
Меркіде жекпе-жектен республикалық жарыс өтті
Айдар ОСПАНАЛИЕВ
30 сәуір, 2014
Өткен аптада ауданымызда алғаш рет жекпе-жек спортынан республикалық деңгейдегі жарыс өтті. Аталмыш бәсеке өз заманының көрнекті қайраткері, Абылай ханның серігі болған, Ботпай руынан шыққан әйгілі батыр Жауғаш Қырбасұлын еске алуға арналды. Үлкен аренада пайда болғанына көп бола қоймағанына қарамастан, жекпе-жек қалың көпшіліктің ерекше қызығушылықпен тамашалайтын спорт түріне айналған. Сондықтан да болар, жарыс өтетін күні оны тамашалауға жиналған қауым санында шек болмады. Оның үстіне кезіндегі кикбоксинг пен ушу-санда спортынан КСРО-ның шебері, жекпе-жектен әлемнің 9 дүркін чемпионы, Қазақстанның жекпе-жек федерациясының президенті Сабыржан Махметовтың қатысуы жарыс көрігін қыздырды десе болады.
Жекпе-жек жарысын Меркі ауданы әкімінің орынбасары Қамбар Смайлов ашты. «Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы халыққа жолдаған Жолдауларында спорт саласына ерекше мән береді. Биылғы жылы да Елбасымыз республика халқын спортпен мейлінше көбірек айналысуға шақырды. Сондай-ақ спорттың мемлекетіміздің ең басты құндылығы – азаматтардың денсаулығын нығайтуға септігін тигізетінін ескерсек, бүгінгідей шаралардың ел болашағы үшін қаншалықты маңызды екендігін бағамдай беруге болады. Ал бүгінгі жарысқа қатысушы азаматтар кешегі елін, жерін жан аямай қорғай білген Жауғаштай батыр бабаларымыздың ізбасарлары деуге болады. Сондықтан бүгінгі бәсекеге қатысушылардың барлығына сәттілік, жеңіс тілейміз» – деді аудан әкімінің орынбасары (ортаңғы суретте).
Өз кезегінде Жамбыл облысы әкімдігінің денешынықтыру және спорт басқармасының ұлттық спорт түрлері бөлімінің басшысы Назарбек Әжібекұлы Ізімбетов қалың көпшілікті жекпе-жектен ересектер арасындағы республикалық турнирінің ашылу салтанатымен құттықтады. Облыстан келген өкіл өз сөзінде Жауғаш батырдың ерлік істері мен оның жүріп өткен жолы, адами қасиеттері туралы қысқаша баяндады. Оның сөзінше, Жауғаш батырдың есімі алғаш рет Жамбыл облысының Меркі ауданындағы ауылға берілген. Батырдың ер-тұрманы мен қару-жарақтары аудандық өлкетану музейінде сақталған. «Ал жекпе-жекке келетін болсақ, кезінде ата-бабаларымыздың жаугершілік заманында жаумен бетпе-бет келгенде екі жақтан екі батыр шығып, айқасқа түскен. Міне, сол уақытта батыр бабаларымыздың қолданған әдіс тәсілдері бүгінде жекелеген спорт түрлеріне айналған. Сол спорт түрлері қазір қайта біріктіріліп, жекпе-жек деген атауға ие болды және қалың көпшілік тарапынан өзінің қолдауына ие болып, жанкүйерлер ең көп тамашалайтын спорт түріне айналды. Бүгінде аталмыш спорт түрімен айналысып жүрген жеткіншектер Қазақстанда да аз емес. Олар әлі талай дүбірлі додаларда қазақ халқының рухын көтеріп, айбынын асқақтатады деген ойдамын», – деді бөлім басшысы.
Жарыстың ашылу салтанатында КСРО-ның спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Кеңес Одағы Әуе десанты әскерінің үш дүркін абсолютті чемпионы, ережесіз жекпе-жектен 9 дүркін әлем чемпионы, КСРО-ның кикбоксинг және ушу- санда спортының іргетасын қалаушы – Сабыржан Махметов сөз сөйледі. «Қазақ халқы ылғи да бірін-бірі ағайын, дос санап, ауызбіршілікте өмір сүруі қажет. Ал Қазақстанның болашақ жастары спортпен айналысып, зиянды әдеттерден аулақ болып, өздерін ұлы даланың батырларының ізбасарлары екендігін көрсетулері керек. Мен соған үміт артамын», – деген ұлағатты сөздерін жолдады.
