top of page

Құсбегілік – үлкен өнер, той-думан сәні

Бейбіт СЕРІКБАЙ

21 наурыз, 2014

Меркілік құсбегілер Наурыз мерекесінде өз өнерлерін ортаға салмақ. Көктем мезгілінің бірінші айында шығыс халықтары ғасырлар бойы тойлап келе жатқан Ұлыстың ұлы күні әз – Наурыз мерекесі де келіп жетті. Наурыз мерекесін әр халық өзіне тән салт-дәстүрлерімен қарсы алған. 

Ата – бабамыз «Самарқанның көк тасы еріген» Наурыз мерекесінде бір- бірімен төс қағыстырып, "наурыздан-наурызға аман-есен жете берейік" деген тілектерімен сәлемдесіп қауышқан. 

Наурыз мерекесінің сән-салтанатын ата кәсіп иелері құсбегілер де келтіріп баптап үйреткен бүркіт, қаршығаларын әкеліп, өз өнерлерін ортаға салған. 

Міне, осындай өнерді меңгерген бабаларымыздың қасиетті мұрасы, қастерлі кәсібі, әрі өнер мен ұлттық спорттың озық үлгісі болған саятшылыққа жан- тәнімен берілген құсбегі отбасы ауданымыздағы Жаңатоған ауылдық округіндегі Мыңқазан ауылында тұрады. 

Қыран құстарды он жылдан астам баптап, үйретіп, аңға салып келген Жалғас Әкімбеков салт- дәстүрлерімізді одан әрі жандандырып, дамытып құсбегілердің ынта, рухын көтеруге көп үлес қосуда. 

Құсбегілік өнері ұлтымыздың ұрпақтан- ұрпаққа өтіп, бүгінгі күнге жеткен дәстүрлі кәсібіміздің бірі. Сондықтан, оны атадан қалған асыл мұра ретінде сақтағанымыз абзал. 

Саятшылық – таңғажайып өнер, қыран құстарды қолға түсіріп, балапан кезінен үйретіп дайындаудың өзі шыдамдылықты қажет етеді. Бүркіт, қаршыға т.б. сынды қыран құстармен сауық-сайран құрудың өз қыры мен сыры бар және ол үлкен тәжірибелікті қажет етеді. 

Ата-бабаларымыз сонау ерте заманнан қыран құстарды баулып, аңға салып, қиын-қыстау заманда аулаған аңдарымен бір ауылды асырап келген. 

Сондай-ақ, осындай ата жолын қуып кәсіп еткен құсбегі Ж.Әкімбеков бүгінде өз шәкірттерін де осы өнерге үйретіп жүрген облысымыздағы азаматтардың бірі де, бірегейі. Ұлттық спортымызды дамыту үшін осы орайда аудан әкімдігінің спорт бөлімі №18 спорт мектебінің жанынан құсбегілік үйірмесін ашты, онда Ж.Әкімбеков 20-дан аса баланы ұлттық өнерімізге баулуда. 

Ж.Әкімбековпен кездесіп құсбегілікті қалай, кімнен меңгердің? – деп сұрағанымызда, «Мен жас кезімнен табиғатты, аң-құсты жаным сүйетін, – дейді ол, – Мыңқазан ауылының тұрғыны болған атамыз Жақыпбек Нысанбаев ертеден бүркітші еді, саятшылыққа шығып тұратын. Содан 5-6-сыныпта оқып жүргенде сол атамыздың өнеріне тәнті болып, тәрбиесін алып, құсбегілікті үйрендім. Көк қыраны бүркітті қолыма көтергелі 7-8 жылдың шамасы болды. Қыран құстың сырын тану, тілін біліп, оны жетілдіріп, ырқыңа көндіріп, айтқаныңды істету, баптау оңай жұмыс емес». 

«Қыран құс түлкі аулайды салса баптап» деп Абай атамыз айтқандай қансонарда Жалғас та саятқа шығып, тазы иттері және бүркітімен түлкі, қоян, балалары Бақдәулет пен Серікболсын қаршығаларымен үйрек, қырғауыл алдырып, қыран құстарын үнемі бабында табиғатпен үндестіре бағып-баптауда. 

Ең таза ата кәсіпті жаңғыртып келе жатқан Ж.Әкімбеков құсбегілер жарысында әділқазылар тек қыран құстардың бабына ғана емес бүркітшілердің ұлттық киім үрдісіне, аттың ер-әбзелі мен бүркітшілердің жабдықтарына дейін сынап баға беретіндігін айтады. Жерлес құсбегі мен шәкірттерінің бұл өнерде жеткен жетістіктері зор. Сонау Монғолиядағы Баянөлгей өлкесінде, Астана, Қарағанды, Қызылорда, Тараз, Шу, т.б. қалаларда өткен жарыстарда жеңімпаз, жүлдегер атанып келуде. Аудан әкімі Б.Көпбосынов аудан спортшыларымен кездесіп, 2013 жылы спортшыларымыздың жеткен жетістіктерін саралап, құрмет көрсеткенде Ж.Әкімбековті «Алғыс хатпен» марапаттады. Бұл ұлттық спортшылардың алар асуы әлі де алда, сондай-ақ, әлемдік деңгейлерде де осы өнердің шоқтығы биік болатыны уақыт еншісінде.   

Please reload

bottom of page