
Аршаларды сақтап, алаңқайларды гүлдендірейік
Бақтыбай АБАЙ
11 шілде, 2014
Жақсыдан – шарапат. Өнегелі іс көптің игілігіне айналуымен өркенді. Астана күніне орай көз қуанышымызға айналған ғаламат шаһардың көркіне қайта бір көңіл тоқтатып, сүйсіне түскеніміз сөзсіз. Елордамыз басқа аймақтардың, қалаларымыздың жаңаша дамуының үлгісіне, эталонына айналды.
Оның ішінде біздің аудан да Астанаға қарап бой түзеп, абаттана, еңселене түсуге ұмтылса тек ұтқанымыз. Меркіде, орталық Ә.Ысмайылов көшесінің бойы көгеріштендіріліп, гүлзарлар жасалып, үлкен қаладағыдай түрлі нәркес те нәзік гүлдер көшіріліп әкеліп, егіліп қойғандай әсер қалдырады. Жай ғана егіле салмай, ұлттық ою- өрнектеріміз қалпында (суретте) орын тепкеніне бек риза боласың.
Көгеріш-гүлдерімен әсемдік әлемінен сыр тартқызғандай мұндай көріністер елді мекендерімізде көп болмаса да баршылық. Жекелеген үйлер жанында, алаңқайларында үшкір конустай қалыпқа келтіре бұталып, көз тартып тұрған аршалар, табиғи әсем қоршаулар, айнала жарастықпен үйлесіп, жан сергітер раушан гүлдері тазалыққа, сұлулыққа шақырып тұрғандай.
…Меркіде Қонақбаев көшесінен өтіп бара жатып ескі танысымның үйіне, айналасына еріксіз көз түседі. Неше түрлі гүлдер, өскіндер жарасты өмір сырын шертіп, пышақ жанығандай кескін-келбетін қыс түскенше сақтайтын әсемдік ағаш қоршауы тәнті ете түседі. Көшенің, ауланың көркін келтіріп тұрған мұндай көрініс оңайшылықпен келмейді. Үй иесінің әуестенген ісін үлкен ыждағаттылықпен, бұдан үлкен ләззат ала атқаратындығы айтпай аңғарылып тұрады.
Табиғатты, айнала үндестік пен жарастықты бағалай білер, бағалап қана қоймай, оның парқын асыра түсуге менің ескі танысымдай үлес қосқан азаматтар көп болса екен деп тілейсің.
Осындайда, Астана күніне орай теледидардан берілген хабар ойға оралады. …Елбасы мінген ұшақ Елорда маңының үстінен ұшып барады. Төменде қатар-қатар егілген ағаштар тұтасып орман алқабын түзген. Нұрекең жұртшылықпен, журналистермен жүздескенде осындай игілікті істердің маңызын айта келе айнала егілген ағаш әрбір қаланың, елді мекеннің, тіпті әрбір үйдің байлығы, деп түйіндегені әрқайсымыздың жүрегімізге жақын пікір.
2020 жылға дейін бас қаламыздың айналасында жылына қаншама тал-дарақ, көгеріш егу жоспарланыпты. Жел ұйытқып, құмдақ сапырған сайын дала жасыл желекке айналмақ.
Меркімізді де осындай ертеңімізбен еңселенген көңіл ауанында көргіміз келеді. Жалпы жұртшылық болып «Таза су», басқа да ұйым- мекемелер болып ауданымызды абаттандыру мақсатында біраз жұмыстар атқарылуда. Көктемде көріктендіру айлықтарында мыңдаған көшеттер егілгені жайында ауылдық округтер есеп беріп жатады.
Бір өкініштісі олардың едәуір бөлігі өніп кетпей, өнсе де кейін қурап, қаншама еңбек, қаржы зая кетіп жүр. Өйткені, көркейту, көгеріштендіру айлықтары кезінде іске жұмылған адам көп болғанымен кейін бұл ағаш өскіндерді күтімдейтіндер аз, суғаруға ағын су жетпей, бармай жатады. Жыл сайын өтетін көріктендіру айлықтары кезінде егілген көшеттердің ең құрымаса тең жартысы түптеніп, өсіп кетсе, Меркінің іші-сырты әлдеқашан орманға айналар еді. Яғни, біз әлі де бір күндік тірлік, науқангершіліктен толық арыла алмай отырғандаймыз.
Өткен жылы Меркіде Қ.Сарымолдаев, М.Мәметова көшелерін бойлай, бір жағына аршалар отырғызылды. «Таза су» мекемесі басында оларды суғарып, өз күтімдеріне алды. Қ.Сарымолдаев көшесінде әр жерде қоршау орнатып, гүл еккендері де көпшілікті қуантқаны анық. Бірақ осы аршалардың, гүлзарлардың біразы көркінен айырылып, тіпті қурап қалғандары да бар (астыңғы суретте). Себебі, биылғыдай ыстық жазда сусап тұр. Әттең дейсің іштей, уақтылы, жеткілікті суғарып қойса жасыл желектер түгел жап-жасыл кейпін сақтап, көз қуанта берер еді-ау.
Жалпы сападан гөрі сан қуған көсегені түпкілікті көгерте қоймайды. Еккеніңіз неге одан әрі өніп, өсіп кетпеді дегенге көп жерде жауап біреу. Күш жетпеді, су жетпеді, техника аз, – дейді. Мүмкіндіктердің бәрі ескеріліп, жұмыс соған қарай атқарылса оның сапасы да, нәтижесі де болар еді.
Көріктендіру айлықтары кезінде біз рейд, тексерулерді көп жасаймыз. Содан соң егілген ағаш, көгеріштердің жағдайы қалай екендігін мезгіл-мезгіл қадағалап, аралап көрмейміз.
«Балапанды күзде санайды», – дейді. Игі іс басталғанымен емес нәтиже жемісін бергенімен құнды. Сондықтан көгеріштерді сан қумай, аз ексек те саз егейік. Қалған аршаларды әлі де болса сақтап, алаңқай, аула, көше бойларын гүлге, жасыл желекке айналдыруға жұмылайық. Тек «Таза су» мекемесі ғана емес, әрбір отбасы өз көшесі бойындағы тал, көгеріштердің қурап қалмауына қамқор болып жатса тіпті де нұр үстіне нұр.