Жарыстың ашылу салтанатында, Меркі ауданындағы «Жауғаш батыр» қорының төрағасы Зауытбек Сансызбаев, Өсімжан Омаров, Нұрбол Мамырбаев бастаған Жауғаш батырдың ұрпақтары өздеріне мұра етіп қалдырған, кезінде Абылай хан Жауғаш бабамызға тапсырған туды көпшіліктің алдына алып шығып, ел азаматтары қасиетті туды көрді (жоғарғы суретте). Аталмыш салтанатты рәсім спортшы жастардың жігерін жанып, жеңіске деген ынта-ықыластарын арттырғаны сөзсіз. Бұны салтанатты рәсімнен соң басталған жекпе-жектердің ерекше тартысты өткенінен-ақ байқауға болатын еді. Әрине, спорт болған соң онда түрлі қиын жағдайлар да болады. Ал жекпе- жек алдында атап өткеніміздей көптеген спорт түрлерінен құралған өнер. Мұнда ұрыс өнерінің сан түрлі әдіс-тәсілдерін қолдануға болады. Сол себепті жекпе- жек барысында бас та, қас та жарылды. Қолы сынып, есінен танып жатқандар да болды. Иә, бұл шын мәнінде тек нағыз ержүрек азаматтарға тән спорт түрі болатын. Сондықтан жарыс өтіп жатқан залда нәзік жандыларды кездестіру мүмкін емес те еді. Осылайша 27-сәуір күні аудан халқын дүрліктірген айтулы жарыс күн бата бірақ аяқталды.
Жарысқа Астана, Алматы қалалары мен Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарынан барлығы 12 команда қатысты. Олардың құрамында 75 спортшы бар және олар 55 пен 95 келі арасындағы 9 салмақ дәрежелері бойынша сынға түсті. Солардың арасында командалық есеп бойынша, «Алаш прайд» командасы 1-ші орынды, «Әлем файтер» командасы 2-ші орынды, «Бекнар» командасы 3-ші орынды жеңіп алды. Бұлардың барлығы да Алматы қаласының жекпе-жек өнері клубтарында жаттығып жүрген азаматтардан жасақталған командалар болатын. Тараз командасына 4-ші орын бұйырды. Ал 5-ші орынға мұндай ірі бәсекеде алғаш рет өнер көрсетіп отырғандықтарына қарамастан, барынша намысқа тырысып баққан, меркілік спортшылар табан тіреді. Айта кетейік, ауданымыздан республикалық турнирде барлығы 7 спортшы өнер көрсетті. Олар: Жамал Батчаев, Сағыныш Әбдірамбеков, Диас Оспанов, Арас Гасанов, Елдос Байбабаев, Бақытжан Үмбетов, Замир Расулов. Осы азаматтардың ішінде 80 келі салмақта Ж.Батчаев 1-ші орынды, 60 келі салмақта С.Әбдірамбеков 3-ші орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, республикалық турнирге қатысқан меркілік спортшылардың барлығы ауданымыздағы Нұрлан Жарашуев пен Нұғман Баубековтың жетекшілігімен «Аула клубтары» жүйесінде жаттығып жүрген жастар екендігін айта кету керек.
Ескерте кетерлік жаңалық – осы күні еліміздің жекпе-жек федерациясының президенті Сабыржан Махметов бүгінгі жарыстың ұйымдастырылуына ұйытқы болған меркілік Нұрбол Мамырбековке Қазақстанның жекпе- жек федерациясының вице-президенті куәлігін табыс етті. Сондай-ақ, осы жарыстың ұйымдастырушыларының бірі – Бағдат Ахметов Меркі аудандық жекпе- жек федерациясының президенті болса, самбо және қазақ күресінен көптеген халықаралық дәрежедегі жарыстардың жеңімпазы Нұрлан Жарашуевқа жекпе- жектен аудандық федерацияның вице- президенті куәлігі табыс етілді.




