы бар, кәсіпкерлердің басты мәселелерінің бірі», – деді. 

Жастардың техникалық мамандықтарды таңдамауының бір себебі айлық жалақының аздығында шығар дейін десек, керісінше, техникалық дипломы бар мамандардың айлығы жоғары екен. Бұл турасында Совет Қалманбетов былай деді: «Бульдозер жүргізушілерінің айлықтары 70-80 мың, грейдер жүргізушілерінің айлықтары 90-100 мыңға дейін барады. Тиеуші-жүргізушінің айлықтары 60- 70 мың. Қазір бізге жетіспей жатқан мамандардың барлығының айлықтары өте жоғары. Бізде қазір барлығы механизацияланған. Сондықтан техникалық білімі бар мамандар өте қажет. Әсіресе, жол саласына, құрылыс саласына. Қазір барлығының оқитыны программист, экономист, бухгалтер, ал құрылыс саласына мамандар өте тапшы болып отыр». 

«Елімізде бүгінде білім беру бағытында сауатты сарапшылар аз емес, бірақ сол сарапшылар мен білім беру мекемелері өзара тығыз байланыста жұмыс жасағандары жөн. Өйткені, елімізде қажетті мамандарға деген тапшылықты азайту үшін, жастарды мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өндіріс ошақтарының жұмысымен таныстыра берген жөн. Яғни, мұғалім тарапынан болсын, ата-аналар тарапынан болсын, балалардың өндіріс орындарына барып, тікелей процесті көруі, болашақта жастардың мамандық таңдау жолында үлкен септігін тигізетін болады. Себебі, олар мамандықтың не екенін біліп өсулері керек. Олар білмесе, көрмесе, жәй ғана сөзбенен түсіндіру балалар үшін бағыт бола алмайды», – дейді Шұға Мұтайқызы. 

Бүгінде елімізде ең жоғары сұранысқа ие мамандықтарға сараптама жасаған мамандар, алдағы жылдары техникалық мамандықтар мен ағылшын және қытай тілін меңгерген мамандарға деген сұраныстың өте жоғары болатындығын көрсеткен. Өйткені, қазірдің өзінде еліміздегі барлық өндіріс саласында білікті және арнайы техникалық білімі бар мамандар жетіспейді екен.

Please reload

bottom of page