top of page

Ағаш – сая, ортақ байлығымыз, жөнсіз кесу – қаскөйлік

Бақтыбай АБАЙ

13 тамыз, 2014

Жақында аудандық газеттің тұрақты оқырмандарының бірі қоршаған ортаға зиян келтіріп, қоғамның ортақ байлығын жеке бас пайдасына жаратқысы келгендерді әшкерелеп жазуды сұрап, редакцияға келді. Жұртшылық болып көңіл бұратын мәселе болғандықтан біз оның жанайқайының қысқаша мазмұнымен оқырмандарымызды да таныстыра кеткенді жөн көрдік.

«...Ауданымызда соңғы кездері сырттан келген белгісіз жас жігіттер ешқандай рұқсатсыз қарағаштарды, емендерді кесіп жүр. Ойтал ауылындағы саябақта екі еменді кесіп тастаған осындай адамдарды ұстадық. Ауданға мемлекеттік нөмірі Н 837 ВВ жеңіл автокөлікпен келген. Ешқандай рұқсатсыз емендерді кесіп, 800 мың теңгедей зиян келтірді. Емен бағалы, ауданда сирек кездесетін ағаш түріне жатады. Жат әрекетке барғандар аты-жөнін айтудан бас тартып, тайып тұрды. 

Аудан орталығында бұрынғы ескі православ шіркеуінің қасында 200 жылға жуық өсіп тұрған жуан үш қарағашты тағы бір белгісіз адамдар қанша адамның көз алдында, күндіз-ақ кесіп құлатқан. Мініп келген көліктері «Мицубиси» маркалы, нөмірі Н 523 РСМ, аты-жөндерін жасырды. 

Екі жағдайда да көліктерінің нөмірі белгілі. МАИ арқылы тауып ұстауға болады. Әрі қарай аудан прокуратурасы арқылы қылмысты іс қозғалып шара қолданылса, тіпті де, оң болар еді. 

Бір адамдар жеке пайдасы үшін қоғамға зиянын тигізіп жатса, екінші біреулері игі іске сеп болуға әзір тұрады. Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары маған мынадай тілектерін айтты. Көшелерге, үйлерге құлайын деп, қауіп тудырып тұрған ағаштарды келісіп кесіп, орнына аққайыңның, шыршаның, тағы басқа ағаштардың жас көшеттерін егіп бермек. Бұл ұсынысты аудан әкімі Б.Көпбосыновқа да айттым. Ол қолдады...

 

Арип Марипов,

өзбек ұлттық-мәдени

орталығының хатшысы». 

 

Хаттың қысқаша мазмұны осындай. Бір айта кетерлігі Арип шіркеудің жанындағы ағаштың кесіліп жатқанын автокөлікте кетіп бара жатып көрген. Жаны ашымас басқа біреу байқап қалса «менің ағашым емес, не жұмысым бар» деп жолынан қалмай кете берер еді. Ал, Арип көліктен түсе қалып қоғамдық құндылығымызға араша түскен. Осындайда мұндай адамдар көп болса екен деп тілейсің. 

Ағаш – көгеріш, оттегінің көзі де. Құрылыс салынады деп кесіліп, сол маңға ешнәрсе егілмей жатқандары да бар. 

Тауда Ақтікен мен Молалы аңғарларының арасында қаншама гектар жайылым, қаншама түп бұта, тал жуырда болған өрттен жанып кетті. Кездейсоқ оқиға болды деп өкінеміз. Ал, тапа-тал түсте ауылдың ортасында, аудан орталығында талдарды рұқсатсыз кесуге неге жол береміз?! А.Мариповтың көтерген мәселесі бәрімізді ойлантып, құқық қорғау орындары араласып, тиісті шаралар қолданылғаны жөн.

Please reload

bottom of page