top of page

Облыстық «Қазақстан барысы» турниріне қатысатындар анықталды

Бейбіт СЕРІКБАЙ

30 сәуір, 2014

Тәуелсіздікке қол жеткізіп, еліміздің экономикасы өркендегелі бері қазақстандықтар салауатты өмір салтын ұстануға бет бұрды. Үкімет тарапынан көптеген қолдаулар көрсетіліп спорт саласында үлкен жетістіктерге қол жеткіздік.

Ұлттық спортымыз қайта жаңарып, ата-бабаларымыздан мирас болып қалған ұлттық ойындардан жарыстар әлемдік деңгейде ұйымдастырылуда. Атақты Балуан Шолақ, Қажымұқан аталарымыз, т.б. сынды қара күш иелері меңгеріп, дүбірлі додаларда өз өнерлерін паш еткен қазақ күресі кеңінен қанатын жайып, бүгінде дүниежүзіне әйгілі болуда. Елімізде «Қазақстан барысы» турнирі өткізілгелі бері ұлттық спортымыздың бұл түрімен айналысамын деген жастарымыздың саны еселене түсті. Біздің ауданымызда да бұл үрдіс байқалуда. Өткен аптаның сейсенбісі күні Меркі ауылдық округінде ашылған «Аула клубында» Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін Қазақ күресінен «Қазақстан барысы» облыстық турниріне қатысу жолдамасы үшін ересектер арасында Меркі ауданының іріктеу жарысы ұйымдастырылды. Осы жарыста жеңімпаз атанған балуандар облыстық турнирге қатысып, онда да жеңіске жетсе, Астана төрінде Республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде белдесу құқығына ие болмақ. 

«Аула клубында» өткен аудандық жарысқа барлық ауылдық округтерден 40-қа жуық спортшы бақтарын сынады. Балуандар 55, 60, 70, 80, 90, +90 келі салмақ дәрежелерінде күш сынасты. Ал, әр қазақтың делебесін қоздыратын Түйе балуан атағына ие болу үшін бұл жарыста барлық бағын сынағысы келген спортшылар жазылып, боз кілемде өз шеберліктері мен өнерлерін көрсетті. Жарыстың нәтижесінде 55 келі салмақ дәрежесінде 1-орынды Т.Оспанов, 2-орынды М.Асан, 3-орынды Е.Әділбеков пен И.Алжанұлы, 60 келіде 1-орынды А.Тұрсын, 2-орынды Е.Абдранбеков, 3-орынды А.Сағындықов пен Е.Байбабаев жеңіп алды. Ал, 70 келіде 1-орынды Б.Үмбетов, 2-орынды Т.Насредин, 3-орынды О.Омаралиев және Б.Агинсаргау иемденді. 80 келі салмақта 1-орынды Е.Алданов, 2-орынды А.Қожамқұлов, 3-орынды Е.Дүйсенқұл мен Д.Айдос ұтып алды. Ауыр салмақ 90 келіде 1-орынға Е.Нұрпейісов, 2-орынға А.Нұрғалиев, 3-орынға Р.Алжанбаев пен К.Есенбек көтерілсе, +90 келіде 1-орынды М.Көбелеков жеңіп алды, 2 орынды Ж.Тұрғыналиев, 3-орынды Ж.Батчаев пен Б.Нұрғалиев иемденді. Дүбірлі доданың Түйе балуаны атағын Ж.Тұрғыналиев жеңіп алса, бұл сайыста 2-орынды М.Көбелеков, 3-орынды Ж.Батчаев ұтып жарыстың жүлдегерлері атанды. 

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер тиісті дәрежедегі диплом, медальдармен марапатталса, Түйе балуаны атану үшін күресіп жеңімпаз, жүлдегер атанған балуандар сондай-ақ, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Айта кетерлігі бұл жарыста «Аула клубының» жаттықтырушылары Н.Жарашуев пен Н.Баубековтің шәкірттері үздік өнерлерімен ерекшеленіп, төртеуі 1-орынды, екеуі 2-орынды, төртеуі 3-орынды жеңіп алды.

Please reload

bottom of page