
Уақтылы суғару – өнімді сақтап қалудың негізгі шарты
Бақтыбай АБАЙ
09 шілде, 2014
Ағын судың жетіспеушілігі – ауданда ауыл шаруашылығының басты проблемаларының бірі болып қалып отыр. Үстіміздегі жылдың қуаңшылығы жағдайды күрделендіре түсті.
Жалпы негізгі су көздері Меркі, Аспара өзендері арқылы таудан ағып келіп жатқан су едәуір азайды. Мәселен өткен жылы Меркі өзенінде су мөлшері 6-7 текше метр (секундына) көлемінде болса, бүгінде ол екі есе аз. Аспара өзенінде де су жетімсіз. Соңғы кезде үлкен алаңдаушылық туғызған бір жағдай – Үлкен Шу арнасы (каналы) бойынша қырғыз ағайындардың суды тиісті мөлшерде бермей қойғаны.
Жағдай осындай болып тұрғанда әр литр суды шаруақорлықпен пайдалану қажеттігі айтпаса да түсінікті. «Меркі тәжірибе шаруашылығы», «Жеміс- жидек», «Сыпатай батыр», «Тілеміс батыр» серіктестіктері, «Ләйлебек», «Агрокомплекс» (Жамбыл ауылдық округі) шаруа қожалықтары, «Ақарал» өндірістік кооперативі, «Гүлдер» шаруа қожалығы (Ақарал ауылдық округі) сияқты шаруашылықтар суғару науқаны басталысымен дақылдардың күтімін кемітпеуге баса көңіл бөлуде. Яғни бөлінген суды орнымен пайдаланып ысырабына жол бермеуге күш салынуда. Тәжірибе шаруашлығы 250-300 литр (секундына) су алып, бау-бағын суғарса, «Сыпатай батыр» серіктестігі диқандары да осындай мөлшерде бөлінген сумен жүгері мен қант қызылшасының күннен- күнге өсіп, жетіле түсуіне қол жеткізуде. Айта кету керек судың аздығынан ол бұл шаруашылықтарға қажеттілігінен екі еседей аз мөлшерде берілуде.
Суды ретпен бөлудің бір жолы – су шаруашылығы мекемелерімен келісіп, келісім шарт жасасып пайдалану.
– «Аспара» мемлекеттік кәсіпорнымен өткен жылы 27 шаруашылық осындай мәміле жасаса, биыл олардың саны 40-қа жетіп отыр, – деді осы мекеме басшысы Айдын Сансызбаев.
Әрине күні бұрын келісіп, алдын-ала ақының бір мөлшерін төлеп қойса тұрғындар да суды кезек ретімен ала алады.
Ауа райы ыстық, су жеткіліксіз болып тұрғанда оны ұрлап пайдаланғысы келгендерге не жорық. Меркі, Жамбыл ауылдарының жоғары жағында Чон каналы бойынша – Ақарал – Ақтоған бағытында осындай келеңсіз көрініске жол беріліп қалуы өкінішті-ақ.
Соңғы жылдардағы ауа райы, құрғақшылықтың жиірек орын алып бара жатуы шындығында дүниежүзі бойынша климаттың жылынып бара жатқандығын аңғарта түскендей. Аспара, Меркі өзендері бастау алатын мәңгі мұздықтар еріп кетті. Ендігі үміт тау суын жыл бойы жинап көбейтіп пайдалануда.
Қиындықтан шығудың сенімді жолы біраздан бері әңгіме болып келе жатқан үлкен жаңа су қоймасын салу. Бас жоспар бойынша 50 млн текше- метрге дейін су жинай алатын бұл қойма құрылысы 2016 жылы басталып, 2019 жылы игілікке жарай бастайтын түрі бар. Оған дейін әлі біраз жылдар бар. Демек әзірге қолда бар суды үнемді пайдалана тұруға тура келеді.
Мемлекет басшысы «Қазақстан – 2050» Стратегиясында «... еліміздің су ресурстарына қатысты жаңа саясат тұжырымдау қажет. Ауыл шаруашылығы мұқтаждығы үшін бізге аса көп су көлемі қажет», – деп көрсете келе мұнда озық тәжірибелерді мұқият зерделеп, оны біздің жағдайымызда пайдалануға назар аударды. Яғни ылғал үнемдейтін тәсілдер ауданымызда қолға алына бастағанына әлденеше жыл болса да көбірек пайдаланудың, сәті түспей келе жатқан тамшылатып суғаруға кең жол ашқан мақұл.
Ал, әзірге биылғы жылдың өнімінің қамын ойласақ, жаз ыстық, құрғақтау болатын сыңайлы. Осыған қарай ауыл шаруашылығы дақылдарын бар суды жөнімен пайдаланып, уақтылы ылғалдандырып отырсақ қана шығынды ақтар түсімге қол жеткізе аламыз.

Аспара өзені (суретте) бойында өткен мемлекетаралық кездесуде суды дәл бөлу мәселесі шешілді

"Сыпатай батыр" серіктестігінде ауылшаруашылығы дақылдарын суғаруда жылда жаңбырлатқыш кеңінен пайдаланылады.


