top of page

Жыр алыбы – Жамбылым

Нұрбану КАМАЛ

22 қаңтар, 2014

Атадан балаға мұра боп келген айтыс өнеріне жас ұрпақты баулып, талаптылардың арасынан таланттыларын тану, оларды шыңдап, аламан бәйгеге қосу – сөз өнерінің жанашырлары үшін қастерлі міндет. «Үміт» балалар мен жасөспірімдер сарайының «Айтыс – қазына» үйірмесі осы міндетті жүзеге асыру мақсатында бірнеше жылдардан бері жұмыс істеуде. Өткен аптада «Үміт» сарайында үйірме жетекшісі Фатима Манатованың ұйымдастыруымен «Жыр алыбы – Жамбылым» атты аудандық оқушылар айтысы өтті.

«ХХ ғасырдың Гомері» атанған аңыз ақын – Жамбылды жырларына арқау ету мақсатында келген 16 оқушы жұп-жұпқа бөлініп айтысты. Туған жер, Отан, Тәуелсіздік тақырыптарына да бойлаған балғын айтыскерлердің арасында сөз өнеріне енді ғана қадам басқан оқушылар кей тұстарда жаттандылыққа бой алдырғанымен, бірқатар оқушылар кәнігі айтыскерлерге тән өнер көрсетті. 

Алғаш болып сахнаға шыққан №22 орта мектептің оқушысы Елдар Жанұзақ пен №14 М.Жылысбаев атындағы орта мектептің оқушысы Сымбат Тоқтағұлдың айтысы әдемі әзіл, мазмұнды ойлармен өрнектеліп, сөз сайысы жоғары көңіл-күймен басталды. №9 Савва атындағы орта мектептің оқушысы Сәндібек Пренов пен №12 орта мектептің оқушысы Аида Таңаттың айтысында әуезді ән мен домбыраның күмбірлеген үні көрерменге ерекше әсер етсе, үшінші жұп – №22 орта мектептің оқушысы Дулат Әбдіманат пен №39 орта мектеп гимназиясының оқушысы Зухра Акимовалардың айтысы өте тартысты өтті. Бірнеше жылдардан бері аудандық айтыстарда жүлделі орындарды иеленіп, облыстық додаларда бақ сынап жүрген бұл оқушылар тақырыпты тереңнен қозғап, тарихқа да шолу жасады. «Өзім деп келген әпкеңнің, өзегінен теппегін» деп бауырмалдық танытқан қарсыласына Дулат: «Қыздардың ішіндегі асылысың, бұл жерде сөзді өзіңнен кім асырсын?» деп ілтипат танытты. Айтыс өнерінің басты шарты болған тапқырлық пен суырыпсалма өнер екі айтыскердің де бойынан табылды. Сондай-ақ, №3 орта мектептің оқушысы Жансейіт Мыңбай мен №39 орта мектеп гимназиясының оқушысы Алина Жетігеннің айтысы да қызықты өтті. Әдемі даусы, ұтымды ойларымен тыңдарманын баурап алған Жансейітке өткір де, батыл жырларымен лайықты қарсылас бола білген Алина өзінің жаңа мектебі, мемлекет саясатының игіліктері туралы да жырлады. Бұдан соң өнер көрсеткен №13 орта мектептің оқушысы Архат Мүсірепбек, №28 орта мектептің оқушысы Наурыз Жұмахан, №17 ОМГ-ның оқушысы Назерке Темірболат, №28 ОМ оқушысы Абылай Берді, №1 орта мектептің оқушысы Ару Қаржаубай, №30 орта мектептің оқушысы Айғазы Әлім, №23 орта мектептің оқушысы Нұрлытаң Орынбасарлар да жақсы өнер көрсетті. 

Сайыс екі кезеңде өтіп, финалға шыққан оқушылар, өзара айтысты. 

Қазылар алқасының шешімімен №39 ОМГ оқушысы Зухра Акимова бас жүлдеге ие болып, №22 орта мектептің оқушысы Дулат Әбдіманат І орын иегері атанды. Ал ІІ орынды №39 ОМГ-ның тағы бір талантты қызы Алина Жетіген мен №3 орта мектептің оқушысы Жансейіт Мыңбай өзара бөліссе, ІІІ орынды №1 орта мектептің оқушысы, ауданымызға танымал ақын Бейбіт Шошабаевтың шәкірті Ару Қаржаубай мен №22 орта мектептің оқушысы Елдар Жанұзақ иеленді.

Please reload

bottom of page